Менің Жапониядағы күндерім

2013-2014 жыл аралығында Жапония мемлекетінің Саппоро қаласында білім алдым. Қаланың өзі Хоккайдо аралында орналасқан. Халқының саны 2 миллионға жуық, тамаша табиғатын сақтаған жер екен. Ең бірінші көргенім - университет болды. ҚазҰУ-ды үлкен санап жүрсем, одан да үлкен оқу орны бар екен. Ол - Хоккайдо Университеті. Қай жыл мезгілінде болмасын табиғатының сұлулығынан көзіңізді ала алмайсыз. Әр мезгіл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен саяхатшылар келіп, суретін салып жатқанына өзім куә болдым.

Саяхаттағанды жақсы көретіндіктен, барлығы қызық болды. Әсіресе, үйлердің кішкентай көлемі, біздің елдегі сияқты кішкене дүнгіршектердің жоқтығы, тіпті супермаркеттерде әрдайым дайын ыстық тамақ болатындығы, көшеде адамдар велосипедпен жүретіндігі қызық еді.


Бастапқы бір-екі айда аузым ашылып әр нәрсеге таңданып жүрдім. Көшелері Қазақстандағыдай кісі есімімен емес, тек оңтүстік-5, батыс-10 деп жазылып тұрады. Сол себепті, өзімнің үйімді таппай адасып жүрген кездерім де болды. Уақыт өте келе үйреніп кеттім.


Жапония мемлекетінде студенттер ақпаннан бастап екі айға созылатын демалысқа шығады. Сол аралықта басқа бағдарламамен барған екі қазақ қыз және якутиялық бір қызбен бірігіп, Токио, Осака, Нара, Киото, Кобэ, Иокогама қаларын араладық.

Токио қаласында қонақ үйлер өте қымбат екен. Біз 10 күнге Токионың Киншиче деген жеріндегі капсулалы қонақ үйге орналастық. Токионың әрбір саяхатшы баруы тиіс жерлерін араладық. Toyota музейінде болдық, Токио Sky Tree, Tokyo Tower, аниме ауданы деп аталып кеткен Акихабара, бұрынғы Император сарайында, Tokyo Disneyland паркінде де болдық. Токиода адамның көптігі соншалық, бір секундке көзіңізді жұмсаңыз, қасыңыздағы адамдардан адасып қаласыз.


Осака да өте керемет жер екен. Ол жерде Христофор Колумбтың Американы ашқан кемесіне отырдық. Осаканың ең биік ғимаратына шығып, бүкіл Жапон жерін көргендей болдық.


Нара қаласында бұғылар көшелерде жүретін еді. Адамдармен бірге еш қорықпастан жүрген бұғыларға өткен-кеткен адамдар печенье ұсынады екен. Үлкен Будда ғибадатханасына да бардық.

Киото өзінің көз тартар бамбук алаңымен, алтын және күміс ғибадатханаларымен көзге түсті. Киотоны ғибадатханалар қаласы деп атасақ та болады.

 

Қызығы мен шыжығына толы бір жылда әжептеуір тәжірибе жинақтап қайттым.

Сурет: Әсемгүл Жұмажанованың жеке архивінен