- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Су түбінен табылған...
Су түбінен табылған қазыналар
Өз ісінен ләззат алатын, қала берсе қаражат алатын қазына іздеушілер ешқашан да мұхиттардың түбіне батып байлық тінтуден жалыққан емес. Біздің заманымызға дейін су қарақшылары жасырған талай қазынаның қайнар көздері барын аңыздардан ғана естіп келдік.
Колумб Американы ашқан уақыттан бастап адамдардың көп бөлігі Оңтүстік Америкадан Еуропаға қарай үлкен-үлкен кемелермен өте көп мөлшерде қазыналар тасыды. Бізге белгілі деректерде көрсетілгендей осындай кемелердің бәрі де діттеген жерлеріне жете алмады. Кейбірі мұхиттарда апатқа ұшырап, келмеске кетіп жатты. Бүгін біз сіздерге осы кемелер жайлы деректерді айтқымыз келіп отыр. Өн бойы байлыққа толы кемелердің қирандылары мен ондағы сансыз байлықтар бүгіндері де жарыса табылып жатыр.
2007 жылы Odyssey Marine Exploration компаниясы 1804 жылы суға батып кеткен испан кемесінің ішінен 15 тоннаға жететін алтын және күміс монеталарды тапқан. Табылған олжаны олар 500 млн. долларға бағалады. Су астынан табылған қазына бірден Майамиге жөнелтілді. Бұл жөнінде хабар алған Испания билігі Флорида сотының үстінен арыз жазып, өздеріне тиесілі қазынаның өз жеріне қайтуы керектінін айтты. 2009 жылы осы мәселеге байланысты нақты үкім шығып, теңіз түбінен табылған қазына Испанияның өзіне қайта қайтарылды.
2012 жылдың ақпан айында қазына іздеуші Грег Брукс өз тобымен бірге Жаңа Англия жағалауынан 80 шақырым арыдағы Атлант мұхитынан Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде суға батып кеткен «Николсон порты» деп аталатын кемені тапқандығын көпшілікке хабарлады. Брукстың сөзінше, кеменің трюмінен жалпы салмағы 71 тоннаны құрайтын құймалы платинаға толы 30 жәшік сақталған. Бұл сомамен Ұлыбритания мен КСРО АҚШ-тан әкелінетін техниканы тоқтатпақ болған.
Егер бұл шындық болса, онда қазына шамамен 3 млрд. долларды құрайды. Грек Брукстың сөзінің басты дәлелі – құймалы платиналарды тапқан кездегі су астында түсірілген бейнежазбалар. Ал экспозицияның алдыңғы тағдырынан ешнәрсе белгілі емес. Шамасы, олар басқа да қазынаны суға батып кетті деп жасырған болуы мүмкін. Немесе оның өзге де себептері бар шығар.
2011 жылдың қазан айында Атлантика мұхитының Солтүстік Каролина жағалауына жақын жерден 18 ғасырда батып кеткен Қара сақал есімді теңіз басқыншысының кемесі зеңбірегімен қоса судан алынды. 1718 жылы британдықтар Қара сақал есімді теңіз басқыншысын ұстап, өлтірген болатын.
«Королева Аннаның кегі» деп аталатын оның аты аңызға айналған кемесі Солтүстік Каролинадағы Бофорт қаласында батып кеткен еді. Кемедегі зеңбіректің қомақты габариті бар: ұзындығы – 2,5 метр, ал салмағы – 900 келі. Теңіз тінтушілері үшін бұл зеңбірек жалғыз олжа болмады. Олар, сонымен қатар, кеменің ішінен түрлі ыдыс-аяқтарды, зергерлік бұйымдарды, медициналық құралдар мен қару-жарақтарды тапқан.
2013 жылдың наурыз айында американдық «суасты археологиясы» су түбнен 1969 жылы Нил Армстронгтың қадағалауымен ғарышқа ұшырылғанда құлаған бес зымыранның екеуін тапты. Іздеу жұмыстарының өзі үш аптаға жалғасқан. Зымыранның қозғалтқыштары 4 км тереңдіктен қазылып алынды.
Аты аңызға айналған «Аполлон 11» 44 жыл уақыт өткен соң қайта Айға қонып, бірнеше күннен соң өз мақсатын сәтті орындаған. Нил Армстронг жер серігіне алғашқылардың бірі болып аяқ басты. Қозғалтқыштарын орнатқан соң зымыран АҚШ астанасы Вашингтонда орналасқан әуе және ғарыш мұражайына қойылатын болады. «Біз қозғалтқыштардың қайта сәтті орнатылғанын және оны тез арада мұражайға орналасқанын асыға күтеміз», - дейді НАСА агенттігінің төрағасы Чарльз Болден.
1941 жылы Ирландия жағалауына жақын жерден борты күміс құймаларына толы «SS Gairsoppa» атты британдық жүк кемесі жатқаны белгілі болды. Жетпіс жыл өткен соң кеменің дәл қай жерде орналасқандығы анықталды. Содан кейін Атлант мұхитынан күмістің бірнеше тоннасы табылып жатты.
The New York Daily News басылымының хабарлауынша, табылған қазына шамамен 35 млн. долларға бағаланған. Өткен жылы Odyssey Marine Exploration компаниясы 48 тонна күмісті судан алып шықты. Ал биыл қазына іздеушілер шамамен 1,5 мың күміс құймасын тапты (алғашқы экспедицияда 1,3 мың күміс құймалар табылған). Odyssey Marine Exploration компаниясының таратуынша, олар су түбіне батқан қазынаның шамамен 99 пайызын тапқан.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Суреттер: billionnews.ru
А. Әбілхан