Таяуда су астындағы қонақүйлерге көз жүгірткен болатынбыз. Ал су үстінде қонақүй салу мүмкін бе?!
Golden Palm Tree Sea Villas, Малайзия
Куала-Лумпурдан оңтүстікке қарай таңғажайып шипажай орналасқан. 392 жеке вилла айдын үстінде салынған. Бұл әлем бойынша су үстіндегі ең ірі шипажай. Golden Palm Tree Sea кешені өткен жылдың соңында салынған. Әр бунгало жаңа техникамен жабдықталған. Кешенде тұрақтану екі кісі үшін тәулігіне 165 долларды құрайды. Бұл төлем ішіне үш уақыт ауқат пен бар ішімдіктері кіреді.
Coral Lodge, Сан-Блас архипелагы, Панама
Кариб шипажайларындағы қонақүйде алты бунгало бар. Бунгалоны жалға алу екі кісі үшін тәулігіне 240 долларды құрайды. Coral Lodge эко-шипажай болғандықтан, жастар арасында кеңінен танымал. Бұл жақта интернет, теледидар, радио жоқ. Тіпті, электрэнергия шектеулі. Қонақүйде спа-орталық пен бірнеше мейрамхана орналасқан.
Club Bali Hai, Муреа, Франция
Бұл қонақүйдің тарихы 1960 жылдан басталады. Калифорниядан шыққан үш жігіт жабайы аралға келіп, су үстіндегі лашыққа тұрақтанады. Олардың айтуы бойынша, олар алғашқы болып су үстінде лашық тұрғызып, оны жалға беруді қолға алған. Club Bali Hai қонақүйінде тұрақтану тәулігіне 248 долларды құрайды. Тынық мұхитының оңтүстік жағында орналасқан бунгало бөлмелері кең әрі қажетті бұйымдармен жабдықталған.
Raiatea Hawaiki Nui Hotel, Ливард аралы, Франция
Raiatea Hawaiki Nui Hotel тоғыз бунгалодан тұрады. Бұл қонақүйде желдеткіш, теледидар, интернет т.б. техникалар жоқ болса да, ол кеңінен танымал. Тыныштық пен жайлылықты ұнататын жандар өз демалыстарын қонақүйде өткізе алады. Бағасы тәулігіне 252 долларды құрайды.
Thulhagiri Island Resort, Мальдивы
Үнемшіл туристер алдын ала қонақүйге тапсырыс берсе, тәулігіне шамамен 270 долларды құрайды. 34 лашықтан тұратын қонақүй бөлмелері барлық қажетті бұйымдармен жабдықталған.
Hotelito Desconocido, Пуэрто-Вальярта, Мексика
Пуэрто-Вальярта қаласының маңындағы орналасқан эко-шипажай күллі Мексика елінің мақтанышы болып табылады. Электр күш-қуаттың барлығы күн сәулелерінен алынады. Ал ақшам уақытында бүкіл кешенде шамшырақ жағылады. Бұл қонақүй романтик жандарға арналғандай. Екі кісі үшін тәулігіне 270 доллар тұрады. Қонақүйде тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған.
Medhufushi Island Resort, Мальдивы
Тәулігіне екі кісі үшін қонақүй бөлмесінің бағасы 274 долларды құрайды. Су үстінде 46 вилла салынған. Қонақүй тұрғындарына жайлы демалыс сыйлайтын барлық жағдайлар қарастырылған. Жалқау жандар жағажайда жатып демалса, белсенділер балық аулаумен, дайвингпен, серфингпен айналыса алады.
Eclypse de Mar Aqualodge, Панама
Су асты жүзумен айналысатын жандарды қонақүй қызметкерлері қажетті дүниелермен қамтамасыз етеді. Кәсіби жаттықтырушылар дайвингтен дәріс бере алады. Тек дайверлер ғана емес, бұл қонақүйде тыныштықты ұнататын жандар да демала алады. Қонақүй иелері алты бунгалоны көбінесе жас жұбайларға жалға береді. Бунгалода тұрақтану тәулігіне 275 долларды құрайды.
Mango Creek Lodge, Гондурас
Қонақүй бөлмесінің бағасы 290 долларды құрайды. Су үстіндегі қонақүй бөлмелерінде барлығы да бар. Бұл лашық қаладан шалғайда орналасқан әрі оған жету қиын. Сондықтан да, қонақүйде кем дегенде 5 күн тұрақтанып, демалып қайту керек.
KC Resort & Over Water Villa, Самуи, Таиланд
KC Resort & Over Water Villa кешенді теңізден шалғай орналасқан жасанды бассейн суының үстінде орналасқан. 16 вилла әйнектерден тұрғызылған. Бөлмеде жатып-ақ, су астында жүзіп жүрген жандарды көруге болады. Вилланы жалға алу тәулігіне 294 долларды құрайды.
Суреттер: oba-na.in