Әлемтану айдарының бүгінгі кейіпкері – порталымыздың қолданушысы, Астана қаласының тұрғыны Әліби Манаш Біріккен Араб Әмірлігіндегі естен кетпес күндерін баяндайды.
Атамыз қазақтың «Адам айдаса бармайсың, дәм айдаса қалмайсың» деген мәтелі бекер айтылмаған екен. Үстіміздегі жылдың қаңтар айының 9-16 жұлдызы аралығында Алла нәсіп етіп, Біріккен Араб әмірлігінің Дубай қаласына жолдамамен барып қайттық. Қандай жолдамамен екендігін де айта кетейін. Өткен 2013 жылдың қараша айында өзіміздің ұлттық компанияның ұйымдастыруымен «Темір жол аруы» және «Жігіт сұлтаны» байқауы өткен болатын. Аталған айдарлы іс-шарада бағы жанып қыздар арасынан Шымкенттен келген қарындасымыз Құрамысова Әйгерім «Темір жол аруы» атанса, жігіттер арасынан менің бағым жанды. Ал енді көп созбай, Араб жерінен алған әсерімді сіздермен бөлісейін.
Астана әуежайынан әуеге көтерілгенде, ақбұйра бұлттардың төбесімен Атамекенге қимастықпен бір қарадық та, қайырласып аттанып кеттік. Ұшақ бортында жанымда отырған жолаушылармен мәре-сәре сөйлесіп отырғанда, темір жол саласында жұмыс жасайтын кезекті еңбек демалысында қыдыруға шыққан салалас әріптестермен таныстым. «Кемедегінің жаны бір» дегендей, шүйіркелесіп отырып, 5 сағаттың ішінде Дубай қаласының төбесінен бір-ақ шықтық. Әуежайға түскен сәтте ең бірінші алған әсерім тіптен күлкілі, әдетте бірлі-жарым қара нәсіл ұлт өкілін көріп қалсақ, айналып сыртынан қарайтын қарапайым қазақ емеспіз бе, сөйтсек қара нәсілдің бәрі осында екен. Ауа райы да +25 шамасында жылы болып тұрды, осыдан бес-алты сағат бұрын қақаған аяз бен суық желден шыққан адамға тамылжыған жаздың мекеніне тап болу да үлкен әсер ғой. Кедендік тексерістен өтіп жатқанымызда бір байқағаным басқа елдерден келген адамдарды аяқ киіміне дейін шешкізіп тиянақты тексеріп жатты. Қазақстан азаматтарын тексеру олай болмады, жеңіл-желпі үсті басымызға қарап көзімізді суретке түсіріп, төлқұжатты тексерген соң тез жіберді. (Бұл жағдай қайтар кезімізде тап осылай қайталанды).
Әуежайдан шыға берісте бізді Астана қаласының туристік агенттігінің Дубайдағы сенімді өкілі жылы жүзбен күтіп алды. Дубай қаласының жолдары кең екен, әр бағытында 6 жолақтан болғандықтан, көлік кептелісіне түскен жоқпыз. Жол жиегіндегі жайқалған пальма ағаштарына қарап, дамыған қаланың сәулетін қызықтап қарап отырып, «Дейра сити» ауданындағы «Метрополитен палас» қонақүйіне әп сәтте жеттік. Қонақүй қызметкерлері ізетпен көлігіміздің есігін ашып, қол жүгімізді қолдан-қолға тигізбей ала жөнелгенде, қарапайым ғана «жол шеберіне» осыншама қошемет көрсетіп, қонақжайлылық жасаған адамдарға дән риза болдым. Біз орналасқан қонақүй он екі қабатты «бес жұлдызды» екен. Қонақүйдің төбесінде хауыз (бассейн) және ақ мәрмәр тастан жасалған түрік саунасы бар.
Араб жерінде жергілікті халық араб тілінде сөйлегенімен, шеттен келгендердің ортақ тілі – ағылшын тілі. Мектепте неміс тілінен дәріс алғандықтан ағылшын тілінен аздап қиналдым. Кездескен адамыңмен ымдасып біліскен қызық қой. Осындайда орысты көрсең, сөйлесетін адам тауып мәз болып қаласың. Жолдан шаршағандықтан, алғашқы күні алыс жаққа шықпадық. Кешкісін конақ үйдің төменгі қабатындағы үлкен залда құлақтың құрышын қандырған фортепианоның әуезді үнін тыңдадық. Фортепианода ойнап отырған қыз орыс ұлтына ұқсағандықтан, жақындап барып сөзге тарттым. Араб жеріне жұмыс жасауға келген украин қызы екен. Тағы да ерекше байқалатыны қызмет көрсетіп жүрген халықтың барлығы дерлік араб емес, өзге ұлт өкілдерінен болды.
Қыдырудың алғашқы күнін Дубай қаласындағы араб халқының ұлттық мұражайынан бастадық. Мұражай ішіне ежелгі араб халқының салт-дәстүріне байланысты мұралар, ерте замандағы жай-күйінен бастап, бүгінге дейін жеткен жетістіктері, ұлттық құнды жәдігерлері қойылған.
Астана мен Дубайдың арасындағы ұқсастық – Дубай қаласының қақ ортасын салыстырмалы түрде Есілдің енінен үлкендеу су бөліп жатыр. Сол судың жағасы толған жүк кемелері, иін тіресіп, ыңыранып қозғалған жүк кемелерін көргенде, бейне бір су үстінде жүк артқан түйелер дерсің. Жағажайдағы жанармай құю бекеттерінде кезекте тұрған алып кемелерді айтсаңшы. Өмірімде жүктің ең көп көлемде вагонға ғана тиелгенін көрмеген қыр қазағына бұлардың бәрі өте қызық әсер қалдырды. Жағалауда қаз-қатар жіпке байланған үш-төрт қабатты мейрамхана катерлер де өте көп екен. Су жағасында кемеде тербетіліп отырып тамақтану көз алдыңа романтикалық қиял-ғажайып ертегіні еріксіз елестетеді.
Кешкі уақытымызда әлемдегі ең биік саналатын Бурдж ғимаратына бардық. Ғимарат жағалай сумен қоршалған, ал судың бетіне әуенмен билейтін субұрқақ көмкерілген. Құйқылжыған ән мен мың бұралған субұрқақтар... Оны сол сәтте тамашалап тұрған мыңдаған адам кез келген жанға ерекше әсер қалдыратыны айқын. Осылайша кешкі Дубайдың адам қолынан аса шеберлікпен жасалған кереметтерінің өте әсем көрінісін тамашаладық.
Келесі күні Араб жеріне келіп тұрып теңізді көрмеу ұят болар деп Үнді мұхиты жағалауына бардық. Таудай толқындар жағаға екпіндеп келіп ұрып жатқанда кішкене қаймығып қалады екенсің. Жағасы аппақ жылтыр құмдар бейне бір құмсағатқа арналып сүзгіден өткендей дерсің. Ол жақта қазір қыс мезгілі саналғандықтан, көпшілік турист теңіз суына шомылмайды екен, айналама қарасам, бірлі-жарым, тек ТМД аймағынан келген туристер ғана шомылып жатыр. Біз де олардан қаламыз ба, «Шешінген судан тайынбас» деп, далада +22 көрсетіп тұрса да, мұхиттың суына қойып кеттік. Мұхит суы удай ащы болады екен. Жаңағы таудай толқындар жағаға ұрғанда, оған қарсы өршеленіп сүңгіп, алдыңғы қорқынышты да, судың салқынын да ұмытып кеттік.
Шетел болған соң, кім де болса барған елдің озығы мен тозығына, экономикалық, жаһандық даму үрдісіне баса назар аударады емес пе, мәселен, жолдағы автокөліктерінің барлығы дерлік өте қымбат көліктер. Валютасына келер болсақ, олардың ұлттық валютасы «дирхам» біздің теңгеге шаққанда 1 дирхамыңыз 43 теңге болады. Жанармайдың бағасы да біздің теңгемізбен есептегенде 30 теңгені құрайды. 2020 жылы Дубай қаласында EXPO көрмесі өтетіндіктен, Дубай халқы қызу іс-әрекетке кірісіп кеткендей. Бұрын теледидардан Астанада 2017 жылға қарай аспалы жолдар жасалады дегенде, оны көз алдымызға елестете алмаушы едік, сол аспалы жолды да осы Дубай қаласынан көрдім. Қала ішіндегі қозғалысты бірден-бір ретке келтіріп отырған метро деп айтсам, қателеспеген болармын. Өйткені, халықтың басым көпшілігі осы метромен жүреді екен, өмірімде алғаш рет метроға отырып баратын бағытымызға көзді ашып-жұмғанша жетіп жүрдік. Оның төлем ақылары, бәрі халыққа қолайлы ойластырылған.
Осы жерде айта кететін жағдай, мұсылман мемлекеті болғандықтан, метроларда тек әйелдер отыратын, не болмаса тек ерлер отыратын, және аралас жолаушылардың вагондары да қарастырылған. Дубайда шатыры бар жер үй кездестірмедім. Барлығының төбесі ашық және барлығы ақ түстен салынады екен. Араб халқының ерекше сүйсіндірген қасиеті – ұлтжандылығы.
