Малайзия – әйгілі жазушылар Сомерсет Моэм, Антони Буртс, Пол Теоренің назарын аударып, шабытына шабыт қосқан жер. Мың түрленген Малайзия – Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Малакка түбегінің оңтүстік жағын және Калимантан аралының солтүстігіндегі Саравак, Сабах аумағын алып жатқан мемлекет. Он сегіз миллион тұрғынның елу бес проценті малайлықтар. Мемлекеттік тілі – малай тілі. Ресми тілдері үшеу – ағылшын, қытай, тамиль. Көршілес жатқан Сингапур да солай.
Малайзияның негізгі халқы – мұсылмандықты берік ұстанған суниттер. Елде ислам дінінің ықпалы күшті. Экономиканы дамытудың бір кепілі – темірдей тәртіптің орнығуы. Конституциялық монархияға негізделген Малайзияның он үш штаты бар. Оның тоғызын сұлтандар басқарады. Олар штатты басқару билігіне мұрагерлік жолмен келеді. Осы тоғызы бірлесіп арасынан бір сұлтанды бес жыл мерзімге елдің Жоғарғы билеушісі етіп сайлайды. Егер ол өз жұмысын абыроймен атқара алмаса, сұлтандар тағы да бас қойып, билеушіні тағынан тайдыруға ерікті. Орнын басатындар жеткілікті: сен тұр мен атайын сегіз сұлтан кезекте тұр. Ал билеуші өзі сайланған мерзімде халықтың көңілінен шықса, сегіз сұлтан бірлесіп, оны келесі мерзімге қайтадан бекітіп жіберуі мүмкін. Ал, қалған төрт штатты басқару үшін Жоғарғы билеушінің жарлығымен губернаторлар тағайындалады. Король – елдегі символдық тұлға.
1957 жылы 31 тамызда тәуелсізідігі жарияланған ел 1963 жылы Сингапур, Саравак және Сабах территорияларын біріктіретін Малайзия федерациясы болып құрылған. 1965 жылы Сингапур федерация құрамынан шығып кеткен.
Елдің экономикалық жағынан шырқап кетуіне 1970 жылдан бастап күшіне енген "Рукунегара" деп аталатын ресми идеологияның да ықпалы бар. Бұл "мемлекет негіздері" деген мағынаны білдіреді. Ресми идеология бес тұжырымнан тұрады: құдайға құлшылық ету, монрах пен мемлекетке берілгендік, Конституцияны құрметтеу, заңды қадірлеу, тәртіп пен әдеп өлшемдерін сақтау.
Малайзия теледидарынан таңертең және тұн ортасы ауғанда әнұран ойналады. Гимнің әрбір жолын елдегі этникалық топтардан шыққан әнші қыздар бір-бірлеп шырқап тұрады.
Елдің астанасы – Куала Лумпур әлемдегі ғимараттары биік қалалардың бірі. Астананың орталығына салынған қос мұнара биіктігі жағынан дүние жүзі бойынша зәулім ғимараттар саналатын көрінеді. Бұл мұнаралар үшкір тұмсығын қоса есептегенде, Нью-Йорктегі Эмпайр Стейт Билдинг ғимараты мен сауда орталығы үйінен де, Чикагоның көк тіреген үйлерінен де асып түседі екен.
Осының бәріне мәңгі жасыл Малайзия соңғы жиырма шақты жылдың көлемінде қол жеткізген. Аз уақытта нарық әлемінің алыбына айналған бұл елдің тәжірибесімен танысудың маңыздылығы да сонда.
Қазақстан мен Малайзияның арасында бірқатар ұқсастық бар. Екеуі де көп этносты, көп салалы мемлекет. Сондықтан екеуіне де даму жолында біркелкі факторларды ескеруге тура келеді. Олардың нарықты жоспарлау, қоғамды дамудың жаңа кезеңіне шығару тәжірибесінен үйренеріміз көп. Малайзияның экономикалық қарқын алуы жыл сайын 8-9 пайызға артып отыр. Тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету мәселесі толық шешілген. Жоқшылықтың шырмауынан шыға алмай жүргендер – малайзиялықтардың небәрі 10 пайызы ғана. Бірақ, олардың саны да жыл өткен сайын азайып келеді. Елдің мемлекеттік бағдарламасы "2020 жылға болжам" деп аталады. Малайзия сол бағдарламаның негізінде іргелі істерді жүзеге асыруды көздеп отыр.
