Менің Шанхайдағы күндерім

Менің Шанхайдағы күндерім

Шанхай қаласы тазалық пен әдеміліктің, архитектуралық ерекше, дизайны өзгеше, биік-биік ғимараттар көрінісімен баурап алады. Әуежайдан түскен бойда бір топ журналистерді Kingston компаниясының Шанхайда орналасқан зауытының HR қызметкері Лики есімді сымбатты қыз күтіп алды. Бес-он минут кішкене кешіккен көлік үшін бізден кешірім сұрап, бәрімізді Пудун бизнес аймағында орналасқан қонақүйге жайғастырды. Ертеңіне зауытқа барған кезде Оливиа есімді сұлу қыз қатарымызға қосылып, Ликиге көмекке келді.

Мегаполис бола тұра қалада көлік кептелісі байқалмайды. Себебі, жолайрықтар жақсы жасалынған. Бірнеше қабатты етіп салынған жолайрықтар кептеліске жол бермейді. Әуежайдан қонақүйге жеткенше бір ойық жер байқалмады. Теп-тегіс. Бірге барған Александр есімді оператор жолдарының көп бөлігі асфальттан гөрі бетонмен жасалғанын байқапты. Қытай халқы қашанда еңбекқорлығымен ерекшеленгені белгілі. Сол қабат-қабат көпірлердің бойын гүлге толтырып қойған, жасыл желек жайқалып тұр. Қалаға келіп, қонақүйге жайғасқан соң, жақын жерлерді көріп келуге шықтық. Шанхайдағы бірінші мінген көлігім метро болды. 3 юань төлейсің. Біздің теңгемен 87-90 теңге. Халық лық толған метро тез әрі жылдам он-он екі линиямен жүреді. Арнайы қойылған терминал арқылы билет сатып аласың. Метроға дейін адамдар мотоцикл және велосипедпен келеді. Оларға арнайы тұрақ қарастырылған. Ал жеңіл автокөлік алу үшін алдымен лицензия алуың керек және арнайы курс оқып шығасың. Шанхайда автокөлік жүргізуші куәлігін алуға шектеу қойылған. Жылына белгілі бір санға дейін ғана беріледі.

Бірақ, бір байқағаным, қалада жаяу жүргінші емес машина басымдыққа ие екен. Жасыл түс жанса да, алдымен машина өтеді, сосын барып адамдар жүре бастайды. Жол ережесі көп жағдайда сақталмайды екен. Жолда тұтас қос сызықты кесіп өтпеу керек, ол ережені бұзғандық дегенді білдіретіні бәрімізге белгілі. Ал Шанхайда бұл ереже де сақталмайтынын көрдік. Тағы жергілікті халық оған әбден үйренген болса керек, ешқандай у-шу жоқ. Екінші мінген көліктің түрі – такси. Машинаның үстінде такси жазуы жасыл не қызыл түсті болып жанып келе жатса, демек ол бос. Жүргізушінің орны пластмассамен жартылай қоршалған, темекі тартуға тыйым салынады деген белгі бар және артта отырған адамдарға кішкентай телеэкран арқылы нешетүрлі телеканалдарды көруге болады. Егер сіз ештеңе таңдамасаңыз, теледидардан жарнама жүріп тұрады. Сіз отырған кезде арнайы есептеуіш құрылғысы (счетчик) нөлден бастап өсе бастайды, қажет жерге жетіп тоқтаған тұста, есептеуіш те тоқтатылады. Сонда қанша сан көресіз, соған сай ақша төлейсіз. Біз солай 18 км. жүріп 60 юань төледік. Олар мінез-құлық жағынан өте сабырлы, ұстамды екен. Қытайлықтар көп күлмейді, неге олай деп сұрасам, эмоцияны көп сыртқа шығармаймыз деген жауап алдым.

Қытай асханасы. Тағамдарына түрлілік жағынан сан жетпейді. Асханасы тағам түрлеріне өте бай. Ресторанға барғанда алдымен шөптесін өсімдіктерден жасалған салаттың 3-4 түрін қояды. Сіз оны жеп отырғанда, ыстық тамақ келеді. Ыстық тағамның да 2-3 түрін байқауға болады. Балықтан, тауықтан, теңіз өсімдіктері мен жәндіктерінен, өсімдіктерден жасалған тағамдар. Жеміс-жидектің бірнеше түрі дастарханға міндетті түрде қойылады. Мысалы, қуырылған бамбук, асшаян, лотос түбіртегі тәтті соуспен және т.б. барлық тамақтарында шөптесін міндетті түрде қосылады. Шошқа еті тағамның 80%-на қосылады екен. Қытай халқы нан мүлдем жемейді. Күріштен жасалған ұннан буға домалақ бауырсақ іспеттес нан пісіріледі. Олардың наны сол. Сұйық тамақтары не ащы, не тәтті болады. Міне, сіз тамақтанып болғанша, тамақтар дастарханға келе береді. Ас айналмалы үстелдің ортасына үлкен ыдыспен әкелінеді. Ортадағы үстел үстіндегі дөңгелекті айналдырып, астан өзіңізге қалауыңызша салып аласыз. Бір қызығы, дәмхана, асханаларында адамдар топталып жүреді. Біреу, екеу болып жүрген адамдар сирек кездеседі. Кем дегенде төрт адам немесе одан да көп болып жүреді. Біз тағам түрлерін таңдау еркін Ликиге сеніп тапсырдық. Себебі, көптеген түрлерден бас айналып, қайсысын таңдаймыз деп бірінші күні-ақ бір сағат уақытымызды жоғалтқан болатынбыз. Лики бұл істі беске орындап жүрді. Тек тапсырыс беріп қана қоймай, кімнің нені қалайтынына мән беріп жүріпті. Мұнысы маған қатты ұнады. Менің шошқа етінен жасалған тамақты қолданбайтынымды, тағы екі-үш журналистердің вегетариандық тағамды ұстанатынын байқап, арнайы мен үшін балық, тауық етінен жасалған тағамдарға тапсырыс беріп, мен үшін арнайы алдыртқанын білгенімде үлкен көңіл бөліп қарайтынына зор ризашылығымды білдірдім. Тұрғылықты халық маған үйде тамақ жасамайтын секілді көрінді. Себебі, таңертең ерте дүкенге кірсем, соның ішінде бірнеше адам тамақ сатып алып, таңертеңгі астарын ішіп отыр. Демек, адамдар үшін бағасы тиімді болғаны деген ойға келдім.  Бір күні түскі асқа бір дәмханаға бардық. Тамақтанып отырған жерде қытайша, ағылшынша, орысша музыкалар ойнап тұр. Бір кезде қазақша бір ән қойылды. Қуанып қалдым. Дастархандастар менің әнді түсінгеніп отырғанымды алғашында білмеді. Өзім мынау қазақша ән деп айттым. Қытайлықтар таң қалып тұр. Олар бұл әннің қазақ тілінде орындалып отырғанынан бейхабар болып шықты. Әннің мағынасын оларға аударып бердім.

Сусындарына келсек, ең көп қолданылатыны әрі ең танымалы – көк шәй. Көк шәйды демдеу әдісі де бөлек. Алдымен қайнатылған су құйылады, үстіне көк шәй салынады. Тұнған тұсында ішсеңіз болады. Дәмі ащы болған кезде үстіне қайнатылған су құйып отырасыз. Қытайда көк шәйды тек жас, нәзік те әдемі қыздар тереді екен. Себебі, жас қыздың қолы да нәзік болады. Ол жәй термей, сонымен қатар шәйға әдемілігімен сән береді. Сұлу қыздар жақсы жинайды, ұқыпты қарайды, сосын ол жерге тағы да жақсы, әдемі шәй өседі деген сенім бар екен. Ең басты сусындарының бірі – шөптесін өсімдіктерден жасалған шәй түрлері. Мысалы, түймедақ, жалбыз және т.б. 

Қолданыстағы тіл – қытай тілі мен ағылшын тілі. Біз орналасқан Пудун аймағы бизнес орталық деп есептеледі. Ондағы адамдар ағылшын тілін жетік меңгерген. Ал, қаланың басқа аймақтарына барсаңыз, ағылшынша білмейтіндер, түсінбейтіндер де бар. Қытай Халық Республикасында әлеуметтік желілерге шектеу орнатылған. Мысалы, фейсбук, ютуб, мой мир және т.б. желілерге тыйым салынған. Шанхайдың жастары қандай желілерді қолданады десек, олар тек қытайдың доменімен, қытай тілінде кіретін өз елдерінің әлеуметтік желілерін пайдаланады екен.

Сауда алаңы. Қытайлықтар саудаға бесаспап. Алғашқы сұрағанда он есе арттырып айтады. Саудаласа келе, сегіз-тоғыз есе түсіріп ала аласыз. Таңдау мүмкіндігіңіз өте кең. Түрлі-түрлі заттардан бас айналады. Саудагер айтқан баға сізге ұнамаса, бұрылып кете бересіз. Артыңыздан жүгіріп келіп, сізге қолайлы бағаға сатуға келіседі. Бұл да тауарды сатудың бір амалы.

Шанхайлықтар тек таза көлік түрін ғана мініп қоймай, денсаулықтарына жақсы күтім жасайды екен. Таңертең таңғы жаттығуды көшеге шығып, топтасып жасайды. Он шақты адам кеңсенің немесе жақын жерлердегі алаңға шығып, бәрі бірдей жаттығу жасап, қайталап жатады. Үлкен-кішісі өздерімен сөмкелеріне су салып жүреді. Қашан қарасаңыз қолдарында сулары бар.

Қалада «Юй Юань» бағы бар. Ол қуаныш бақшасы немесе асықпай демалатын орын деген мағынаны білдіреді. Бұл баққа кіру үшін ирелеңделген көпірмен жүру керек. Баққа апаратын жол неге ирек іспеттес десек, ол жаман жын, шайтанның жақсы демалыс орнына кірмесін деген мақсатта жасалған екен. Баққа кірген бойда басты кіреберістің үстінде аузына маржан тасын салып алған айдаһар бейнесі тұр. Ол маржаннан қуат алып, бақты жаманнан қорғап тұрады. Шанхайда Вай Тянь жағалауынан қала бойлап ағып жатқан Хуан Пу өзені бар. Осы тұстан Пудун бизнес аймағы өте әдемі көрініске ие болады. Өзен бүкіл қаланы түгел қамтитындай етіп жасалғандықтан, ағысы өте баяу және ластанған. Көлік жүретін туннельдер өзеннің ағысын бұзбау үшін өзен астымен алты метр тереңдікте жасалған.

Сапарымызды ұйымдастырып, барлық шығынды өз тараптарына алып, Қытайдың бір емес екі бірдей қаласымен танысуға мүмкіндік жасап, арнайы көлік, адамдар сайлап, үлкен дайындықпен күтіп алып, қауіпсіздігімізді қамтамасыз еткен Kingston компаниясының Шанхайдағы зауытының басшылығы мен қызметкерлеріне алғымыз шексіз.

Сучжоу қаласына сапар

Сучжоу Шанхайдан 100 км. батысқа қарай қашықтықта орналасқан қала. Мұнда көне дәстүрлі қытай бейнесі әлі да сақталған. Таңертең қонақүйдің қасындағы жағалауға бардық. Қызық бір көрініс еріксіз көңілімді аудартты. Қытайлық қыз әлде келіншек пе екен ыдысқа бірнеше балық салып алған. Ыдыстың қасында өте әдемі қытайша әуен ойнап тұр. Дәстүрлі қытай әні болса керек. Музыка ойнап тұрған аппараттың дауысы балықтарға арнап қойылған. Олар сол музыкаға билеп тұрғандай. Бұл көрініс жиырма минуттай жалғасты. Музыка қойып балықтарды билеткен келіншек жағалауға жақындап, ыдыстағы балықтарды суға жіберді. Бұл әрекеті сырттан бақылаушыға өте әдемі көрінеді екен.

Бұл қалада «Жолбарыс дәлізі» және «Луилу бағы», «Арыстан орманы» деп аталатын бақшалар бар. «Жолбарыс дәлізінде» гүлдерден жасалған көрмеге тап болдық. Тамаша әсемделген гүлдерден жасалған композициялар көздің жауын алады. Рахаттана қарап, тынығып қаласыз. Біз барған бірнеше бақшада арнайы Банзай, Бамбук, үйеңкі ағаштарына және т.б. түрлеріне арналған жерлер бар. Онда Банзайдың мыңдаған түрлері өсіріледі екен. Ал «Арыстан орманы» деп аталатын бақта тастан түзелген дүниелер сақталған. Оларды сақтап қалу үшін қытайлықтар жақсы күтім жасап келеді екен. Сол уақытта қолданылған тарихи дүниелер де көрме залдарына қойылған. Басқа бақтарға қарағанда осында адам қарасынан ине шаншар жер жоқ. Аптаның ортасына қарамастан, қытай халқы осында жүр. Он-он бес адамнан құралған топтарды арнайы гид, жол сілтеуші, қала тынысымен таныстырушы алып жүреді. Әрбір заттың, тастың, гүлдің, ағаштың тарихына тоқталып, қалай болғанын айтып береді. Қытай философиясына мән беруге, зер салуға үндейді. Жол сілтеушіміздің әрбір әңгімесі ертегі іспеттес. Тыңдай жүріп, сонда өзіңіз болғандай кейіпке енесіз. Бұл да болса қарапайым гид, жол сілтеуші қызметте жүріп, өз ісіне деген құштарлықты, халқының мәдениеті мен дәстүрін дәріптеуге атсалысып жатқанын байқадық.

Оқи отырыңыз:

Біз қолданатын USB-флешка қалай жасалады?

Жодлаған: Еңлік Ақжігіт

Алматы-Шанхай-Сучжоу-Шанхай-Алматы

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: автордан

А. Құлтай