Менің Америкадағы күндерім

Ар ма, Әлемтану оқырмандары! Әлемтану айдарының бүгінгі кейіпкері – ҚазҰУ-дың 3-курс студенті Жолдас Өрісбаев. Қазақстандық студенттің Америка жеріндегі қызықты оқиғалары туралы оқи отырыңыздар.


«Жұмыс және саяхат» - 1970 жылдардан бастау алған, әлемнің түкпірлерінде ЖОО-да білім алып жатқан студенттерге арналған бағдарлама. Оның негізінде өзге мемлекеттердің студенттері АҚШ-тың мәдениетін таниды. Бұл бағдарламаға бірінші курсқа түскелі қызыға бастадым. Өзім екі шет тілі мамандығында оқып жатқандықтан, мақсатым - тіл үйрену. Ал үйреніп жүрген тіліңде сөйлейтін адамдардың ортасында өмір сүру арқылы ол тілді жақсылап меңгеріп алуға болады. Сол мақсатымды көздеп қаңтар айында бағдарламаға қажетті құжаттарды тапсырдым. Артынша мамыр айында жұмыс табылып, 2 маусым күні Нью-Йорк қаласына ұштым. Бағдарламаға іліну үшін қарапайым сөйлеу мәнерін меңгеріп, бірнеше сұрақтарға жауап берсек жеткілікті. Өзіме қойылған 7-8 сұраққа 30 секундтың ішінде жауап беріп, арманыма қол жеткіздім. Тұрғын үй, тамақ мәселелері барынша қарастырылған.


Қазақстаннан жалғыз өзім болдым. Менен өзге Түркия, Гана, Нигерия, Ресей, Өзбекстан сынды елдердің студенттері барды. Жұмысы қызық, саяхаты ерекше 3 айды осы елдегі достармен бірге өткіздік.


Айова штатына барып тұрақтадым. Бұл елді мекенге жетпес бұрын талай қызықтар мен қиындықтарға тап болдым. Бастапқыда досыммен бірге баруды жоспарлағанбыз. Артынша досым белгілі бір себептерге байланысты бас тартқандықтан, жалғыз баратындығыма анашым біраз уайымдады. Алып мемлекетке бармас бұрын картамен, интернет ресурстарын пайдалана отырып мәліметтерге қанықтым.


Алматыдан Нью-Йоркке дейін баратын ұшаққа отырып, арада Лондон қаласына қондық. Лондондағы әлем бойынша ең үлкен Heathrow әуежайында адасып, жол табудан өзіме зор тәжірибе жинақтадым. Ары қарай 9 сағаттан кейін ұшатын рейсіме отырып Нью-Йоркке ұштым.

 

Сағаттық белдеулерге байланысты арада бір жарым күндей уақыт өтіп кетті. JFK әуежайынан LaGuardia әуежайына баруым керек болды. Тоқтатқан таксиім аузымды ашып үлгергенімше отырғызып алды да, айтқан бағытыма 20-30 минутке жетпей алып барды. Одан кейін Нью-Йорктен Миннеаполис қаласына қарай ұштым. Арасында Чикаго қаласындағы O.hare әуежайына қондық.

 

Чикагода келесі рейсімді 6 сағат бойы күтіп, ұшуға жарты сағат қалған кезде ұйықтап қалыппын (күліп). Оянсам рейсімнің ауысып кеткеніне бір жарым сағаттай уақыт өтіп кеткен. Мән-жайды сұрастырғанымда бағыма орай рейсім қалдырылған екен.

 

Ендігіде Delta Air Lines компаниясынан берген билетті алып, іштей риза болып сыртқа шықсам, ұшақтың ұшуына 30 минут уақыт қалған екен. Кісілерден рұқсат сұрап кезектен тыс тіркелуден өтіп, ұшағыма үлгердім. Миннеаполис қаласына жеткен соң Грейхаундтан автобусқа отыруым керек. Сол жерден жұмыс беруші адамдар алып кетеді.

Ендігі кезекте Нью-Йорк қаласында өткізген жүгімді жоғалтып алдым. Үйдегілерге әлеуметтік желілер арқылы хабарласып отырдым. Үздіксіз хабарласып тұрған отбасыммен қазақша, ТМД елдерімен орысша сөйлестім. Өзге достарыммен тек қана ағылшын тілінде тілдестім.

 

Артынша жұмыс біткен соң 10 күн бойы саяхаттадық. Вашингтон қаласындағы барша мұражайларды араладық, атақты Пабло Пикасо, Огюст, Декарт сынды импрессионистердің төл туындыларын көрдім. Қайтарда естелікке кітаптар ала келдім.

Бұл саяхатым өмірлік тәжірибе беріп, көзқарасымды жақсы арнаға бұрған ерекше мүмкіндік  болды. Қазір қиындықтарымды есіме алсам еріксіз жымиямын. Есесіне енді кез келген елге саяхаттай аламын. 

Әңгімелескен: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: Жолдас Өрісбаев

Редакциядан: Біздің жобамызға кез келген өзге елге саяхаттап келген адам қатыса алады. Ол үшін жоба авторы Айгерім Сматуллаеваға хабарласыңыз.

Оқи отырыңыз:

Мақпал Сембайдың Қытайдағы күндері

Шерзат Баратовтың Еуропадағы күндері

Шолпан Сыдықтың Түркиядағы күндері

Мейрамбек Таубалдиевтің Испаниядағы күндері

Құралай Ахметтің Еуропадағы күндері

Фариза Ертаеваның Америкадағы күндері

Сания Дауталиеваның Малайзиядағы күндері