Ницца әуежайы

Ницца әуежайы

Бүгінгі сапарымыз Францияның оңтүстігінде орналасқан Ницца қаласының әуежайы жөнінде болмақ. Егер сіз Ниццаға, Монакоға, Сен-Тропеге немесе Канныға сапар шегер болсаңыз, сізге міндетті түрде осы әуежай жөнінде ақпарат қажет болады. Сонымен, теңіздің "бетіне" салынған Nice Côte d’Azur ("Көкшіл жағалау", Ниццаны осылай атайды) әуежайы құрылысы жағынан болсын, географиялық жағынан болсын ерекше орын саналады.

2

Қонар алдында ұшақтағы жолаушылар терезеден әуежайдың қону алаңын біраз уақытқа дейін көре алмағандықтан "ұшақ қазір суға қонады ма?" деп ойлайтыны бар. Оған әуежайдың теңіз деңгейінен бар-жоғы 4 метр биіктіктен және тура жағалаудан салынуы себеп. Сондықтан да жолаушылар құрлықты тек ұшақ қонарға бірер секунд қалғанда ғана көріп, жүректері орындарына түседі.  

2

3

6

Енді әуежай құрылымына келсек. Nice Côte d’Azur әуежайы Оңтүстік Еуропаның жаңа заманғы қақпасы іспеттес. Әуежайға әлемнің 26 елінің 71 қаласынан тұрақты түрде 41 әуекомпаниялары қатынас жасайды. Бұл жерде чартерлік рейстердің санын есепке алған жоқпыз. Сонда әуежайда аптасына 1500-ден аса ұшақ ұшып қонып жатады. Оның жалпы ауданы 3,7 шаршы шақырымды құрайды. 

Бүгінгі таңда онда екі қабылдау, жөнелту терминалы орналасқан. Тақташалардағы сөздер екі тілде француз және ағылшынша жазылады. Французша білмесеңіз, уайымдамаңыз. Әуежайдың барлық қызметкерлері ағылшын тіліне судай. Кез-келген сұрақ бойынша хабарлассаңыз, сізге міндетті түрде толық жауап береді. Әуежай ішінде бірнеше кафе және демалу орындары қарастырылған. Ондағы бір адамның тамақтануы орташа есеппен 40-60 еуроны құрайды. Ескерте кететін жәйт, темекі шегуге әуежайдың барлық жерінде қатаң тиым салынған. Айыппұл көрсеткіші де өте жоғары. Сондықтан егер сіздің осындай әдетіңіз болса, одан бас тарта тұруыңызға немесе рейске тіркелу басталмастан бұрын далада шегіп алуыңызға тура келеді. 

7

Енді әуежайдан қалаларға жеткізетін көліктерге тоқталсақ. Автобустар жағалауда орналасқан бірнеше қалаларға сапар шегеді. Олар: Монако, Ницца, Канны. Сондай-ақ олар Сен-Тропе демалыс аймағына да барады. Автобустар әр 10-15 минут сайын жүреді. Әуежайдан Ниццаның орталығына дейінгі аралық үшін сіздің қалтаңыз 4 еуроға жұқарады.

9

Бірақ ол билетіңізді күні бойы қала ішіндегі автобустарға пайдалана берсеңіз болады. Егер сіз қалада бір аптадай болатын болсаңыз, онда әуежайда орналасқан аялдама жанындағы ақпараттық бюродан бір апталық билетті 15 еуроға сатып ала аласыз. Сол кезде орталыққа қатынайтын №98 және №99 автобустардың билеті сізге 1 еуроға түседі. Ал енді назарларыңызға әуежайдан қалалар мен аудандарға қатынайтын таксилердің бағаларын ұсынамыз: 

  • Әуежай — Ницца — 60 еуро.
  • Ницца әуежайы — Антиба — 80 еуро.
  • Ницца әуежайы — Канны — 90 еуро.
  • Ницца әуежайы — Монте-Карло немесе Монако — 100 еуро.
  • Ницца әуежайы — Сан-Тропе — 260 еуро.

 

5

Айта кету керек, жеңіл көлік түрімен әуежайдан аталған орындарға жету уақыты орташа есеппен 20 минутты құрайды.  

 

Дайындаған: Болат Қосмағамбет

сурет: ©Болат Қосмағамбет 

Б. Қосмағамбет