Шотландиялық Copious кемесінің капитаны теңізге 98 жыл бұрын тасталған хат салынған бөтелке тауып алды. Азамат осылайша әлемдік рекорд орнатып, Гиннес рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды "Газета.Ru".
Бұған дейінгі рекорд 93 жыл бойы суда жүзіп жүрген бөтелкені тауып алған осы кеменің теңізшісі Марк Андерсенға тиесілі еді.
"Бір кеменің әлемдік рекорд орнатуға екі рет қатысып отырғанына өте қуаныштымыз. Бұл тарихи және ғылыми тұрғыда өте керемет рекорд. Құтты болсын!" - деді Guinness World Records-тың өкілі.
Шетланд аралдары (Google Map сайтынан скриншот)
Эндрю Липер хат салынған бөтелкені Шетланд аралдарының маңынан тауып алған. "Су бетіне ау тастаған бойда бір бөтелкені көзім шалды. Оған бірден қол созып, бері тартып алдым. Бұл оқиға менің жүрегіме әсер еткендігі соншалық, оны көп ойланбай қуанышпен аша бастадым. Құдды екінші рет лотереяда жеңіске жетіп жатқандай әсерде болдым", - деді Липер. Теңізші, сонымен қатар, бұрынғы рекордтың иесі әрі досы Андерсонның да оның бұл табысына өте қуанышты екендігін айтып өтті.
Леруик қаласы. Шетланд аралдары.
Табылған бөтелке 1914 жылдың 10 маусымында Шотландияның айналасындағы ағыс бағытын зерттеу мақсатымен суға тасталған. Осылайша барлығы 1890 бөтелке "сапарға шыққан" болатын. Глазгодағы навигация мектебінің ұстазы капитан Браун аталған бөтелкелерді тауып, әкеліп берген адамға британдық 6 пенсты сыйақы ретінде уәде еткен. Қазіргі уақытқа дейін осы бөтелкелердің 315-і табылды.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: astavki.com, youroute.ru