Жер жүзінде таңғажайып көпірлер көп-ақ. Бірі көне тарихи оқиғалармен байланысты болса, бірі сәулетшінің ұшан-теңіз ой-қиялымен байланысты. Кейбір көпірлер серуендеу үшін арнайы салынған. Ең ерекше деген он көпірге назар аударсақ.
Сидней айлағындағы көпір. Сидней. Австралия
Бұл көпірмен қыдырып келе жатып, Сидней қаласына көз жүгіртуге болады. Атақты Сидней Опера театры сияқты әсем ғимараттарды бақылауға болатын бұл көпірдің құрылғыларымен жүруге болады. Арнайы қауіпсіздік белбеулерін тағып алып, альпинистер сияқты көпір айналасында жорғалауға болады. Көпірдің шығыс жағынан бастау алатын мұндай саяхат батыс жақта аяқталады.
Карлов көпірі. Прага. Чехия
Влтава өзенінің бойында орналасқан атақты көпірлердің бірі. Праганы Көне қала және Кіші мемлекет деп аталатын екі ауданға бөлетін алып көпір. Бұл көпірдің құрылысы 1357 жылы IV Карл королінің билігі кезінде басталған. Көпірдің екі жағында 30 мүсін орналасқан. Олардың ішіндегі Ян Непомуцкий мүсіні арман-тілектердің орындалуына ықпал етеді деген наным бар.
«Хендерсон толқыны» көпірі. Сингапур
Ұзындығы 36 метрге жететін Сингапур жеріндегі ең биік көпір Mount Faber және Telok Blangah Hill саябақтарын байланыстырады. Жеті бірқалыпты бұрылыс толқынға ұқсайды. Ішкі жағында демалушылар үшін жайлы орындықтар мен креслолар қарастырылған. «Хендерсон толқынында» ақшам уақытта қыдырған бір ғанибет. Кешкі сағат 19.00-ден түнгі 2-ге дейінгі уақыт аралығында шамдар жағылып, көпір үлкен рельефке ұқсайды.
Бруклин көпірі. Нью-Йорк. АҚШ
Манхеттен аралы мен Ист-Ривер ауданын байланыстыратын көне аспалы көпірлердің бірінен Нью-Йорк қаласының аспанмен таласқан ғимараттарын бақылауға болады. Бұл көпір қаланың көне ескерткіші мен басты нышанына айналған.
Понте Веккьо. Флоренция. Италия
Қаланың көне көпірі саналатын Понте Веккьо 1345 жылы салынған. Арно өзенінің ең тар жағындағы бұл көпірдің басқалардан өзгешелігі бар. Көпірдің екі жағынан үйлер тұрғызылған. XVI ғасырда бұл көпір айналасында дүкендер пайда бола бастады. Кейін оқа-әшекей бұйымдарын жасайтын шеберханалар салына бастады. Сол себептен, бұл көпірді «Алтын көпір» деп атайды.
Жака Картье көпірі. Монреаль, Канада
Ұлы Лаврентий өзенінің бойында орналасқан бұл көпір арқылы Ұлы Елена аралына баруға болады. Монреальдың әсем көркімен тамсану үшін Жака Картье көпірімен серуендеу қажет. Әсіресе, жаз мезгіліндегі серуен ерекше есте қалады. Себебі, маусым айының ортасы мен тамыз айының ортасына дейін бұл көпірде көлік қозғалысы тоқталыпы, отшашу байқауы жүргізіледі. Ал қыркүйек айында жыл сайын өткізілетін монреалдық «Оазис» марафоны өз мәресіне келіп жетеді.
«Алтын қақпа» көпірі. Калифорния. АҚШ
Тынық мұхитына жол сілтейтін бұл көпірдің әлемнің жаңа жеті кереметінің қатарына енгізуге тұрарлық. Алып көпір Сан-Франциско қаласын Мэрион аймағымен байланыстырады. Оның ұзындығы 1970 метр. Ал көпірде серуендеу уақыты бірнеше уақытқа созылады. Жаяу жүргіншілерге көпірмен тегін жүруге рұқсат берілмейді. Ал көлік жүргізушілері көпірді басып өту үшін 6 АҚШ долларын төлейді. «Алтын қақпа» әлемдегі ең көп фотосуретке түсірілетін көпір болып саналады. Сондай-ақ, бұл көпірдің бейресми атауы бар. «Өзін өзі өлтіргендер көпірі» деген атауға ие болған бұл көпірде әр екі апта сайын адам секіріп өледі.
Тауэр көпірі. Лондон. Ұлыбритания
Темза өзенінің бойындағы ашылмалы көпір 1894 жылы ашылған. Екі жағындағы алып мұнаралар Лондонның ғана емес, күллі Англияның нышанына айналды. Мұнара ішінде көпірмен байланысты фотосуреттер көрмесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, көрмеде тарихтан сыр шертетін бейнебаяндар көрсетіледі.
Понт д'Иена. Париж. Франция
Парижге табан тіреген бойда мұражайларға бай Шайо сарайы мен Трокадеро ауданын Сена өзенінің сол жақ жағалауы мен Марс алқабын байланыстыратын бұл көпірді көруге асығыңыз. Көпірде серуендеп келе жатып, атақты Эйфель мұнарасының алдына келесіз. Наполеон бұйрығымен салынған бұл көпір алтын жалатылған көне мүсіндерге толы.
Магдебург су көпірі. Магдебург. Германия
2003 жылы ашылған бұл көпірдің кеме жүретін каналының тереңдігі 4,25 метрді құрайды. Эльба өзенін қиып өтетін көпір Берлин портын Рейнмен байланыстырады. Көпір салынбас бұрын кемелер Рура аңғарына жету үшін 12 шақырым жүзетін. Ал қазір олар жаңа көпір арқылы 918 метр ғана жүзеді.
Суреттер:turist.rbc.ru, liveinternet.ru