Бүгін Массагет оқырмандарның назарына журналист Руслан Меделбекпен болған сұхбатты ұсынамыз. Русланның жақында АҚШ елінен оралғандығын айта кетелік.
- Руслан, жақында АҚШ еліне барып қайттыңыз. Сол сапарыңыз туралы айтып беріңізші.
- АҚШ еліне Білім және ғылым министрлігінің магистрларға арнайы қарастырған бағдарламасы бойынша он бес күндік стажировка барып келдім. Вайоминг штатындағы осы штатпен аттас университеттің коммуникация және журналистика факультетінің профессорларының дәрісін тыңдап, кейін Колорадо штатындағы Стембоуд қаласында өткен "Визуальды коммуникация" атты ғылыми конференцияға тыңдаушы ретінде қатысып қайттық. Түсінгенім, АҚШ ғылымы алға кеткен. Олардың тақырыптары нақты. Бір ғалым адамның денесіндегі татуировкада қандай ақпарат бар екенін зерттесе, бірі газетте шыққан комикстер туралы диссертация жазып жүр. Бірі футбол командаларының эмблемаларының мәнісін зерттеуге алған. Әр ауылдың өз радиосы, өз газеті бар. Оған әр ауылдың жеке аэропортын тағы қосып қойыңыз.
- Осы жерден толығырақ АҚШ қоғамының ерекшеліктерін сөз етіп көрелік?
- Қазақстан халқы АҚШ десе ашық шашық киінген, кісі өлімі көп ел елестетеді. Мен ол елге барар алдында да солай елестеткенмін. Бірақ қатты қателесіппін. Мәдениеттің өзіндік деңгейіне жеткен ел екен. Жалпы, АҚШ елінің бәсекелес державасы Ресей. Ресейліктер АҚШ туралы теріс ақпарат таратса, бізге сол ақпар жетеді. Халық осыған байланысты пікір қалыптастырып, АҚШ елін ең мәдениетсіз мемлекет ретінде көреді. Олай емес. Мәселен, Ларами мен Стембоуд қаласында нағыз америкалық мәдениет. Адам адамға тимейді.
Түн жарымда көшеде ноутбукпен интернетке кіріп отыра бер, жаныңа келіп сені ұрып соғып кетеді деген қауіп жоқ. Адамдары ішкі мәселесін басқа адамға көрсеткісі келмейді. Ылғи жадырап, күліп жүргені. Мен университеттің жатақханасында жаттым. Бөлмеңді ашық тастап жүре бересің, заттарыңды ешкім де алмайды. Америкалықтар адамның стресске ұшырап қалмауын ойлайды. Адам жүретін жүргінші жолынан өтуге беттесеңіз, көліктер бес метр жерден тоқтап тұрады. Дүкендерінде қызмет көрсету де мықты. Сіз алған заттарыңызбен көлігіңізге дейін жеткізіп тастайды жұмысшылары.
- Дүниетанымы мен психологиясы өзгеше дейсіз ғой. Ал енді сол қасиеттері мен қазақ қоғамына параллель жүргізсек қалай болады?
- Америкада жастарға оқуға өте жақсы мүмкіндіктер бар. Мысалы, мен барған Вайоминг университетінде студенттердің жеке демалу бөлмесі бар. Шаршасаң сол бөлмеге барып мызғып аласың. Ол жерде кофе, шайың тағы тұрады. Барлығы оқу ақшасына кіреді. Студенттерге автобус, такси тегін. Жастарының күні босқа өтіп жатқан жоқ. Бірі баскетбол ойнап, бірі компьютерде өз шаруасын бітіріп абыр-сабыр. Жастарға жұмыс та табылады. Америкалық жастар жұмыс таңдамайды және дәмхана ыдысын жуса да намыстанбайды. Бастысы, жұмысы бар.
Жастарының арасында бәсекелестік бар шығар. Бірақ оны сыртқа көрсетпейді. Әркім өз жолын таңдаған да қателеспесем деп ойлайды. Мамандықты да өз қалауы бойынша таңдайды. Қашан көрсеңізде бетіңізге қарап жымиып жүргені. Көмек сұрасаңыз бетіңізді қайтармай керегіңізді тауып, адассаңыз жолыңызды көрсетіп жібереді. Бірақ әрине, киім кию жағынан келгенде батыстық сән үлгісі қалыптасқан. Америкалық жастар бастысы өзіне не ыңғайлы соны киетініне көзім жетті. Ал қазақ жастарының көбін болашағы қатты мазалайды. Оқуға қалай түссем, жатақхананы қалай алсам, жұмыс қалай табамын деген сұрақ қатты мазалайды. Бұл мәселелер адамды стреске ұшыратып, ызақор етеді. Қазақ жастарының бойында жиналған стресс оларды ерте есейтіп, ерте өмірдің ыстығына салып жіберетіндей көрінеді. Және жастар тіршілік қамы деп көбіне жасқаншақтау, ұяң болып кеткендей. Әрине, бәрі емес. Бірақ менің көп байқағаным осы.
- Сіз спорт тілшісі ретінде елге таныссыз. Енді спорт журналистикасының маманы ретінде АҚШ үкіметінің спортқа қаншалықты көңіл бөлетіндігін байқадыңыз?
- АҚШ елін әлемге танытып отырған бірден бір сала спорт дер едім. Бұл елде бұқаралық спорт мықты дамыған. Бассейн мен мұз айдынға бару өте арзан. Кез келген жерде спорт алаңдары көп. Теннис ойнау да қымбат емес. Кез келген мектеп немесе университет оқушысы бір спорттық үйірмеге қатысатынын байқадым.
- Сапардан түйген ең басты нәрсеңіз не болды?
- Әрине, АҚШ әлемдегі ең бай, ең қымбат елдердің бірі. Біздің ол жақтан аларымыз көп. Бастысы, халықтың мәдениеттілігі. Әрине, экономикасы мен инфрақұрылымы озып кеткен елді қуып жету қиын. Бірақ адамды адам ретінде санап, адамның болашағына алаңдайтын елден үйренеріміз көп.
- Массагет жастарына айтарыңыз?
- Қазақ жастарының бір шет тілін білгенін қалаймын. Ағылшын тілін меңгерсеңіздер кеңістік ашылып, мүмкіндіктеріңіз арта түседі деп ойлаймын.
- Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан: Еркебұлан Қайрахан
Суреттер: Руслан Меделбектің жеке мұрағаты