Помпейде туристерге арналған жаңа нысан ашылады. 2019 жылы Неаполь шығанағы маңында археологтар тапқан асхана келушілерге есігін айқара ашады. Рас, бұл жерде қонақтарға тамақ берілмейді, тек біздің заманымыздың 79 жылы Везувийдің атқылауынан кейін де мінсіз сақталып қалған фрескаларды тамашалауға мүмкіндік беріледі. Мамандардың айтуынша, оның тарихы шамамен 2000 жылды құрайды. Бұл туралы The Guardian жазды.
Термополий үйректер мен әтештер және ат үстіндегі су асты патшалығы нимфасы мен байланған ит бейнеленген түрлі түсті фрескалармен безендірілген. Қазылған жерден қыш құмыра, ешкі, тауық, шошқа, балық сүйектерінің қалдықтары және ұлу қабықтары табылды. Шарап құмырасының түбінен зерттеушілер сусынға қосылған ұсақталған бұршақ үгінділерін тапты.
Тарихшылар мұндай термополий бүкіл қала бойынша шашыраңқы орналасқан деп мәлімдейді. Онда кедейлер тамақтанған, себебі олардың үйлерінде асханасы жоқ еді. Мейрамхана мәзіріне тұтас нан, тұздалған балық, қайнатылған ірімшік, жасымық және дәмді шарап кірген.
Археологтар тапқан асхана V Regio алаңында орналасқан. Бұл жерде қазба жұмыстары 1960 жылдардан бері қарқынды жүргізіліп келеді. Бұл аймақта екі ежелгі сарай бар, олар да жақын арада ашылады.