Алжир жеріндегі Сиди Бель Аббес қалашығына жақын маңда өте ерекше өзен бар. Бұл су қоймасының атауы Жер шарына әр түрлі болып таралған. Біреулер оны "Сиялы өзен" десе, келесілері "Әзәзілдің көзі" деп жатады, енді бірі "Қара өзен" немесе "Сиясауыт" деп атайды екен.
Өзеннің мұндай ерекше атауларды тағынуының өзіндік себептері бар. Сенесіз бе, әдетте өзенде су толып жататын болса, бұл жерде оның орнына кәдімгідей сия ағып жатыр. Сияның улы болғандығы соншалықты, өзенде бірде-бір балық та, өсімдік те жоқ.
Зерттеуші ғалымдар ұзақ жылдар бойы Сиялы өзеннің құпиясын шеше алмай келген болатын. Бірақ, дамыған жаңа технологиялардың арқасында тылсым табиғаттың жұмбағы бір сәтте анықталды. Мұндай қойманың пайда болуына әсер еткен ең басты дүние - өзенге келіп құятын қос өзен. Біріншісінде темір тұзының концентрациясы өте жоғары болып келсе, екіншісі шымтезекті шалшықты шайып өткен түрлі қоспалардан тұратын өзен.
Осындай ерекшеліктерге ие қос өзен бір-бірімен қосылып, химиялық реакцияға түседі. Екі жақтан ағып келетін өзен ағыстары еш тоқтамайтын болғандықтан, қоймадағы су да сарқылған емес.
Бұл жердің байырғы тұрғындары ғалымдар тұжырымымен келіспей отыр. Олар өзеннің басқа сыры бар дегенді айтып отыр. Тіпті, кейбір тұрғындар өзен - әзәзілдің ісі деген пікірді ортаға тастаған. Расымен де, қосылған қос өзеннің осындай кереметті тудыруы мүмкін емес нәрсе болып көрінбей ме?
Қара өзеннің сиясын Алжир аумағындағы кеңсе тауарларына арналған дүкендерден ғана емес, көптеген елдерден ұшырастыруға болады.
Суреттер:onyriaresorts.com, golfholidays.com, today.kz
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева