- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Париж синдромы...
Париж синдромы
Қытайдың шығыс жағалауында, Парижден 9 мың километр қашықтықта орналасқан, бірақ Гюстав Эйфель тұрғызған Эйфель мұнарасындай өз аналогиясы бар, Франция астанасындай өз сәулеті бар Тяньдучэн қаласы орналасқан. Бұл қаланың "елес қала" деген аты бар, ал туристер "Кіші Париж" деп атап кеткен.
Чжэцзян провинциясының астанасы Ханчжоу маңындағы кішігірім бұл қаланың негізі 2007 жылы қаланды. Жоспар бойынша мұнда 10 мыңнан аса тұрғын тұруы тиіс болған. Бірақ басында тек бестен бір бөлігі ғана тұрақты тұрғынға айналған. Себебі қала қалталы қытайлықтарға, Париж атмосферасына енгісі келетін шетелдіктерге арналған. Орналасқан жері мегаполистерден алыс болғандықтан, Тяньдучэнге көшуге адамдар асыға қоймаған.
Қала салмас бұрын қытайлықтарда бірнеше мақсат болды: инвесторлар тарту, ЖІӨ деңгейін арттыру, пайдаға аспай жатқан бос жерді туристік, курорттық мекенге айналдыру. Сол уақытта Қытайда Тяньдучэн қаласы сияқты Инкоу, Жаңа Хэби, Темза-таун, Чэнгун, Цаофэйдянь, Ордос қалалары да бой көтере бастады. Ал Тяньдучэннің бүкіл жобасы өзгелерден түбегейлі дараланып тұрды. Себебі бұл қалаға Париждің сәулеті интеграцияланды. Қала 10 жылда салынып бітті. Нәтижесінде Елисей алаңы, Эйфель мұнарасы сияқты Париждің сәулет туындыларының көшірмесі пайда болды. Көшірме өте сәтті шыққан. Қалаға кездейсоқ тап болғандар "мынау Париждің өзі ғой?" дейтіндей әсер алады. Қаланы Парижбен үндестіретін тек Эйфель мен Елисей алаңдары емес. Қала көшелеріндегі үйлер, дүкендер француздар сүйетін арт-нуво стилінде салынған.
Қытайлықтардың мұндай қадамына тек париждіктер ғана емес, бүкіл шетелдік бұқара таң болды. Франциялық фотограф, графикалық дизайнер Франсуа Прост Тяньдучэнге аттанып, сәулет өнерінің көшірмелері мен түпнұсқасын «Paris Syndrome» сериясында салыстырып көрген екен. Төмендегі суреттердің оң жағында париждік түпнұсқа, сол жағында "made in China".
Франсуа Просттың сөзінше, мұнда жас жұбайлар үйленгенде суретке түсуге көп келеді екен. Сондай-ақ Эйфель мұнарасы үшін келетіндер өте көп. Көшірме әр жұма, сенбі сайын Париждегі мұнара сияқты жарыққа бөленеді.
Бұл жоба 4 жыл бұрын (2014 жыл) құрдымға кете жаздаған, бірақ қазір қалада 30 мыңнан аса адам тұрады.
Massaget.kz