Nomad Explorer "Оңтүстік аңыздары" экспедициясына шақырады

Nomad Explorer "Оңтүстік аңыздары" экспедициясына шақырады

Бірнеше жылдан бері еліміздің көрікті және тарихи маңызы бар жерлеріне саяхат жасап, ішкі туризмді дамытуға атсалысып жүрген Nomad Explorer тобы 20-27 сәуір аралығында 7 күндік "Оңтүстік аңыздары" экспедициясына аттанбақ. Марғұлан Сейсембай бастаған сапардың бағыты Жамбыл және Түркістан облыстарын қамтиды. 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, экспедицияның әр күні сағат-сағатына дейін жоспарланған және қатысушылар бір апта ішінде өңірдің тарихи маңызы бар нысандарымен танысып, көшпенділер рухын бойына сіңіріп, жақсы демалып қайту үшін барлық жағдай жасалған. 


Мысалы, бірінші күннің жоспары бойынша экспедиция Тараз қаласынан шығып, Қырғыз Алатауының етегіндегі Ақыртас тарихи нысанына барып, артынша Талас өзенінің оң жағалауындағы Тектұрмас кесенесіне жетіп, сол маңда түскі ас ішіп, жолай Қарахан, Айша бибі кесенелеріне соғып, кейін Берікқара шатқалындағы алғашқы лагерьге қоныстанады. Шатырлар тігілген соң, кешкі ас ішіледі, одан кейін экспедицияның басталуына орай ұйымдастырылған концерт болады. Бұдан кейінгі күндер де осындай қарқында өтеді. Жалпы сапар барысында Nomad Explorer тобы Ақсу шатқалдары, Ақмешіт үңгірі сияқты табиғи және Арыстан баб кесенесі, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Домалақ ана мазары, көне Сауран, Отырар қалалары сияқты тарихи ескерткіштерді көре алады.

Қатысушылар бір нысаннан екінші нысанға арнайы жабдықталған автобустармен жетеді. Әр автобуста сұрақтарға жауап беретін және қосымша мәселелерді шешетін жетекші болады.

Негізгі лагерь сапардың үшінші күнінде Қазығұрт тауына ауысады, ал бесінші күнде көне Сауран қаласының маңына көшеді. Осы уақыт арасында ескерткіштерді тамашалаумен қатар, экспедиция мүшелері тренингтерге қатысып, пікір алмасу алаңында қозғалған тақырып аясында ойын білдіріп, түрлі сала мамандарымен сұхбаттаса алады. Сондай-ақ, әр күнде флешмоб, қолөнершілер мен ауылшаруашылық өнімдер жәрмеңкесі, көрме, хайкинг пен трекинг, кино көрсетілімі секілді шаралар ұйымдастырылып, ұлттық ойындар ойналып, түрлі сайыстар өтеді.

Ал, экспедицияны көне Сауран қаласының маңында өтетін "The Soul of Nomads" концерті қорытындылайды. Оған еліміздегі этно-музыканы дамытуға үлес қосып жүрген "Үркер", "Тұран", "Magic of nomads", "Хазар", "Astar" топтары қатысады.

Осы уақытқа дейін Nomad Explorer ұйымдастырған экспедициялармен төмендегі сілтемелер бойынша таныса аласыздар:


Айта кетерлігі, экспедицияға қатысамын деушілер мына сілтемеге өтіп, билет сатып алуы тиіс. Алғашқы 300 билеттің бағасы 70 мың теңге. Оның құнына жол ақысы және күнделікті үш уақыт тамақтану кіреді. Билеттер сатылымы 30 наурызда аяқталады.
Y. Almabek