Мысық ұшаққа 3 сағат бойы кедергі болды

Мысық ұшаққа 3 сағат бойы кедергі болды

Батыс Азия жолаушыларын тасымалдайтын ұшақтың ұшып кетуіне 3 сағат бойы мысық кедергі болды. Жануар пиолоттардың кабинасына кіріп барып, орындықтардың арасындағы тесікке сыйып кеткен. Дегенмен қонақты шығарып салу оңайға соқпады. Нәтижесінде аэропорттың кестесіне өзгерістер енгізілді.

Ұшқыштар мысықты тығылып жатқан жерінен бірдеңе қылып жүріп шығара алды. Дегенмен жануар олардың қолынан сытылып шығып, жолаушылар салонына қашып, құтылып кеткен. Алғашында жолаушылар әрлі-берлі жүгіріп жүрген стюардессаларға қарап таң қалғанымен, кейін мысықты ұстауға өздері де бел шешіп кірісіп кетті. Әйтеуір, түптің түбінде көп болып жүріп жануар қолға түсті.

Айта кетелік, бұл әуе тасымалы кезіндегі алғашқы жағдай емес. Мәселен үстіміздегі 2012 жылдың ақпан айында Галифакс-Торонто бағыты бойынша сапар шеккен жолаушы да ұшақ салонына мысық салып кіріп, нәтижесінде қол жануары пилоттардың кабинасына кіріп кеткен. Осының себебінен рейс 4 сағатқа кешіктірілген болатын.

Әуе терминалдарының қозғалысы тарихында мысықтардан бөлек басқа жануарлар да ұшуға көп кедергі болған. Мәселен Аустралиядағы Дарвиннен ұшып үлгерген ұшқыш кабинасында жыланның жорғалап жүргенін көрген. Осылайша ұшақты кері бұру туралы шешім қабылданып, әуе кемесі Дарвинге қайта оралған еді.

Ал қыркүйекте Брисбен - Мельбурн рейсінің экипаждары салоннан кішкентай тірі крокодил тауып алған. Дегенмен бұл жолы жануар қолға тез түсіп, ұшу уақыты кері ығыстырылған жоқ.

Дайындаған: Еркебұлан Қайрахан

сурет: mypicnikdesigns.blogspot.com

Massaget