Бір кездері бүгінгі біз танитын Рио де Жанейро қаласы өте кедей, тарихы мұңға толы, жан түршігерлік қылмыстарымен аты шыққан қала болатын. Айлар өтті, жылдар өтті, қала да көркейе түсті. Бүгінде Рио спорт, мәдениет және өнер орталығы ретінде қанатын кеңге жайып, әлемнің ең алып қалаларының қатарына қосыла шықты. Қалада мәдениет пен өнерді дамыту бағдарламасы бойынша халықаралық деңгейдегі конкурстар өте көп өткізіліп тұрады.
Тақырыбымызға арқау болып отырған ғаламат туынды да осындай сайыстардың нәтижесінде дүниеге келді. Авторы –Жауме Пленса.
Жауме Пленса – қазіргі заманның ең танымал, ең абыройлы мүсіншілердің бірі әрі бірегейі. Оның алтын қолынан шыққан көптеген мүсіндер әлемнің алпауыт қалаларының мақтанышына айналған.
Пленсаның кезекті туындысы осыдан бірнеше күн бұрын ғана OIR ( Риоға арналған жаңа идеялар) жобасы барысында көпшілікке таныстырылған болатын. Жобаға Роберт Моррис, Брайан Ино, Редзи Икеда, Энрике Оливейра сынды көптеген шеберлер қатысты. Алайда, үздік деп танылғаны – Пленсаның «Awilda» атты мүсіні.
Awilda он екі метр биіктікті құрайды және мүсін мәрмәр мен шайырдан жасалған. Мүсінге жақсылап көз жүгіртсеңіз, көзі жұмулы тұрған бойжеткен бейнесін көресіз. Жауме Пленсаның айтуынша, бұл бейне – адам арманының нышаны. Өйткені, армандап тұрып көзіңді жұма қалсаң, күллі армандарың іске асып жатқандай сезімде боласың.
Сондай-ақ, суретші өзінің шығармашылық жұмысы арқылы адамдардың армандауына себепші болғысы келетіндігін айтады. Шынында да, армансыз адам – қанатсыз құс емес пе?
Суреттер:goodvin.info,artinvestment.ru,liveinternet.ru,caesararts.com,
idealissst.livejournal.com,mediablender.com.ua
Дайындған: Айгерім Сматуллаева