Саяхатқа арналған дәрі қобдишасы

Жазғы саяхатқа арналған дайындығымызды жалғастыра түспекпіз. Жүгіңізді сақтандырудың жолдарын көңіліңізге тоқып алған болсаңыз, бүгін дәрі қобдишасын жинауды бірге үйренетін боламыз.

Ыстық әрі арманыңыздағы өлкеге сапар шеккелі отырсыз және алтын күндеріңізді нашар көңіл-күйге жұмсағыңыз келмейтіні айдан-анық. Бұл дегенің денсаулық пен қауіпсіздіктің бүге-шүгесін жолға дайындық кезінде-ақ қолға алу керек деген сөз. Сауатты жиналған қобдиша көп орын алмайды және жүкке артық салмақ қоспайды, есесіне көптеген жағымсыз жәйттерден құтқара алады.

Ең бастысы: дәрігер нұсқауы бойынша үнемі қабылдайтын дәрі-дәрмектеріңіз болса, жеткілікті мөлшерде, тіпті артығымен алыңыз. Егер олардың құрамында есірткілік немесе психотроптық заттар болса, шекарада қиындықтарға тап болмас үшін тым көп мөлшерде салудан аулақ болыңыз. Қандай жағдайда да, өзіңіз бағыт алған елге медициналық препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды өткізудің ережелерін алдын ала біліп алған жөн.

Барлығына: бас және тіс аурулары үшін ауырсынуды басатын, суық тиюге қарсы және ыстықты түсіретін (бірнеше қалта) дәрілерді, естен таңған жағдайда қажет болаты мүсәтір спиртін алыңыз. Тосыннан болған жарақаттарға аса керекті сутек асқын тотығы, бинт, йод және жасыл дәрі (зеленка) қобдишаның төрінен орын алу керек. Айтпақшы, жол жүруге ең ыңғайлы нұсқа қарындаш түрінде кездесетін жасыл дәрі екендігін ескеріңіз. Үшкір тас жырып кеткен немесе аяқ киім қажаған жағдайда жабыстырғыштың атқаратын рөлі өте күшті. Өзіңізбен бірге сәбиіңізді алып шықсаңыз, бұл жабыстырғыштардың өте көп мөлшері керек.

Аллергиялық ауруларды жолдас еткен ағайындарға кез келген дәріні қолдана салуға болмайды. Әсіресе, жаңа елде, жаңа ауада ауруыңыз қозып кетуі мүмкін. Жалпы саяхатқа қажетті дәрі-дәрмектердің аттарын мына жерден және әрбір адамға қажетті сегіз дәріні мына жерден оқып біле аласыздар.

Сондай-ақ көзге арналған тамшылар, мұрынға арналған спрей ешқашан артықтық етпейді. Өзге ортаға тап болғанда қызық көріп не болса соны аузымызға тыға беретініміз өтірік емес. Тағамнан улану деген ойыншық емес, ауруыңыз қатты мазаласа жақын маңдағы медициналық бөлімшелердің біріне қаралыңыз. Бәлкім сізге белсендірілген көмірдің бумасы емес, асқазанды толық шайып шығу қажет болар. Одан басқа, іш қату және іш өту ауруларына көмектесетін дәрмектерді тастамаңыз, ол жердің суының ағзаңызға қалай әсер ететіндігін ешкім де дөп басып айта алмайды.

Шыбын-шіркейден қорғану: арнайы жасап шығарылған сүртпе майлар қышымалардың, ісіктің бетін қайтарады. Егер сіз медуза секілді экзотикалық ағзалар тіршілік ететін өлкелерге аттанып бара жатсаңыз, қажетті препараттарды жергілікті дәріханалардан таба аласыз.

Ыстық мекендерге: қарапайым күннен қорғайтын заттардың жиынтығынан басқа емдеп жаза алатын әсері бар майларды немесе спрей алыңыз. Күнге күйген жағдайда олар жағымсыз сезімдерден арылуға көмектеседі.

Назар аударыңыз: сәбиіңізге күннен қорғайтын ылғалға төзімді мусс немесе спрей (оларды жағу оңайырақ) алғаныңыз жөн. Өйткені, ылғалға төзімді құралдарды суға түскен сайын жаңартып тұрудың қажеті жоқ.

Кеңестерімізді "сақтықта қорлық жоқ" деген аталы сөздің ізімен жазып отырмыз. Ешқандай кедергілерсіз қызықты әрі қауіпсіз саяхаттағанға не жетсін!

Суреттер:www.abroadmag.ru,www.ecotraveler.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева