Ұлы Будда ғибадатханасы – Пхукеттің ең көрікті мәдени ошақтарының бірі. 45 метрлік ескерткіш Чалонг ауданы Накакед тауында орналасқан. Бұл жерден аралдың шығыс және оңтүстік бөлігін оңай көруге болады. Тау теңіз деңгейінен 350 метр жоғары орналасқандықтан, ескерткішті өзге аудандардан да байқауға болады.
Бұл ескерткішке назарымды алғашқы күні-ақ аударғанмын. Оны көздің шалмауы мүмкін емес.
Ғибадатхана барлық күнде жұмыс істейді, әрі келушілерді тегін кіргізеді.
Оған кішкене автобустың, мотоциклдың және тук-туктың көмегімен жетуге болады.
Ғибадатханаға бара жатқан жол өте ұзақ әрі қызықты. Біз бара жатып адамдардың ағаштан ақсөл алып жатқанын көрдік. Ол туралы сәл кейінірек айтып беремін.
Түрлі тағам дайындалатын дәмханалар бар.
Ғибадатханаға жеткен бойда Будданың теріс қарап тұрғанын байқайсыз. Оның барлық ескерткіші шығысқа қарап тұрады.
Бойжеткендер ғибадатханаға кіру үшін тізесі мен иығын киіммен немесе жамылғымен қымтаулары керек. Саронг атты жамылғыны барлығы пайдаланатындықтан, өзіңізбен бірге ұзын белдемше және орамал ала баруға кеңес беремін.
Ғибадатхананың құрылысы бірнеше жыл бұрын басталған екен. Ол саяхатшылар мен жергілікті тұрғындардың қайырымдылық қорға берген ақшасына салынып жатыр. Адамзат тарихындағы ірі мәдениет ошағының салынуына сіз де үлес қоса аласыз.
Қайырымдылық қорына ақша берген соң мәрмәр тасқа есіміңізді жазасыз. Олардың көлемі мен бағасы әртүрлі. Мұнымен қатар, арман, тілектеріңізді жазып қалдыру үшін қоңыраулар сатып алу мүмкіндігіңіз бар. Оны артынша ғибадатхананың кез келген жеріне іліп қойсаңыз болады.
Көлемі әртүрлі қоңыраулар 350-600 бат тұрады.
Ғибадатхана толықтай салынып бітпесе де, ол жерге тақуалар жиналып құлшылық етеді.
Кез келген адам ойнауға рұқсат берілетін аспап ғибадатхана маңында орналасқан. Бұдан өзге кәдесыйлар сататын дүкендер бар. Ол жерден қалағаныңызды таба аласыз. Және сатушылар тауарын әрдайым келісімді бағаға өткізуге дайын.
Мұнда Рам V патшаға арналған ескерткіш те бар.
Барлық шәшкеге тиын салсаңыз, жолыңыз ашылады сынды ырымдар да жоқ емес.
Тақуалар келушілерге батасын береді. Оған тізерлеп баруыңыз керек. Әйел адамдардың сол білегіне, ер адамдардың оң білегіне арман, тілектеріңіз орындалсын деген ниетпен қасиетті жіп байлайды.
Баспалдақ та қоңыраулармен безендірілген. Ал Будда мен тақуалардың алтын ескерткіштері ғибадатхананы қоршап тұр.
Аңызға сүйенсек, Будда деп Сиддхарта Гаутама ұстазды айтады. Ол кішкене кезінде өзін ерекше санамаса да, қатарластарынан айтарлықтай айырмашылығы болған. Бір күні сарайдан шығып кәрі шал мен жерлеу рәсімін көреді. Мұң, қайғы, өлім, кәрілік сындылардың өмірде бар екенін осылайша біледі. Байлықтан артынша бас тартып, отбасынан алыстап, бар өмірін құлшылық етуге, кемелденуге жұмсайды. Діни рәсімдерді ұзақ уақыт орындап, төрт шындықтың бетін ашады. Әлемде қайғы және оның шегі мен себебі де бар екенін түсінеді. Гаутама осы сәттен бастап Будда атанады.
Ол жерге жалғыз баруға кеңес беремін. Өзіңізбен сырласып, көп нәрсе туралы ойлануыңызға мүмкіндік туады.
Оқи отырыңыз:
Менің Америкадағы күндерім
Менің Дубайдағы күндерім
Менің Еуропадағы күндерім
Менің Испаниядағы күндерім
Менің Лондондағы күндерім
Менің Қытайдағы күндерім
Менің Түркиядағы күндерім
Менің Тайландтағы күндерім
Менің Тайландтағы күндерім #2
Менің Тайландтағы күндерім #3
Менің Тайландтағы күндерім #4
Сурет: Massaget.kz