- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Саяхатшы жеті күнде...
Саяхатшы жеті күнде әлемнің жеті кереметін аралап шықты
Ұлыбритания саяхатшысы, видео-блогер Саймон Уилсон 6 күн, 9 сағат 3 минутта 50 мың шақырым ұшып, әлемнің жеті кереметін аралап шықты.
Ол өзімен бірге екі футболка, спорттық киім және фотоаппарат салынған кішкентай жолсөмкеден бөлек ештеңе алмаған.
Саймон бір жетіге жуық уақыт ішінде екі-ақ рет қонақ үй мен үңгірге түнеген. Қалған уақытта ұшақта, таксиде ұйықтаған, әуекомпаниялары берген тағамдарды жеген.
Саймонның саяхаты Манчестер әуежайынан сағат 04:45-те басталған. Бірінші Римге барып, Колизейді тамашалаған, одан кейін Мысырға ұшып, 5 сағаттай қонақүйде демалып, пирамидалар мен Сфинксті аралаған. Сосын Иорданияға ұшып, 46 еуроға үңгірде түнеген. Саяхаттың төртінші күні Үндістанға ұшқан. Аградағы Тәж-Махалды көру үшін таксимен 4 сағат жол жүрген. Кесенеде 1 сағаттай болған Саймон, “Ұлы Қытай қорғанын” тамашалау үшін Бейжіңге сапарлаған.
Саяхаттың алтыншы күні Майя өркениетінің ғажайыбы – Чичен-Ицаға жол алған. Ол жерден Рио-де-Жанейродағы Иса Мәсіх ескерткішін тамашалауға барған. Соңында отанына оралған.
“Мен мұны өзім істемегенімде, мұндай саяхатты біреу жүзеге асыра алады дегенге сенбейтін едім. Әлі де өз-өзіме сене алар емеспін”, - дейді саяхатшы.
Айта кетейік, Египеттегі Хеопс ғибадатханасы біздің дәуірімзге дейін сақталып қалған әлемнің жеті кереметінің бірі. Гиза пирамидаларынан басқасы: Бабылдың аспалы бағы, Олимптегі Зевстің мүсіні, Эфес Артемида ғибадатханасы, Галикарнасстағы кесене, Родос колосы, Александрия маягі бүгінге жетпей жойылып кеткен. Ал қазіргі әлемнің жеті кереметі туралы қызықты мәліметтерді білгіңіз келсе мына сілтемеге өтіңіз.
Т. Раушанұлы