Қайырлы күн, достар! Әлемтанудың бүгінгі кейіпкері – Алматы қаласындағы алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының бірінде білім алып жүрген Баратов Шерзат есімді ұлдарыңыз. Шерзат бүгін сіздерге Еуропадағы – Финляндия, Испания, Италия, Франция, Германия елдеріндегі саяхаты туралы баяндап береді...
Жаз мезгілі болатын, алда үш ай "каникул". Өзімнің мамандығым екі шет тілі болғандықтан, неге тіл білімімді жақсартып, ел, жер көріп қайтпасқа деген ой келді. Жоспарда Америкаға қарай жол жүру бар. Осы ой жетегімен алғашқыда жастар арасында кең таралған Work and Travel бағдарламасына құжат тапсырған болатынмын, белгілі бір себептермен өте алмай қалдым да, көңіл күйім болмай жүргенде жаңа мүмкіндік туды, яғни, Еуропаға бару туралыс ұсыныс жасады, бірден барамын деп шешім қабылдадым. Ондағы шарт бойынша жұмыс істеймін, нақтырақ айтсам, Финляндияда құлпынай теретін болып бардым.
Тез арада құжаттарды дайындап Финляндияға қарай тартып кеттік. Бірінші Алматыдан Санкт-Петербургке ұштық, ол қалада үш күн болдым. Ондағы күндерім атақты, аңызға айналған ақ түндерге тура келді. Ғажап екен, түн құшағында әбден серуендедік.
Онан кейін Финляндияға бардық, ол жақта да осы ақ түндер маусымы екен. Түн батпайды, әрине ұйықтай бересің, бірақ жарықта ұйықтай берген сондай қызық көрінеді.
Бара салысымен Финляндияның Весанто қаласында жұмыс істей бастадық.
Финлияндия әлемде тәртіп жағынан бірінші орында тұрған ел екен. Бар болғаны 5 миллион халқы бар. Өте тыныш халық. Сосын, жас балалар өте аз, көбіне қарттар өмір сүреді. Үйлер де, университеттер де аз. Ең жақсы қала – астанасы Хельсинки. Өте шағын, бір сөзбен айтқанда тура өзіміздің Шымкент сияқты (күліп). Тез зеріктіріп жіберді. Елде орманды жерлер мен су өте көп. Табиғаты өте әдемі мемлекет екен. Қаласындағы ғимараттары өзгеше стильде тұрғызылған, ол туралы білімім жоқ болғандықтан, айтып жеткізе алмайтын сияқтымын. Көлік өте аз.
Ауасы өте таза, бірақ өмір сүруді оңай деп айтпас едім. Қымбатшылық шарықтап тұр, мәселен, нанның өзі 600 теңге тұрады. Ең арзаны сыра, ол – 200 теңге тұрады. Темекілері өте қымбат, 1500 теңгеге дейін барады. Темекі шегетіндер қатты қиналып жүрді.
Содан не керек, он күндей құлпынай тердім. Жұмыс өте ауыр. Басында Финляндияға қырық адам келген болатынбыз, оның отыз бесі Қазақстанға қайтып кетті. Құлпынай теру жұмысы бітіп қалды. Қысқасы, біз келіскен компания жарты жолдан тастап кетті, барлығы жұмыссыз қалды. Тым болмаса Еуропаға қыдырып қайтайын деп Францияға кетуге тәуекел етіп, шешім қабылдадым. Өйткені ол елде туысым – бөлем тұратын еді.
Ғаламтор арқылы Франциядан алдын-ала жұмыс тауып алдым. Он екінші күні екі қыз, төрт ұл Финляндияның Копио қаласына, одан Хельсинкиге бардық, ол жақта ұшу өте қиын екен. Содан кейін барып Ницца қаласына ұшып бардық.
Жалпы Еуропаның Англия, Португалия секілді елдерінен басқа барлық елдерінде болдым.
Францияның аты Франция екен! Ниццадағы алғашқы күнім керемет! Кереметтей, айтып жеткізе алмас әсерлер болды. Сұлу қала, ғимараттары ерекше, көп. Адамдары мүлде басқаша. Французша жақсы білмейтінмін, сол жақта жүріп үйреніп кеттім. Ницца – Көк теңіз жағалауындағы шипажайлық қала, теңіздің көрінісінен алған әсерім тіптен керемет!
Туристер Париж бен осы қалада көп жүреді екен. Брінші күні қонақ үй таппай, әуежайда қонуға тура келді. Ертесіне пәтер таптық, айына 350 мың теңге төлейтін болдық. Бастапқыда жұмыс жүрмей, қаржы жағынан қиындықтар пайда болды. Польшаның алпыс жастағы бір азаматымен таныстық, орысша сөйлейді екен, соның пәтерінде тұрдық. Сол кісі жұмыс жағынан қолдау көрсетті. Онда орысша сөйлейтіндердің өзін көрсең қуанып қалып жатасың. Бауырың секілді көрінеді.
