Менің Тайландтағы күндерім

Бала күнімде оқушыларын білім нәрімен сусындатқан ұстаз болуды армандайтынмын. Осы арманымды арқалап, қара шаңырақ ҚазҰУ-дай шаһарға келдім. Алып шаһарда өмірдің ыстық-суығынан дәм татып, қызықты күндерді бастан кешірдім. Көкейімде көп арман бар. Оларды тізіп жазар болсам, оқушы түгіл, студенттің дәптері де жарамас. Сол армандарымның бірі – күнді күн демей, түнді түн демей әлемнің түрлі елін аралап, өзге халықтардың өркениетімен танысатын стюардесса болу.
Санамызда қалыптасып қалған стереотиптер болмағанда бар өмірімді саяхатқа арнауға дайынмын. Қыз баласы болғандықтан, ата-анамның жиһанкездерше елді аралатып қоймайтынын білдім. Оларға еш ренжімедім.

Алматы споттинг клубы. Айдын Искаков

Әжемнің әке-шешем жұмысқа кеткенінде маңдайымнан сипап: «Құлыным, өзгені емес, өзіңді тыңда. Бұл жалғанға біреулер келсе, енді бірі кетеді. Әр күніңді соңғы күндей өткіз, бірақ көкейіңде мәңгілік өмір сүремін деген ой жүрсін. Көзің ашық, көкірегің ояу болсын. Басыңа білім тоқы. Ел көр, жер көр. Бүгінгі арманың ертеңгі болашағыңның қаңқасы», - деп айтатыны есімде. Осы сөздерді әр күн сайын қайталағандықтан, санама сіңіп қалыпты.

Массагеттің оқырмандарға ғана емес, біздей қызметкеріне берер пайдасы мол, үйретері көп. Алғашында мен де дәл өздеріңіздей оқырман болған едім. Өмірбек Сансызбай есімді достыққа адал, барынша бауырмал жігіттің арқасында бүгіндері қызметтес болдық. Досым, сырласым, группаласым, әріптесім ғана емес, туған ағам секілді. Көмек керек болса да, кеңес сұрасам да бірінші өзіне барамын.
Жақын күндердің бірінде шетелге шығу мүмкіндігі туды. Бір топ блогшы, журналист, споттер болып Тайландтың Пхукет қаласына аттандық. Алматының жылы самалының құшағында өскен мен үшін бұл ең жақсы жаңалықтардың бірі болды. Жаңбыр мен қар аралас ауа райы бар қақаған қысты ұнатпайтын едім. Жаздық киімдерімді шабаданыма салып алып, өзім аңсаған тағы бар шаһарға жол тарттым.


Сөзіме сенбейтін шығарсыздар, ұшақпен жол жүруді үйдегі мысығымнан артық жақсы көремін. Әсіресе, биікке көтеріліп, қону үшін жылдам жүретін сәтін. Тәуекелшілдікке баруды жақсы көретін мен үшін нағыз адреналин.
Үнемі Еуропа елдерін көріп, өркениетімен таныссам деп армандайтынмын. Ал Азия елдерінен айтарлықтай хабарым болмады. Ұнамай қала ма деген күдік те болғанын жасырмаймын.


Ұшақтағы 3,5 сағаттың ішінде өзіммен бірге ала шыққан «Бақыттың 10 құпиясы» кітабын оқып бітірдім. Сыртқа шығатын уақыт та келді. Жан-жағымда түрлі ұлт өкілі болғандықтан, алғашында қайда келгенімді түсінбей қалдым. Оң жағымда кәрістер, сол жағымда жапондықтар, түріктер, батыстықтар жүрді. Арасында отандастарым да көп болды.


Виза жасатып, әуежайдың төменгі қабатына түскен кезімізде моншаға кіріп келе жатқандай әсер алдым. Құдды біреу жаныма келіп сүлгі ұсынатындай болды. Қазақстандағыдай күйбең тірлік, асығу, жанжалдасу, кептеліс дегенді байқамадым. Әріптестеріммен осылайша аң-таң болып тұрғанымызда хор қызындай сұлу бойжеткендер жүгіріп келіп, мойнымызға гүлдер іле бастады. Бұрын-соңды көрмеген күлгін түсті гүлдің хош иісін сипаттап жеткізе алмаймын. Бірден дәл осы иіспен әтір бар ма екен деген ойға келдім. Өзімізді күтіп алған адамдардың күлімсіреп, иілгендеріне қарап, бізбен амандасып жатқанын түсіндік.
Көп ұзамай бізді қонаққа шақырған Pegas агенттігінің адамдары келіп, орыс тілінде сөйлей бастаған кезде шынайы әлемге қайта оралып, мұнда саяхаттау үшін келгенімізді еске түсірдік.


Бізді сәнбикелерше былай тұрыңыз, олай тұрыңыз деп жан-жақтан суретке түсіріп жатыр. Артынша бізді жүгімізбен қоса автобусқа тиеп алып, қонақ үйге қарай ат басын бұрдық. Пхукеттегі қызметті жоғары деңгейде көрсететін бес жұлдызды "Angsana Laguna" қонақ үйіне тұрақтадық.


Ауаның ылғалдылығы соншалық, жақын жерде кислород әкеліп беретін дәрігерлер бар ма екен деген ой келді. Ыстық жаңбыры туралы сәл кейінірек айтып беремін...
Әлемдегі сән үлгілеріне еліктеуді жөн көрмейтін бұл қалада күлгін түсті жақсы көреді. Интерьер, көше жарнамалары, тұрғындардың, қызметкерлердің киімдері күлгін түске боялған. Өздеріне жарасып-ақ тұр.


Межеленген жерге 40 минутта келіп жеттік. Қонақ үйге кіре салысымен қызметкерлер иіліп сәлем беріп, тағы да мойнымызға гүл іле бастады. Ол үнді фильмдерінде қалыңдық пен күйеу жігіт мойындарына тағатын гүлге ұқсайды. Гүл иісіне құмартып отырғанымызда кішкене стақанға күлгін түсті сұйықтық құйып алып келді. Әріптестеріммен бірінші ішкен адамды бақылайық дегендей бір-бірімізге қарап қоямыз. Осы сәтте 11 сынып оқып жүргенімде сынып жетекшімнің айтқан сөздері есіме түсіп кетті. «ҰБТ-да отырған кезде еш амалың қалмаса да, шпорды бірінші болып пайдаланбаңдар. Майданда алғашқы шептегілер бірінші қайтыс болады. Әдетте, бірінші қатардағы адамдарға ішімдік ішкізіп, алдыға жібереді. Сол секілді сендер де елігіп кетіп жүрмеңдер», - деп нығыздап айтатын. Арамыздан ең батыл деген біреуі дәмін татып, ішуге жарамды екенін айтты. Гүлден жасалған шырынды алғаш рет осы кезде ішіп көрдік.


Алғаш тұрақтаған қонақ үйіміз лабиринтке ұқсайды. Сол себепті біздерге таңғы ас кезінде адасып қалмас үшін, бір-бір картадан ұсынды. Ауласының қаншалықты кең екенін осыдан-ақ байқаған боларсыздар.
Қонақ үй Азия елдеріне тән стильде жабдықталған. Мұхиттың үстінде орналасқан шағын арал секілді. Бірінші қабатта тұратындардың есігін ашып, бірден бассейінге сүңгіп кету мүмкіндігі бар.


Алғашқы күні «Тайланд – әрдайым жүзінде күлкі үйірілген халқы бар, түрлі өсімдік пен жануар әлеміне бай, еш уақытта киіміңізге қарап сын айтпайтын, затыңызды қалдырып кетсеңіз де ұрламайтын, қолынан келген көмегін аямайтын мемлекет. Мемлекет халқы өте қонақжай, момын. Келген қонақты құшақ жая қарсы алады» деген пікір қалыптасты.


Ал екінші күніміздің қалай өткендігін, табиғаты, аралдары мен ғибадатханалары, театрлық қойылымдары, фауна, флора әлемі, сән, ұзын көше бойында орналасқан базары туралы келесі материалдарымда баяндайтын боламын. Бізбен бірге болыңыздар.


Армандаудан еш жалықпаңыздар! Меніңше, армансыз адам болашаққа қарсы бағытта жүрмек... Сол себепті армандарыңыз көп болғай!

Оқи отырыңыз:

Менің Америкадағы күндерім

Менің Дубайдағы күндерім

Менің Еуропадағы күндерім

Менің Испаниядағы күндерім

Менің Лондондағы күндерім

Менің Қытайдағы күндерім

Менің Түркиядағы күндерім

Сурет: Massaget.kz