Бағзы замандардан бері адамзат баласы түрлі ойын-сауық орындарын салып келе жатыр. Адамдардың бір-бірлерімен кездесіп, көрісуі үшін салынатын мұндай орталықтардың қатарына жасанды бақтардан бастап ( Вавилондағы аспалы бақ), спорттық-мәдени орталықтар мен театрлар жатады. Тарихтың иісі аңқып, жаңаның лебі есіп тұратын дәл осындай ойын-сауық кереметтері бүгінгі тақырыбымыздың арқауы екендігін біліп отырған да шығарсыз.
Шекспирдің «Глобус» театры
Уильям Шекспирдің пьесалары қойылған «Глобус» театры 1599 жылы Ұлыбританияның астанасы Лондон қаласында, Тема өзенінің бойында салынған. 1644 жылы оның қамыс шатыры өртеніп кеткен екен. Кейіннен, 1970 жылы американ әртісі, режиссер Сэм Уанамейкер жаңа театр салу жөнінде ұсыныс жасайды.
Нәтижесінде, жаңа театр 1997 жылы "Шекспирдің Глобус театры" деген атпен ашылды. Бүгінде бұл театр күллі театрсүйер қауымға кеңінен танымал. Оның да шатыры қамыстан жасалған. Қойылымды бір мезгілде 1600 көрермен тамашалай алады.
Лонглит Лабиринті
Мыңдаған жылдар бойы лабиринттер адамдарды таңқалдырып келеді. Грекия жерінде алғашқы лабиринттер б.з.д. 1200 жылы пайда болған. Дүние жүзіндегі ең ұзын лабиринт – Лонглит лабиринті. Оны салушы Ұлыбританиядағы Уилтшир графтығында тұратын Грег Брайт. 1978 жылы ашылған лабиринтте 16 мың шілік ағашы отырғызылып, алты ағаш көпір салынған.
Алғашында оның көлемі 2,7 км болса, қазір күн өткен сайын ұлғайып келеді. Лабиринт екі бөлімнен тұрады, оны айналып шығу үшін бір жарым сағат уақыт кететін көрінеді.
Джордж Помпиду атындағы өнер орталығы
Джордж Помпиду орталығының дизайны мен ғимараттың ішіне жасырылмай, сыртына орналасқан лифттер, ерекше мұнаралар келушілерді таңқалдырып келеді. Аталған мәдениет орталығына бір күнде 25 мың адам келеді екен.
Ғимарат 1972-1976 жылдар аралығында салынған және өз шатырының астына мәдениет, өнер саласының түрлі бағыттарын: көрмелерді, кітапханаларды, кинотеатрларды, ғылыми-зерттеу орталықтарын біріктірген. Көк мұнара – ауаға, жасылы – суға, сарысы – электр тоғына арналған. Ал адамдар жүретін жолдар – қызыл түстермен әрленген.
Жалғасы бар...
Суреттер: autotravel.ua,foto.otpuskekx.ru,otpuskrk.ru,euroupe-turizm.ru,style.rbc.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева