"Самум" - шөлдің ыстық демі

Ерте кезден бастап "Самум" деп аталып кеткен құм дауылы қазіргі кезде де өз әмірін жүргізіп келеді. Көктем мен жаз айлары уақытында Солтүстік Африка мен Арабстан жартыаралдарының бойында пайда болып, оңтүстік-батыстық бағытта жүріп отыратын дауылдың халық санасында қорқыныш ұялатқаннан басқа "жұмысы" жоқ.

Герадоттың заманында-ақ талайдың тағдырымен ойнап үлгерген құм дауылы күннің көзін көрсетпей, жер дүниені әлем-тапырақ қылып жібереді. Ең жаманы сол, ауаның өзі адамға қарсы жүргендей әсер қалдырады депті сол кездің адамдары. 

Қазіргі таңда бұрынғыдай қауіп-қатердің сесі жоқ. Бүгінде адамдар жол жүрудің бар ауыртпалығын ұшақтарға теліп қойған.

1805 жылы "Самум" көптеген авторлардың айтуы бойынша, екі мыңдай адам мен мың сегіз жүзге жуық түйенің түбіне жетіпті. Және грек авторы Герадот жазып кеткендей, біздің заманымыздан бұрын 525 жылы Персияның патшасы Камбис те сан мыңдаған әскерімен "Самумға" тап болған.

Майда құмды көкке көтерген дауыл адамның көзі мен құлағын, мұрын қуыстарын бітеп тастайды. 

Бұл дауылдан адамдардың қалай қорғанғанын білгіңіз келе ме? Көптеген адамдар дауыл келген бойда жерге жата қалып, үсті-бастарын қымтап тастайтын болған. Сонда да 50 градус температураның қысымынан ес-түстерінен айырылып қалатындары кездесіпті.

Ғалымдар дауылдың туындауы жаздың жаңбырсыз ыстық күндері мен ауаға көтерілген құмның нәтижесінде орын алады дейді.

Бүгінгі таңда құм дауылы халықты жиі мазалап тұрады. Мәселен, Мавритания мемлекеті "Самумның" кесірінен жыл сайын орасан шығынға батып келеді. 

сурет:kinderlibrary.wordpress.com

Дайындаған: Фараби Бақыт