Архитектура – өз бетінше бір өнер, ал оны өнердің басқа саласымен байланыстыру – үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ал қытайлық Хуайнань қаласындағы "Рояль мен Скрипка" үйі көптің көңілінен шығып жүр, демек жауапкершілікті ұмытпаған.
Сәулеттік композияцияның құрамында екі музыкалық аспап бар, 1:50 көлемдегі құрылыс алыстан-ақ шақырады.
Жобаны іске асыру үшін ойластырылған пішіндердің дәл осылай таңдалуында екі себеп бар – аспаптардың нышандылығы және пайдалы функциялары. Рояльдің пішіні көрме кешені үшін ыңғайлы болса, тік пішінді скрипка баспалдақты сыйыстыруға мүмкіндік береді. Келушілер скрипка арқылы рояльға шығып жүр.
Осылайша «Рiano and Violin Shaped Building» эстетикалық және практикалық талаптарға толығымен жауап бере алады.
Үйдің құрылысы 2007 жылы аяқталған болатын. Бұл кезде Аньхой провинциясындағы Хуайнань қаласы елдің назарын өзіне аудартуды керек етті. «Рiano and Violin Shaped Building» алдына қойған мақсатын орындады. Осы құрылыс арқылы қаланың мәртебесі биіктей түсті.
Рояль-үйдің дизайны төңірегінде таласты әңгімелер бар. Біреулер оны "мезі еткен постмодернизмнің" белгілері байқалады деп айыптаса, екіншілері студенттердің шала тірлігі деп менсінбей қарайды.
Рас, «Рiano and Violin Shaped Building» құрылысының жобасын Хефейск технологиялық университетінің студенттері жасаған. Ғимараттың құрылысына заманауи материалдар қолданылды, таптаурын емес (нетривиальный) сәулеттің мүмкіндіктері барынша пайдаланылған. Осының арқасында ғимарат күндіз және түнде әртүрлі кейіпке еніп, келушілерді таңғалдырып жүр.
Хуайнань қаласының миллиондаған тұрғыны өздерін айдай әлемге паш еткен «Рiano and Violin Shaped Building» ғимаратын мақтан тұтады.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com