Ойыншық ел

Ойыншық ел

Саяхатшылар қауымы Мальтаны "ойыншық ел" деп атап жатады. Расымен де, бұл өлкеде өзен де, тау да жоқ, қала дегеннің өзі екі-үш көшеден, саусақпен санауға болатын үйлерден құралған.

Бұған қарамастан, осы бір үш жерортатеңіздік аралдар Еуропадағы драмалық оқиғалардың басы-қасында болды. Олар ең ұлы тарихты, бай мәдениетті бойларына сіңірді. Осыншама кішкентай бола тұра, адамзат тарихындағы қайталанбас мәдени ескерткіштерді жинаған жер бетінде басқа бұрыш кездеспейді.

Мальтаның құшағындағы құпия оқиғалар, ұлы сәулет ескерткіштері, қонақжай халқы, ғажайып табиғат күллі Еуропаны сусындатып тұр.

Сондай-ақ, Мальта – еңбек демалысы үшін таптырмас мекен. Тыныштық ұялаған жағалаулар ой қорытуға, армандауға себепкер бола алады. Өзіңізге келуге мүмкіндік бар. Елдің тарихымен жақынырақ танысу да қиын емес, детективті роман оқып шыққанмен бірдей дер едік.

Мальтаның тарихы неолит дәуірінен басталады. Тарихшылар елді екі кезеңге бөліп қарастырады: жаңа тас ғасырындағы мегалиттік мәдениет жән рыцарлар мәдениеті.

Мальта жерінде Гиза пирамидалары сияқты әлемдегі 1000 мегалиттік ғимараттардың 500-і орналасқан. Олар бірнеше тонна алып тас сеңдерінен тұрғызылған. Қазіргі техника дамыған заманның өзінде мұндай дүниелерді жасау, тастарды жоғары көтеріп қою өте қиын.

Мальтадағы жұмбақ ғибадатханалар мен жартастардағы әртүрлі суреттер әлем тарихшыларының назарын аударып келеді. Ел аузында арал өміріне қатысты шындыққа бергісіз алуан аңыз айтылады.

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева