- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Солтүстік шұғыласын суретке...
Солтүстік шұғыласын суретке түсіретін фотограф қонақүйге тегін орналастырылады
Хедледегі (Исландияның оңтүстігіндегі шағын қала, Рейкьявиктен 90 минуттық жерде) Rangá қонақ үйі администрациясы фотографтар үшін таптырмас ұсыныс жасап отыр. Олар 3 апта бойы Солтүстік шұғыласын фотосуретке түсіріп, сапалы контент дайындайтын адам іздейді. Сыйақы ретінде қонақүйде ақысыз тұру, тегін тамақ және әуе билеттері ұсынылады, деп хабарлайды Travel + Leisure.
Фотограф жұмыспен қыркүйектің ортасынан қазанның ортасына дейін қамтамасыз етіледі. Өтініш берушіден жоғары сапалы бейнелер талап етіледі. Сонымен қатар, олардың суретке түсіру тәжірибесі, әлеуметтік медиа дағдылары, Исландияға жасаған бұрынғы сапарлары және коронавирусқа қарсы вакцинация туралы ақпарат беруі де маңызды. Өтінішті толтыру барысында мұның бәрі сұралады. Фотографтар бұған қоса қысқа мотивациялық хат жазып, қонақ үй оларды не үшін таңдау керектігін түсіндіруі керек.
Бір қызығы, аталған отельге астрономдар жиі барады. Өйткені қонақ үйде жоғары деңгейлі екі телескоп орналастырылған жеке обсерватория бар. Мекеме сонымен қатар өзінің осы секілді стандартты емес маркетингтік ұсыныстарымен танымал. Мысалы, 2020 жылы қонақүй 29 ақпанда сүйіктісіне ұсыныс жасаған әйелдерге ақысыз тұруды ұсынған. Пандемия кезінде Ғашықтар күніне арнап бронь жасағандардың барлығы қонақүйден құттықтау хаттарын алды.
Естеріңізге сала кетейік, Солтүстік шұғыласы — бізге мәлім ең жарқын табиғат құбылыстарының бірі. Олар мың жылдар бойы адамдарды таңдандырып келді. Полярлық шұғыла алғаш рет 30 мың жастағы кроманьнон үңгірлеріндегі суреттерде бейнеленген. Бұл туралы деректер біздің заманымыздан бұрынғы 2600 жылғы көне қытай жазбаларында кездеседі.
Ғажайып табиғат құбылысы кейде бұлт сияқты, кейде толқын, спираль, және горизонт түріндегі түрлі пішіндерде көрінеді. Осыған байланысты әр халықтың өз наным-сенімдері бар. Мысалы, Финляндияда оларды "Отты түлкілер" деп атаса, Шотландияда "Періште", Скандинавияда оны балық аулаудың сәтті өтетінінен хабар беретін құбылыс ретінде қарайды. Инуиттер болса, оларды "Түнгі аспанда билейтін жануарлар" деп атайды екен.
А. Оралқызы