Непал елінің гурунг халқы ғасырлар бойы Гималай тауы жартастарынан бал жинаумен айналысып келеді. Қазір, өкінішке орай, бұл аймақтың бал жинау дәстүріне әр түрлі коммерциялық және экскурсиялық іс-шаралардың әсерінен қауіп төніп тұр. 2013 жылдың желтоқсан айында фотограф Эндрю Ньювей орталық Непалдағы гурунг халқының арасында 2 апта болып, жойылып бара жатқан ата дәстүрдің қыр-сырымен танысып қайтты.
Фотограф ауа-райының қолайсыздығына байланысты алты аптаға кешіккен үшінші бал жинау маусымына дөп түскен. Ол кезде адамдар балды жинамас бұрын жартаста өмір сүретін құдайлардың көңілін баурау мақсатында ұйымдастырылатын рәсімді орындап жатқан болатын. Рәсім кезінде олар қойды құрбандыққа шалып, алтарьға гүл, жеміс-жидек және күріш секілді дүниелерді қояды.
Жинаушы көмекшілері әлемдегі ең ірі Apis Laboriosa араларын түтінмен уландырғанша жартаста арқанға ілініп күтіп тұрады. Бұл кезде бал жинауға біраз адам қатысып, төменнен және жоғарыдан бақылайды.
Жинаушы түтінге оранған ұяға бамбук ағашынан жасалған қаданы ептеп апарады. Қаданың басына арнайы себет мықтылап бекітілген. Ол жартаста тұрып қолындағы қосымша қадасымен араның ұясын себетке түрткілеп салады. Жинаушы себетті жеткілікті мөлшерде толтырған соң оны төмендегілерге жібереді.
Жинаушылардың бірі жоғарыда жүріп жатқан жұмыстың мән-жайын сатыда тұрып бақылауда
Бұл суреттен бал жинау кезінде жинаушының денесіне келтірілген жарақатты байқайсыз
Үш сағаттық ерен еңбектің арқасында жинаушылар ауылдарына 20 келі бал әкеліп, ошақ алдында дәмі тіл үйіретін тағамнан дәм татады.
Бал өнеркәсібімен айналысатын әр түрлі өндірушілер Гималай жартастарына қызығушылық танытып жүргендіктен, бұл аймақта бал жинау дәстүрі жойылып барады. Ал мұндай сортты бал Қытай, Жапония және Корея секілді елдерде жоғары сұранысқа ие. Әсіресе, шетелде көктемгі «қызыл» бал өтімді. Оның 1 келісі 15 АҚШ (2700 теңге) долларына бағалануда. Сол себептен көптеген коммерциялық ұйымдардың жергілікті тұрғындардың мекенін тартып алып жатқан жайы бар. Сонымен қатар, ауыл жастарының қалаға бет бұра бастауынан бұл іспен айналысатын адамдардың саны азайған.
Оқи отырыңыз:
Гарфи – әлемдегі ең қатал мысық
Күзде қайда демалуға барамыз?
Қытайдағы қазақ жастары атпен тойсеруенге шықты
Ақжар қызыл тауларына саяхаттап барсаңыз (Видео)
Дайындаған: Нұрбол Нұрмаханұлы
Сурет: interest-planet