Пингвиндермен жүздескіңіз келсе...

Пунта Томбо – Аргентинаның оңтүстік-шығыс жағалауындағы жұқа құм қабаты, қиыршық тас, саз балшықпен көмкерілген қарапайым мекен. Алып жатқан аумағы шамамен 3 шақырымдай болады.

Оны тіптен қарапайым екен деуге асықпаңыз! Сіз бен біз жиі көретін жағалаудан айырмашылығы бұл өңірге пингвиндер қоныстанады. Пунта Томбо – әлемдегі пингвиндер ең көп жиналатын аймақ. Қыркүйек және сәуір айларының аралығында миллиондаған магелландық пингвиндер осы өлкеге жиналып, жұртшылықты қуанышқа бөлейді.

Магелландық пингвиндердің көлемі аса үлкен емес. Бойларының ұзындығы бар болғаны 50-70 сантиметрге жетсе, салмағы 5-6 келіні құрайды. Аталған пингвиндер ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың тоғысында жойылып кету қаупінде тұрғанымен, арнайы жүргізілген шаралардың арқасында бірте-бірте қалпына келе бастады. Олардың жағдайы қазір де мәз емес, планетамызда 1,8 млн. жұбы ғана тіршілік етуде.

Білесіз бе, магелландық пингвиндер өте тұрақты (өз махаббатынан танбайды) келеді. Бір рет қосылған еркек пингвин мен ұрғашы пингвин ешқашан бір-бірінен ажырамайды. Ол аз десеңіз, пингвиндер бір ұяны бірнеше жыл бойы пайдаланады. Яғни, былтырдан қалған ұя биылғы жұмыртқа үшін де жарамды.

Жыл сайын Пунта Томбо жеріне әлемнің түкпір-түкпірінен 65 мыңнан астам туристер қонаққа келеді. Мұнда жету үшін 180 шақырым жердегі Пуэрто-Мадрин қаласына дейін тікұшаққа отыру керек. Немесе Трелью қалашығына (110 шақырым алыста орналасқан) жетіп алуға болады. Бұл жерде әлемнің ешбір жерінде кездеспейтін "валлиялық шәйды" ішіп Аргентинадан естелік ретінде қой терісінен жасалған бұйымдарды сатып алуды ұмытпаңыз.

Пунта Томбоны таңдаған туристер үшін кереметтей құстардың алаңсыз тіршіліктеріне зиян тигізбеу үшін арнайы жолдар мен көпірлер салынған. Пингвиндер адамдардан еш қорықпайтын көрінеді. Сондықтан сіздің жаныңызға келіп тұрып алса, еш таңқалмаңыз. 

Міне, Пунта Томбо бүгінде осындай зообақтың қызметін атқарып жүр. Бірақ кімнің кімді тамашалайтынын ажырату қиын-ақ...

 

writeFlash({"src":"https://www.youtube.com/v/jDK8rvU0LHk","width":"425","height":"350"});

Суреттер:shooow.me,ria.ruwww.exomapia.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева