Неге биыл Эверестте қайтыс болғандар саны жылдағыдан көп?

Әрбір альпинистің арманы әлемдегі ең биік шың – Джомолунгманы бағындыру. Алайда Жер шарының ең биік нүктесін бағындыру оңай болмай тұр. Жыл сайын арман арқалап барғандардың кемінде он шақтысы қайтпай қалып жатады. Ал биыл Эверест шыңын бағындыру жолында қайтыс болғандардың саны тіптен көп. Непал үкіметінің хабарлауынша, биылғы наурыз бен мамыр аралығында 20 альпинист қаза тауыпты.

Соңғы 2 аптада 10 альпинист қайтыс болған. Солардың бірі 44 жастағы британиялық альпинист Робин Хейнс Фишер Эвересттен түсіп келе жатып, "өлім аңғарына" келгенде оттегі жетпей қаза болған.

Everest Parivar Treks компаниясының айтуынша, ағылшын азаматы шыңға ұзақ уақыт бойы өрмелеуден соң, түсу кезінде әлсіздене бастаған. Жергілікті әкімшілік тау басындағы өлімге шаршау, оттегі жетіспеушілігі және шың басына деген ұзақ кезекті себеп етеді. Мысалы, 22 мамырдың өзінде шыңды 200 адам бағындырған. Келесі күн болса тағы 120 адам көтерілген. Осы аптада Эверестке шығу кезінде тағы бір 55 жастағы америкалық альпинист о дүниеге аттанған. Ол да шыңды бағындырып, түсіп келе жатқанда оттегі жетіспеушілігіне жүрегі шыдамаған. Соңғы күндері 3 үндістандық альпинист оттегі жетіспеушілігі мен әлсіздену салдарынан қаза болған. Олардың екеуі әйел. Зерттеушілер "егер шыңға ұзақ кезек болмағанда, бұлар тірі қалатын еді" дейді.

©birdinflight.com

Жыл сайын шыңға шығу құны қымбат болса да (шетелдіктер үшін 11 мың доллар) Эверестті бағындырғысы келетіндер азаймай тұр. Өткен жылы Непал үкіметі шыңға шығуға 347 лицензия берген болса, биыл оның саны рекордтық дәрежеде 381 лицензияға өскен. Жалпы, 2019 жылы 807 адам шыңға шығуға мүмкіндік алған.

Джомолунгманы бағындыру жолында қайтыс болғандарды эвакуациялау қиындығы себепті олардың мүрдесі шың басында қалып қояды.

Сонымен биыл Гималай тауының 8 мың метрден биік шыңдарын бағындыру кезінде 20 альпинист қайтыс болды. Олардың оны Эверестте, төртеуі Макалуда, үшеуі Канченджанга шыңында, қалған үшеуі Лхоцзе, Аннапурна және Чо-Ойю тауларында қаза тапқан.

Неге биыл Гималайда қайтыс болғандардың саны жылдағыдан көп?

Әр жылы Эверестті бағындырғысы келетіндер Гималайға наурыз бен мамыр аралығында жиналады. Себебі дәл осы уақытта Эверестте ауа райы жаймашуақ болып, жаңбыр мен қар да аз жауады.

Бірақ биыл, Гималайда ауа райы жылдағыдай болмай, жиі боран соғып, қар көп түскен. Соның кесірінен Джомолунгмаға шығу жолында ұзақ кезек пайда болған. Ал, альпинистер тау басында өздері есептегеннен де  ұзақтау қалып қойған.

Эверест шыңы ең қауіпті шың емес

Осы уақытқа дейін Джомолунгма шыңын бағындырғысы келгендердің 280-і шың басында мәңгіге қалып қойған. Құрбан болғандардың жартысы көшкін астында қалып қойса, 16 пайызы тау ауруынан қайтыс болған. Қазір жарты ғасыр бұрын қайтыс болғандардың кейбірі қайтадан қар бетіне шығып жатса, оған жаңадан жыл сайын ондаған мүрде қосылып жатады.

Әлемнің ең биік шыңы болып табылатын Эверест ең қауіпті шың емес. Эверестке шығу әрекеттерінің 1-2% ғана қайғылы аяқталады. Ең қауіпті шың Аннапурна тауларындағы 8 мың метрден биік Аннапурна І саналады. Оған шығушылардың үштен бірі қайтыс болады.

©Wikipedia

Тағы бір "өлімі шыңы" – Қытай мен Пәкістан шекарасындағы К2 шыңы немесе Чогори. Ол Эверестке қарағанда 239 метр төмен. Оған ҚХР жақ бетінен шығу өте қауіпті саналады.

Әлемдегі үшінші биік шың саналатын - Кэнчжэньчжэнь немесе Ялунг-Канға шығуға альпинистердің жүрегі дауалай бермейді. Себебі статистика бойынша соңғы 10 жылда оны бағындырғысы келетін әрбір 4 альпинисттің 3-еуі қаза тауып отырған.