Саяхаттау барысында сөмке таңдау қиынға соғып жатады. Үлкен шабаданға сенім артқан дұрыс па немесе жолдорба (рюкзак) ұстаған әлдеқайда тиімді ме деген сауал мазалайтын болар. Ендеше сіздерге бұл екі көмекшіңіздің жақсы жақтары мен кемшіліктерін көрсетпекпіз.
Шабадан
Артықшылығы
Шабадандар кез келген соққыға төтеп береді. Ішіне салған шыны заттарыңыз өз қалпын сақтап қалары анық. Аэропорт пен вокзал аумағында шабаданды сүйретіп жүру оңай. Ал, жолдорба иығыңызға күш салады. Шабаданға костюм, көйлек секілді ресми киімдеріңізді оңай саласыз. Оларға қыртыс түспейді. Шабадандар су өткізбейді. Олармен жауынның астында еркін серуендей аласыз. Шабадандарға заттарды ретімен салуға болады.Кемшілігі
Шабаданның дөңгелектері тегіс жерде ғана жүре алады. Шабаданмен қоғамдық көлікте жүре алмайсыз. Ол сіздің еркін қозғалысыңызға кедергі келтіреді. Сапалы шабадандар қымбат тұрады. Ал, арзандары сізді орта жолда ұятқа қалдыруы әбден мүмкін.Егер шипажайға демалуға бара жатсаңыз, шабадан – таптырмас көмекші. Сонымен қатар, көлік арқылы саяхаттап жүрген жандарға, іссапарларға өте қолайлы.
Шағын жолдорба
Артықшылығы
Ол қозғалысыңызға кедергі келтірмейді. Жеңіл әрі ыңғайлы. Ұшақтың ішкі орындарына оңай сияды. Жүгіңіз жоғалмайды. Шағын жолдорбаның қолданыс аясы кең: оны алыс сапарға да, табиғат аясына серуенге шыққанда да, жұмысқа да қолдануға болады. Шағын жолдорба алып шықсаңыз, саяхат барысында керексіз дүниелерге бола ақша құртпайсыз.Кемшілігі
Шағын жолдорбаға заттарыңызды беткі бетіне жайғастырасыз. Яғни, астындағы затты алу үшін бәрін ақтаруға тура келеді. Егер сіз бірнеше климаттық аймақты қамтитын ортаға саяхаттауды көздесеңіз, шағын жолдорба сізге арналмаған. Жолдорба сіз ойлағандай мықты емес. Ол кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін.Шағын жолдорба бір саяхатта бірнеше жерді аралайтын болсаңыз ғана сізге серік болуы мүмкін. Онымен шетел асып қыдыру мүмкін емес. Өйткені, бір ғана бояулар салынған сөмкеңіз жолдорбаның жартысын алады.
Үлкен жолдорба
Артықшылығы
Қозғалысқа кедергі келірмейтін, бірақ сыйымдылығы шабаданға татитын көмекші құрал. Саяхаттың барлық түріне арналған. Сонымен қатар үлкен жолдорбалар өте мықты. Үлкен жолдорба әркез арқаңызда жүргендіктен одан көз жазып қалу, жоғалтып алу мүмкін емес.Кемшілгі
Үлкен жолдорбаны ұзақ уақыт иыққа асынып жүру қиын әрі ыңғайсыз. Жолдорбаға заттарды ретімен орналастыру қиын. Үлкен жолдорба ыңғайлы болу үшін ұзақ таңдау жасауыңызға тура келеді.Үлкен жолдорба – бірнеше бағытқа бөлінген жолдарда саяхаттау кезінде таптырмас серік.
Әрине, таңдау жасау өз еркіңізде. Бірақ, кез келген саяхатыңызға жолдорба асынып барып шабадан толы естеліктермен оралыңыз.