Малайзияда қонақ үйлер, зауыттар, жолдар, тіпті мекемелердің алдындағы көгалдар да жеке адамдардың қолында. Көшеде автомәшинемен құйғытып келе жатқандар белгілі бір шақырым жүрген сайын жол ортасындағы қақпаға тоқтап, жолақысын төлеп отырады. Ел шетел инвестицияларын еркін әрі ұқыпты пайдалана біледі. Соның арқасында гүлденген мемлекетке айналды.
Малайлардың мінез-құлқына қазақтың дарқандығы да, мол пішілген аңғалдығы да дарыған тәрізді. Біздегідей болмашыға тоныңды теріс кигізетін шырт етпе шартық мінезді малайлар әлдеқашан сандыққа салып тастаған. Қиналмайды, қабақ шытпайды, оның есесіне істің көзін табудың басқа жолын ойлайды.
Малайзияның тұрғындары елдегі тәртіптілікті бұзбауға жанын салады. Кеңсе қызметкерлері таңертең жұмысқа келген бойда жеке карточкасымен белгіленуге міндетті. Кешке қайтарда да тіркеуден өтеді. Бір минут кешіксең, ескерту алуыңа жарап жатыр. Үш ескертуден кейін тағы тәртіп бұзсаң, мекеменің басшысы айқайлап, жүйкесін жұқартып әуре болмастан, жұмыстан шығарылғаның туралы бұйрықты күлімсіреп тұрып, қолыңа ұстатады. Мың жерден аяғына жығыл, ағайын-туыстарыңды сал, жолдас-жоралығыңды бұлдап көр – бәрібір малайзиялық бастық илікпейді. Өйткені, тәртіп солай. Қызметінен тәртіп бұзғаны үшін қуылған адаммен басқа жұмыс орындарының басшыларының сағынысып көрісе қоймайтыны тағы белгілі.
Көшелер мен тротуарлардың айнадай жалтырап жатуы да тәртіптілікке тікелей байланысты. Аяғыңның астына қоқыс тастадым дегенше, 500 доллар айыппұлыңды дайындай бер. Тәртіпті елдің тұрғындары уәделеріне берік. Келісілген жерге уақытында келеді. Соған орай сен де, дүние күйіп бара жатса да, жанығып жетесің. Уақытылы бармасаң, әр сағат, әр минутына дейін есептеп, күнілгері белгілеп қойған малайзиялық досыңның кезекті шаруаларына кесіріңді тигізесің. Біздегідей "Бір жұмыстармен шыға алмай, айналып қалғаным, қызмет бабы түсінесің ғой" деген сылтауыңды әзірлеп, жарты сағат кешігіп барсаң, іздеген адамыңды уәделескен жеріңнен таба қоюың қиын.
Тропикалық аймақта орналасқан Куала Лумпурдың көшелерінде жөңкілген бу көтеріліп, үнемі бусанып жатады. Ауық-ауық жылауық баланың көз жасындай жылы жаңбыр сіркіреп өтеді. Ала бұлт қоюланып, күннің қабағы түйіле бастаған сәтте нұрдың суы аспан айналып жерге түскендей ыстықтың бетін қайтаратын шығар деп ойлайсың. Қайдан... Қайта жаңбыр сіркіреген сайын қапырық аузыңды бақадай аштырады.
Малайзияның бұрынғы астанасы Малаккаға барар жолда елдің табиғатын армансыз тамашаладық. Төңірек түгел жап-жасыл, пальма ағаштарынан көз сүрінеді. Айтпақшы, мұнда "біз пальмадан түсіп, компьютерді үйрендік" дейтін сөз нақылға айналып кеткен. Жол жиегінде инабатты малайзиялықтар сияқты жапырағы иіліп, самсап тұрған ағаштарға қарап, табиғат-ананы аялау ел тұрғындарының қанына сіңген қасиет екеніне көз жеткізгендейсің.
Малайлар – ұлттық намысын ешкімге таптатпаған халық. Алпысыншы жылдарда ел бизнесінің 73 пайызын қытайлықтар иеленіп, небәрі 3 пайыз ғана үлес алған малайлықтар бір-ақ күнде тарпаң мінез танытады. Қытайлықтардың қанын судай ағызып, қойша қырады. Осы оқиғадан соң Малайзия парламенті жергілікті халықты мемлекеттік деңгейде қолдау туралы арнайы заң шығарды. Қазір елдегі ұлттық келісім саясаты бір халықтың хұқына екінші ұлттың қол сұғуына мүлде жол бермейді.
Біз кезде жолбарыстар жортқан қалың нудың арасынан бой көтерген жолбарыс тектес алып мемлекетті аралап көргенде, көңілге түйгеніміз осылар.
Бауыржан Омарұлы