Көпқабатты үйлердің де, жеке үйлердің де төбесінде өздерінің мемлекеттік байрақтарын ілу әдеті қалыптасқан. Ұрлық-қарлық деген түсінік мүлдем жоқ па деп қалдым. Неге десеңіздер, көп жерде адамдардың бас киімдері, сөмкелері, кейбір қолданылмаған жаңа заттардың қараусыз жатқанын, иесіз затқа адамдар қатты назар да аудармайтынын байқадым. Адамдар өте көп жүретін арнайы орындарда болмаса, көше қиылыстарында, жалпы қала ішінде бейнебақылау құрылғылары өте аз орнатылған, тіптен жоқ десе де болады. Бұл дегенің мемлекетте ұрлық-зорлық, бейберекет тәртіпсіздіктің мүлдем жоқтығының дәлелі бола алады.
Ал енді араб десе құмды, құм десе арабты елестетпеу мүмкін емес. Сонымен келесі саяхатымыз «Сафари» құмды шөлі болды. Белес-белес құмдардың арасында «Toyota Land Cruiser» көлігімен ойнақ салғанда, ақ тер-көк терге түсіп, иманыңды үйіріп, керемет «адреналин» аласың. Құмның арасында жүргенде дөңестеу жерге тоқтамаса, басқа жерінде мүлдем тоқтауға болмайды екен. Көлік тоқтады бітті, сол жерде көлігіңіздің дөңгелегі құмға белшесінен батады, оны да көрдік. Құмдардың арасынан арабтардың түйе қораларын көрдік, ол маған біздің еліміздегі алыс адырларда қоныстанып отырған шопандардың қорасын елестетті. Арабтар құмда тұратын тайпаны «бәдәуин» деп атаушы еді ғой. Міне, солармен танысу мүмкіндігіне ие болдым. Құмды белестерді аралатып болған соң, Сафаридің кешкі асына бардық. Осы жерде бір қызықты айтайын, көлігіміз келіп тоқтаған бетте, алдымыздан қарсы алған күтушілер «квадратцикл» деген көлікті және біреулері жіпке тіркестіре байлаған үш түйені көлденеңдеп ұсына бастады. Ауылда түйеге мініп өскен баламыз, үлкен бураны жатқызып соның үстіне қарғып міндім де, кішкене тақымдап орнынан тұрғыздым. Бура көп адамнан ығыры шыққан ба, әлде басқа нәрсе әсер етті ме, өте ашулы екен. Бұрылып артындағы түйенің үстіне асылып, жаңағы түйені мойнынан басқан күйінде отырып қалды. Түйенің тұмсығын арнайы қаптап қойғандықтан, басқа еш нәрсе жасай алмаса да, ызаланған түйелердің ащы дауыстары басқаларға ерекеше үрей туғызды. Осы сәттердің бәрінде түйенің үстінен түскен жоқпын. Түйешілердің өзі бураны астындағы түйеден ажырата алмай әбігерге түсіп жатқанда, бурадан қарғып түсіп, мойнын қатты бұрап, жанына құлатып, әрең дегенде ажыраттым. Қазақтың баласының қайсарлығына сол жердегі көп турист суретке бейнекамераға түсіріп, таң-тамаша болып қарап тұрды. Бұл мақтанғаным емес, бірақ сол сәтте ұлттық намысым оянып, жігерленіп қалдым.
Арнайы дәм тататын жерге келгендіктен, жыңғыл секілді құмда өсетін ағашпен қоршалған ауланың ішіне кірдік. Көп ұзатпай ортаға бір жігіт шығып өте күрделі шығыс биін биледі, артынан қыз шығып, қосыла биледі. Бұл қызықтардың бәрін сол сәтте көріп болмаса, былай әңгімелеп көз алдарыңызға елестете алмаймын.
Араб жеріндегі әр күнімізді тәтптіштеп айта берсек, әрине ол өте ұзақ әңгіме. Көргендерімді айту арқылы сіздерге араб халқын дәріптеп жатқаным жоқ. Өркениеттің дамыған заманында қай ұлттың болмасын жақсы бастамалары біздің ұлттық құндылығымызға, салт-дәстүрімізге зияны тимесе пайдаланып, ал жаманынан жиренген әрине дұрыс деп ойлаймын.
Адам кейде өзін-өзі сыртынан көруі керек дейді ғой, сол айтқандай шет елге барып өз еліміздің сыртынан қарағандай әсер алдым. Салыстырдым, сағындым. Кір жуып, кіндік кескен жерге жер жетер ме, шіркін...
Әңгімелескен: Айгерім Сматуллаева
Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.
Оқи отырыңыз:
Жамиля Халымбетованың Қытайдағы күндері
Айгерім Абдиханованың Лондондағы күндері
Жолдас Өрісбаевтың Америкадағы күндері
Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері
Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері
Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері
Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері
Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері
Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері
Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері