Өлім халіндегі қала

Италияның сұлулығы таңдай қақтырар қалашықтарының бірі - Чивита ди Баньореджо Римге таяу маңдағы дөңесте орналасқан.

Егер ол сондай көрікті болса, неге өлгелі жатыр деп отырған боларсыз. Қала шынында да өлім халінде. Өйткені, бір кездері болған аса ауыр жер сілкінісінен кейін қала тұрғындары өз үйлерін тастап кеткен. Дәл осы жағдайдан кейін Чивитаға «La Citta che Muore» («Өлім халіндегі қала») деген екінші ат берілді.

Ежелден бері келе жатқан қаланың 2500 жылдық тарихы бар. Алайда, қала жайсыз жерде орналасқандықтан, тұрғындарға тамақ пен су жеткізу қиындыққа соғатын. Бұл – болмашы қиындық екен. Ең ауыр трагедия 1695 жылы орын алды. Осы бір қауіпті табиғи құбылыстан кейін Чивита ди Баньореджоның көптеген үйлері қирап, небір әдемі көпірлер тас-талқан болды да, қала тіршілік қайнап жатқан әлемнен біржола алыстап қалды.

Уақыт өтті. Билікте отырған адамдар қалаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қаланы қалпына келтірді. Өкінішке орай, бұл еңбек те еш кетті. Бұлай дейтініміз, ХХ ғасырдың ортасында өте сирек кездесетін жойқын апат орын алып, енді ғана аяғынан тұрып жатқан халыққа қайғы-қасірет алып келді. Тағы да жер сілкінісі...

Әбден үрейлері ұшқан халық өз үйлерін тастап, өзге жұрттан пана іздеп кете барды. Италия үкіметі де қарап қалмастан, көшіру жұмыстарына кірісіп кетті.

Бұйрық шыққандығымен, кіндік қаны тамған жерлерін тастап кетуге қимаған көне көзді адамдар әлі күнге дейін қалада тіршілігін жалғастырып келеді.

Қалада әдемі субұрқақтар, көрікті саябақтар, жайлы қонақ үйлер, мейрамханалар да жоқ емес. Жаз айларында осында келетін көптеген туристердің арқасында өлім үстінде жатқан қалаға қан жүгіріп, сәні келіп қалады.

Бұл да уақытша. Күн суыта салысымен қараңғылық пен көңілсіздік орнап, қала өлімді күтіп жатқандай кейіпке еніп сала береді...

Суреттер:subscribe.ru,katerinaktokuda.livejournal.com,doseng.org,diana-indigo.livejournal.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева