Шахрух ханның үйі, ұры маймылдар. Үндістанға барарда не білу керек?

Шахрух ханның үйі, ұры маймылдар. Үндістанға барарда не білу керек?

Үндістан – өте кең таралған туристік бағыт, өйткені  бұл елге саяхаттау арзан. Кез келген басқа елдегідей оның өзіндік өмір салты мен жергілікті менталитеті бар. Үндістанда саяхаттау кезінде нені білу керек? Осы да басқа маңызды сұрақтардың жауабын білу мақсатында Massaget.kz порталы үнді еліне саяхаттап келген фотограф, саяхатшы Ернар Алмабекпен тілдесті.

Үндістанға саяхаттау үшін виза 

Оны алу үшін мына құжаттарды жинайсыз:

1. Кемінде 6 айға жарамды төлқұжат;

2. Өлшемі 5 х 5 см + фотосуреттің 2 данасы және электронды нұсқасы;

3. Шотта қаражаттың болуы туралы банктен анықтама - 1500 доллар - ағылшын тілінде

4. Кәсіпорынның түбіртегінде лауазымы, жалақысы және жұмыс өтілі көрсетілген жұмыс орнынан анықтама - ағылшын тілінде;

5. Әуе билеттерінің көшірмелері;

6. Қонақүйді брондау.

Бізді қатты қинағаны шоттағы 1500 доллардың міндетті түрде болуы. Себебі 2 адамға 3 мың доллар қажет.

Визаға қанша уақыт кетеді?

Негізі басқалардың айтуынша, 2-3 күн уақыт кетеді екен. Бірақ біз құжат тапсырарда "журналист, блогерміз" деп айтқанбыз. Кейін интернеттен оқып қалдым, Үндістанға барарда журналиспін деп айтудың қажеті жоқ екен. Ондай адамдарды ұзақ тексереді. Бізді үш апта бойы мұқият қарастырды. Сол уақытта 2-3 рет шақырды. Консулмен сұхбаттастық. "Қай қалаға барасыңдар, не түсіресіңдер, саяхаттайтын бағыттарың қандай" деген сияқты сұрақтар қойды. Сонымен, ұшуға 3 күн қалғанда алдық.

Барып-келуге қанша қаржы кетеді?

Әуе билетінен тыс 600 мың теңге кетті.

Оның ішіне:

• Қонақүй;

• Музейлерге кіру;

• Тамақ;

• Транспорт;

• Ішкі рейстер;

• Базарлық.

Бұл жерде екі адамға жолға 200 мың теңге жұмсадық. Бізде:

• Дели-Агра - пойыз (5 мың теңге, бір адамға);
• Агра-Варанаси - жатын орынды автобус (10 мың тг);
• Варанаси-Мумбай - ұшақ (60 мың тг);
• Мумбай-Дели - пойыз (20 мың).

Тағы бір айта кетерлігі, Үндістанда ішкі рейстерге билетті бармай тұрып алу қажет. Себебі, барғасын алу қиын болады. Ішкі рейстерге арналған арнайы қосымша бар. Сол жерге Үндістан нөмірімен тіркеліп, билеттерді алдын ала алған тиімді. Мысалы, бізге билет алуға 6 сағат уақыт кетті.

Тамаққа қанша қаражат қажет?

Тамақтарына аса қиналдық деп айта алмаймыз. Үндістанға кетіп бара жатқанымызды білген таныстарымыз осы жақтан "жеңіл дайындалатын, бұзылмайтын тағамдар алыңдар" деген сияқты кеңестер айтты. Бірақ бізде жүк көп болғандықтан ештеңе алмадық. Барған күні кешке бір-ақ тамақтандық. Қонақүй өкілдері сенімді дәмханаға жол сілтеді. Ол жерден "мұсылманбыз, адал тамақ керек" деген едік "тали" деген асын ұсынды. Ол шелпек, тауық еті, соус пен көкөністен тұрады екен. Екі адамға 4200 теңгедей жұмсадық. Үндістанның бір ерекшелігі қонақүйге барсаң да, дәмханаға барсаң да алдымен су береді. Жақсы дәстүр екен, маған ұнады. 10 күн бойы тауық етінен дайындалған тағам жедік. Себебі, бұл жерде сиыр еті жоқ, жылқы етінен тағам дайындамайды, қой етін табу қиын. Тамаққа таңертең қонақүйден тегін таңғы ас ішкеніңді есептемесең күніне екі адамға 10 мың теңге жұмсайсың.

Тамақтың түрі көп, Еуропа асханасы да бар. Тіпті біз өзбек асханасын да көрдік.

Дели – Агра – Варанаси – Мумбай

Біз осы 4 қалада болдық. Неге бұл төртеуін таңдадық? Себебі, Үндістан жер көлемі жағынан үлкен мемлекет. Көп мәдениет тоғысқан ел. Қай қаласына барсаң да, қасиетті қалаға барған болып шығасың. Тіпті ауылы да қасиетті саналады. Мысалы, бізде ауылға не үшін барам, не көрем немесе Алматыға келген адамға не көрсетем деп қиналып қалуың мүмкін. Үндістанда таңдау көп. Қай жеріне барсаң да міндетті түрде ғибадатханасы, өзінің тарихы болады. Тарихқа бай. Өйткені неше түрлі мәдениет тоғысып, түрлі ұлт тұратын жер болғасын әр ұлт өзінің мәдениетін сақтап, оны тарихқа айналдыруға тырысады.

