Нью-Йорктың орталық саябағында орналасқан Манхэттен аралшығындағы суатта жыртқыш жыланбас балық пайда болды. Жергілікті тұрғындар жануарды өздерінше "франкенфиш" (франкенбалық) деп атап кеткен.
Осы орайда қалалық және саябақтың қауіпсіздік қызметінің мамандары халықты абай болуға шақырды.
Жыланбас балық – алабұға отрядына жататын, тұщы суларда өсетін балық. Ұзындығы 85 см дейін, массасы 7 кг дейін жетеді. Жыртқыш желбезек асты мүшесі арқылы ауамен демала алады. Сонымен қатар, құрлықпен де жорғалай алады.
Мамандар балықтың саябақ аймағында пайда болуы жергілікті экологиялық балансты бұзады деп отыр.
Жыланбас балықтар АҚШ жеріне аквариумде асырау үшін декоративтік балық ретінде әкелінген. Бірақ кейінірек еркіндікке шығып, ел аумағында көбейіп, тарап кеткен. Мемлекеттік табиғатты қорғау қызметі қазіргі кезде жыртқыш балықтың популяциясын тоқтату мақсатында күрес жүргізіп жатыр. Тіпті 10 штатта жыланбас балық асырауға болмайтын жануарлардың қатарына кіргізілген.
Айта кетелік, жыланбас тоған шаруашылықтарында жақсы өсетіндіктен, Қазақстанда Әмудария, Сырдария су алаптарында өмір сүреді.
Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан
сурет: faruc.livejournal.com, yk-news.kz