- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Саяхатыңызға сән мен...
Саяхатыңызға сән мен сапа сыйлайтын этно үйлер
Қайда саяхатқа шықсаңыз да үнемі тұрақтайтын мекен табу мәселесі алдыңыздан шығады. Осындай жағдайда тоқтап, тыныс алуға арналған этно үйлер ең дұрыс шешім болары анық. Өйткені, әдеттегі қонақүйлер жердің қай шетіне барсаңыз да бір бірінен еш айырмашылығы жоқ. Бар болғаны бөлмелер құнына қарай түрлі деңгейдегі қызмет көрсетеді. Ал, біз ұсынып отырған этно үйлерде сіз барған еліңіздің мәдениетіне терең бойлауға мүмкіндік аласыз. Этникалық ерекшеліктерге қарай сәнді болуымен қоса, оларда көрсетілетін ұлттық нақыштағы салт-дәстүрлер сіздің танымдық көкжиегіңізді дамытып, саяхатыңыздың сапасын арттырады. Әр ұлттың өзіне ғана тән тұрғын үйде тұрақтау сіздің санаңызда ұзақ уақыт сақталып, естеліктер жүрегіңізден мәңгі өшпестей орын алады.
Жапония: рекан
Рекандарда тұрақтау арқылы сіз өзіңіздің Жапонияда екеніңізді бірден ұғасыз, — соншалықты шынайы атмосфера бірден баурап алады. Жалпы, рекан — бұл дәстүрлі жапондық қонақ үй. Токио қаласында рекандар арзан тұрғын үй түрлерінің қатарында болса, ауылдық аймақтарда олар әлдеқайда қымбатырақ. Реканның іші әдетте дәстүрге сай жабдықталады: онда футон матрастарда ұйықтап, татамилерде тынығады. Көбіне олардың ішінде кішкене үстелден басқа ешқандай жиһаз болмайды. Сырғытпа есіктер қағаздан жасалады. Айтқандай, рекандарда арнайы жуыну бөлмесі болмайды, оның орнына офуро аталатын қоғамдық моншаны пайдалануға мүмкіндік бар.
Жапондардың дәстүрлі қонақ үйінде жазылмаған заңдарды сақтап, олардың мәдениетіне деген құрметіңізді көрсетіңіз. Мысалы, этно үйге кірер алдында аяқ киіміңізді шешіңіз. Әдетте қонақтар кешкі мезгілде келіп орналасады. Алдымен, оларға шай беріп сый көрсетсе, кейін онсен аталатын ыстық моншаға кіргізеді. Рекандарға шақырусыз келу жөнсіз әрекет болады, өйткені дәстүрге сай орынға алдын-ала тапсырыс берілуі тиіс. Рекан қызметшілері өз кезегінде әр конақты әсерлі қарсы алуға дайын тұрады.
Индонезия мен Жаңа Гвинея: ағаш басындағы үйлер
Жаңа Гвинеялық Папуа халқының коровай тайпасы осыдан 40 жыл бұрын жер бетінде өздерінен өзге халық бар екенін білмеген болатын. Халық аз шоғырланған джунглиде мекендейтіндер үшін бұл тансық жағдай болғаны анық. Алайда, адамзаттың дамыған бөлігі көпқабатты үйлер салмас бұрын коровай тайпасы өз тұрақтарын ағаш басына 50 метр биіктікте салуға даңдыланған екен. Олар бала кезден жетілген ағашқа өрмелеу қабілетін өле өлгенше шындай түседі. Бір үйде әдетте 12 адам тұрады. Биіктікте орналасқан үй өз иелерін жердегі жыртқыштардан қорғағанымен қоса, жамандықтан арашалайды деген сенім қалыптасқан.
Қазір жабайы тайпа өкілдері біртіндеп қалалық аймақтарға көшіп жатыр. Этнографтардың айтуынша, енді бір ұрпақ ауысқаннан кейін ағаш басында мекен еткен тайпа жұртшылық есінде жай аңыз қалпында ғана қалмақ. Енді мұндай үйлерде тек джунгли зерттеушілері ғана емес, қарапайым саяхатшылар да тұрақтай алады.
Қырғызстан және Монғолия: киіз үй
Қазақтар үшін киіз таңсық дүние емес. Көшпенділердің ұрпағы ретінде өзіміз де ғасырлар бойы түндік астында түнеген болатынбыз. Өз еліміз бен көрші халықтарда әлі күнге дейін осы өмір салтын ұстанатындар баршылық. Жыл мезгілі ауысқан сайын мекен ауыстырып, малымен көшіп жүретіндер өз үйлерінде елгезек саяхатшыларды қабылдап, қонақ ретінде құрметпен күтуге әрқашан дайын отырады. Сарыарқа даланың сырына үңілуге ат арылтып келген әр азамат үшін киіз үйде тұрақтау үлкен әсер қалдырарына күмән жоқ.
Заман дамып, туризм етек жаюына орай қазіргі таңда киіз үйді жайлауға іздеп барудың қажеті де болмай қалды. Өйткені, қалалар маңында шаңырақты ағаш үйлерден құрылған этно ауылдар арнайы жұмыс істейді. Ол жерде қазақтар ата жұртының тарихына терең бойласа, шетелдік қонақтар көшпенділердің тыныс-тіршілігімен таныса алады.
Скандинавия: чум
Әрине, қазіргі таңда Скандинавия елінде ешкім чумдарда мекендемейді, алайда бабалар өмірінен сыр шертетін дәстүрлі этно үйлерін көз қарашығындай қориды. Кейбір саамдар жазғы үйлерін осы чум қалыбына ұқсатып салады. Чумның негізгі артықшылығы — жеңілдігі мен оңай жиналатындығы. Дәстүрлі чум орталық бағананы жағалай тізілген тік немесе дөңгеленген бөренелерден тұрады. Осы бөренелеріне байланысты чум түрлерін нағыз саам бірден анықтай алады. Мысалы: «готи» — бөренелері тоғыспайтын чум болса, ал «лавву» — бөренелері бірге тұратын скандинавиялық этно үй түрі. Қазір туристердің қажеттіліктерін өтеу мақсатында дәстүрлі чумдар біраз жетілдірілген қалпында кездеседі.
Солтүстік Еуропа: иглу
Қыста мұздан жасалған үңгірде ұйықтау, әрине, санаға сыймасы анық, алайда иглуда түнеп көргендер оның ерекшелігін жақсы ұғынады. Қазір ешкім иглуда мекендемейді, олардың көпшілігі арнайы қызыққұмар саяхатшылар үшін салынады. Иглу этно қонақүйлері Скандинавия, Канада, Швейцария мен Румынияда кездеседі. Олар әр жыл сайын арнайы дизанерлер көмегімен салынады. Бір біріне ұқсамайтын бөлмелер нағыз көркем өнер туындысы іспетті. Кей бөлмеде мұз арасынан ағаш өсіп тұрса, енді бірінен солтүстік шұғыласын көруге мүмкіндік бар. Түзде 30 градус суық болса да, иглудың ішінде салыстырмалы түрде жылы. Туристерге арнайы арктикалық температураға арналған ұйқы қаптары ұсынылады. Ал, таңда қонақтарды ашық аспан астындағы ыстық сауна күтіп тұрады.
Жалғасы бар
А. Оралқызы