Сол арада Италия жеріне сапар шектік. Онда үш күн болдым. Одан кейін Венеция қаласында болдық. Су құшағындағы қаланы көру бәрінің арманы шығар, мен де сол арманыма жеттім. Судан аздап иісі шығатыны болмаса жақсы екен. Өте әдемі қала.
Одан кейін Францияның Сан-Тропе қаласына бардық. Әйгілі Тиматидің өлеңі бар ғой? Соған бола ерінбей барып қайтайын деп ойладық. Дәл сол кезде біздің президентіміз іссапарда жүр екен. Қуаныштан «Қазақстан! Қазақстан!» деп айқайлап, елді сағынып жүргенімізді жасыра алмадық. Назарбаев қарағандай болып еді, оққағарлар өткізбей қойды (күліп).
Одан кейін Леон, Марсель қалаларында болдық, мұнда екі-үш күндей демалдық. Марсель портты қала, кемелері көп екен. Кейін Монако князьдіғіне аяқ бастық. Ол туралы айтарға сөзім жоқ. Ғаламат!
Францияда да қымбатшылықты байқадым. Бір айтарым Нутелло шоколады өте арзан, тек бізде 800 теңгедей тұратын тәттіні 80 теңгеге ала аласың. Нан 750 теңге, азық-түлік ұшып тұр. Адамдардың айлығы осыған лайықталып жасалғандығымен, артық қалу өте аз. Адамдары өте мәдениетті. Жаман ұлт болмайды, жаман адам болады деген бар ғой, соны айтар едім. Бір-бірлерін қатты сыйлап сөйлеседі екен. Өте турашыл адамдар, бетке айта салады. Шетелдіктерге де құрмет көрсетіп жатады.
Еуропадағы ең ұнағаны – Франция оның ішінде Ница қаласы болды. Германия да әдемі мемлекет екен, Испанияның халқы нашар көрінді, қалай десем екен, өте кедей тұрады. Иә, солай көрінді.
Одан кейін Испанияға бардық. Мадрид, Барселона қаласында болдық. Екі күннен, төрт күн болдық. Осы елде жүріп кемеге мініп көрдім, бұрын соңды мінбеген едім.
Қайтадан Францияға келіп, жұмыс істеп жүрдік те, он күннен кейін Германияға бардық. Берлиннің түнгі көрінісі өте әдемі екен. Ғимараттары да тым үлкен. Италия мен Германияның халқы көңілімнен шықпады. Адамдарға оғаш қарайды, сондай дөрекі келеді екен. Онда төрт күн болып, Ниццаға қайттық.
Бәрі жақсы болып, жұмысымыз тәуір бола бастағанда бір қиындықтар пайда болды (ол туралы айтып жатпайын). Үйге қайту керек болды. Билет қымбат болып, Париж арқылы Қазақстанға ұшуға тура келді. Парижге қарай жол жүрдік. Атақты Эйфель мұнарасын көрдім. Бәрі тез болды. Қазақстанымды әбден сағынғанмын, құлшыныс жоқ. Эйфельдің өзі ол сағынышты жеңе алмады, қарап отырып елім есіме түсті.
Париж расымен де әдемі қала, ауасының ластығы кедергі келтіріп тұр. Ницца секілді таза емес екен. Содан Париж арқылы Алматыға ұштым. Келдім де, сағынғаным соншалықты жерді сүйдім...
Сөз соңында: Енді тағы мүмкіндік беріліп жатса Еуропаға бармас едім... Иә, барғым келмейді. Бір қиындығы өзге елдің тағамына да үйрене алмадым. Бір де бір тағам ұнамады. Қалтадағы, қораптағы тамақтар мезі етті. Фаст-фуд қана жеумен болдым. Біздің тамаққа жетпейді екен. Келгенде он бес келіге азғанымды байқадым.
Ал оң өзгерістерге келсем, жаңа мақсаттар пайда болды, елді, жерді көрдім, өз бетіммен өмір сүруді үйрендім, тілі, діні, ділі әртүрлі адамдармен араластым. Жападан жалғыз, туыссыз, ата-анасыз жүру дегеннің не екенін көресің. Француз тілін мүлде білмей барсам да, бір айдың ішінде тілді еркін меңгеріп алдым. Қазір еркін, кез келген тақырыпта сөйлей беретін болдым. Айтпақшы, "ұрлайтын" да тұстар бар: Еуропаның трамвайлары мықты екен, бізге де сондай орнату керек секілді ( күліп).
Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева
Сурет: Шерзат Баратов
Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.
Оқи отырыңыз:
Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері
Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері
Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері
Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері
Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері