QazaqGeography экспедициясы Хиуаға жетті

QazaqGeography экспедициясы Хиуаға жетті
Фото: Ернар Алмабек

10 мамыр күні Астана қаласынан жолға шыққан QazaqGeography экспедициялық тобы бүгін Өзбекстанның Хиуа қаласына жетті. Солтүстік-Оңтүстік Аралға арналған «Арал-2018» ғылыми-танымдық экспедициясының құрамында massaget.kz порталының фотографы Ернар Алмабек те барын хабарлаған едік. Әріптесіміз көне Хиуа қаласына жеткендерін хабарлай отыра, қала көшелерінде түсірілген бірнеше суретпен, шағын ақпаратпен бөлісті.

 – Қалалардың арақашықтығы ұзақ болғандықтан, жолда күн райы жиі өзгеруде. Алыс жолдан ат арытып келген экспедиция құрамын Самарқан жаңбырмен қарсы алса, Бұхараның аспаны шайдай ашық болды, ал Хиуада бүгін күн бұлттанып тұр. Жергілікті халық экспедицияға қызығушылықтарын білдіруде.  Қонаққа шақырып, жол сілтеп, кеңестерін айтып, қолдан келген көмектерін көрсетіп жатыр. Тұран даласының кеңдігі сияқты халқының да көңілі кең екен ғой, шіркін!

Бес көліктен тұратын экспедиция Өзбекстан шекарасына он алты адам боп кірген. Хиуадан бұл топқа тағы 4 ғылыми зерттеуші қосылды. Бүгін олар осы қалада ертеңге дейін демалып, 20 адамдық құраммен қайтадан жолға шығады.

Астанадан бастау алған экспедиция қазіргі уақытқа дейін 3000 шақырымға жуық қашықтықты жүріп өтті. Тарихи орынға айналған әйгілі Хиуаға барар жолда олар Ташкент, Самарқан, Бұхара сияқты Өзбекстанның үлкен қалаларын басып өтті. Алда әлі мыңдаған шақырымдық жол бар.

Массагет жаңалықтарын Telegram желісінен оқу үшін "1"-ді басыңыз!

А. Қажиев