Бұл қалалардан не көруге болады?

Дели - астанасы. Аграда Тәж-Маһал бар мен Sheroes кафесіне бардық. Варанасиде мәйіт өртейтін гхаттарды тамашаладық. Мумбайда кедей аудандарды аралап, әйгілі қоқыс арасында тұратын адамдарды, сосын Боллувидта Шахрух ханның үйін көрдік.

Интернет

Барған кезде sim-карта сатып алдық. Бір sim-карта шамамен 2 мың теңгедей екен. Оған күнде 1,5 ГБ мен өз ішінде сөйлесу тегін. Интернет сапасы жақсы. Барлық жерде 4G қолдандық. Себебі, ол жақта елді мекеннің арасы үзілмейді.

Қайыршылардан абайлау керек

Үнді елінде қайыршылар өте көп. Байқағаным, олар адамды сыртынан кімнің алғаш рет келгенін байқап тұрады екен. Бізге бірінші күні көп адам келді. "Қайда барасыңдар, жол көрсетейін ба, не іздеп жүрсіңдер" деген сияқты сұрақтармен мазаңды алады. Сосын олар кез келген нәрсесіне шайпұл сұрайды. Беру, бермеу өз еркіңде. Жай жол сұрасаң: "Жүр мен сол жаққа қарай бара жатырмын, апарып тастаймын" деп алып, барғасын сенен ақша сұрайды. Немесе "Қай жерден келдің, қай қонақүйге бара жатырсың?" деп алып "бізде қонаққа жүк көтертпейді, әкел өзім көтерем" деп қонақүйге барғасын ақысын сұрауы мүмкін.  

Үндістанда маймылдар мазаңды алады

Агра мен Варанасиде маймылдарды көп көрдік. Маймыл оларда қасиетті саналады. Қууға болады, бірақ ұруға болмайды. Мысалы, Аграда балмұздақ алдық. Енді кетейін деп жатқанда "осы жерден жеп алыңыздар, маймылдар шабуыл жасайды" деді. Екі адам тыңдамай кетті. 10 метр жүрмей жатып, шынымен де 2-3 маймыл шабуылдады. Олар қорқып балмұздағын тастай салып еді, маймылдар қағып алып кетті. Ал балмұздақ сатып отырған адамға жақындамайды. Себебі ол тас атып қорқытып қойған. Ал оның қасынан ұзай қалсаң маймылдар тобымен шабуылдайды.

Варанасиде қонақүйдегілер "терезені жауып, тамақ жегенде заттарыңа абай болыңдар" деп ескертті. Қонақүйде тамақтанғанда арнайы бір адам бізді күзетіп отырды. Екінші жолы тамақтанғанда ол кісі басқа жұмысқа кетіп бара жатыр екен. Маған маймыл үркітетін таяғын беріп кетті. Бір қолда таяқ, бір қолда тамақ. Тамақ жеп бола бергенде маймылдар келе бастады. Таяқпен үркітсем қашады деп ойлағам. Қорықпайды екен. Тұрып таяғымды сілтеп едім өзіме қарай шабуылдады. Бір кезде жан-жағымыздан қоршап, ысылдап айбат көрсетті. Орындықты ұрып едім, даяшы жүгіріп шықты. Оны көріп маймылдар жан-жаққа қашып кетті. Олар жергілікті адам мен туристерді таниды. Туристерден қорықпай тамағын, смартфонын тартып алып кетеді екен.

Туристерді жұлдыздай көреді

"Шынайы махаббаттың" белгісі саналатын Тәж Махал кесенесі Делиден 204 шақырым жердегі Агра қаласында орналасқан. Бұл жерге кіру құны - 1400 рупи (7900 тг). Бір байқағаным жергілікті тұрғындар туристерді жұлдыз көреді. Кесенеге кірмей тұрып бір сағат бойы адамдармен суретке түстік. Ақ нәсілді адамдармен суретке түсуді олар сәттілік әкеледі деп санайды екен.

Жұбайым сари киген еді, тіпті жұрттың бәрі риза болды. Олар сені жұлдыздай көріп тұрғанда, сен оның мәдениеті мен дәстүрін сыйлап, ұлттық киімін кисең тіпті қуаныштан жүрегі жарылып кете жаздайды екен.

Блогерлерді қатты құрметтейді

Тағы бір байқағанымыз, блогерлерді де қатты құрметтейді. Біздің худидегі youtube-арнамызға сыртымыздан жазылып, пікір қалдырып жатқан адам өте көп. Мумбайда видеоға түсіріп жүргенде таксист "менің көлігіме алғаш рет блогерлер мінді" деді де, "арнаңыз қалай, жазылып қояйын" деп сұрап алды. Сосын Делиде де кассаға барсақ, оның қызметкері билет бермес бұрын телефонын беріп, youtube-арнамызды жазып алды. Көшеде де тоқтатып осылай сұрағандар өте көп болды.

Т. Раушанұлы