Мәңгілік жаз патшалық құратын мекендер

Мәңгілік жаз патшалық құратын мекендер

Санаулы күндерден кейін жасыл жаулығын жамылған Жаз патшайымды шығарып салып, күрең көйлекті Күз патшайымды қарсы алғалы отырмыз. Арамызда жайдарлы маусымды қимай жүргендердің қатары көп. Осы қатардағы оқырмандарымызға демеу болу үшін Жаз патша мәңгілік билік құратын елдердің тізімін ұсынғымыз келеді.

Біздер өз тізімімізге визасыз сапар шегуге болатын 15 елді іріктеп алып отырмыз. Сіз бұл жерлерге кез келген уақытта бара аласыз.

Бали

Жағалауда жүріп тамаша толқындармен алыссаңыз, оны айнала орналасқан виллалардың терезесінен теңіздің салқын самалын өпсеңіз, одан әрмен жатқан Убудадағы мұрныңызды жарарлықтай гүлдердің иістерінен ләззат алып, түн құшағында аймен бірге сырлассаңыз, арман бар ма? Балидың дәл жүрегіндегі аймақтарда жыл бойы жауын тамшылап тұрады және шыбын-шіркейсіз жайлы демалысқа кепілдік беріледі.

Тайланд

Тайланд туралы бүгінге дейін аз сөз қозғаған жоқпыз. Десе де, таңғажайыптар елі туралы мақтаулар айтудан жалыққанымыз жоқ. Жұмбақ Сиам, тұрғындарының ақкөңілділігі мен қонақжайлылығы, ғибадатханалардағы қайталанбас сәулет үлгілері, ұшы-қиыры жоқ, көз тартар жағалаулары, шуақты күндердің басымдылығы, ауа температурасының бір жыл көлемінде тұрақты болуы, Тайландты шайып өтетін теңіздердің жылы сулары мемлекеттің негізгі ерекшеліктері десек, артық айтқандық емес. Тайланд әсемдігі шексіз заңғар таулар мен мөлдір сулы өзендерге, арасында адам жүре алмайтын джунглилерге, экзотикалық жануарлар мен өсімдіктерге бай.

Мальдив аралдары

Мальдив аралдары – бұл табиғаттың бейберекеттілігінің бір үлгісі. Үнді мұхитындағы 1190 маржанды аралдар сізге мәңгі естен кетпес сәттер мен ғаламат көріністерді сыйлау үшін бір арнаға тоғысқан. Аралдардағы шипажайлардың емдік қасиеті бар. Ондағы теңіз ауасы тыныс алу жолдары мен жүйке ауруларына таптырмас дауа болады. Аралдың бар әсемдікті бойына жинаған көлдерінде қалағаныңызша шомылып, армансыз қыздырынумен қатар, қайықпен және катамаранмен серуендеп, бильярд ойнап, кешқұрым киноға, мейрамханаға, би кештеріне баруға болады.

Шри-Ланка

Бұл – Үндістанның ең сұлу мекендерінің бірі. Қорықпаңыз, бұл аймақта үнділік кір-қожалаң мен  мінезді кезіктірмейсіз. Аралдың орталығында ежелгі астаналардың қираған үйінділері, құзды сарайлар, бірнеше ғасырлардың куәгері болған құмдар жатыр.

Вьетнам

Грэм Грин жазып кеткендей, "Вьетнам туралы бес минуттың ішінде көп нәрсе түсінесің, ал қалғанын білуге бір ғұмыр да жетпейді". Мұнан артық мақтау, мұнан артық теңеу табу мүмкін емес секілді. Сіз Хошиминнен велосипед алып, оңтүстік-батысқа қарай Маконга жеріне сапар шексеңіз болады. Ол аймақтан вьетнамдық провинциялардың мамыражай тіршілігіне қанық болып, екі есе еті көп болатын атақты "бан-ми" сандвичтарын жей аласыз. Вьетнамдағы диалектілер сізді бей-жай қалдырмайды деп ойлаймыз.

Бразилия

"Бразилияға өміріңізде бір рет болсын бару керек" деген қағиданың көптеген себептері бар. Оның ең басты екеуі: әлемдегі ең үлкен өзен мен көптеген жабайы маймылдар мекен ететін жауынды ормандар мен әлемнің ең эклектикалық орны Рио-де-Жанейро. Рио-де-Жанейро –  ұшар басы аспанмен таласқан асқар таулардың, көрінісі көз тартар ұзынды-қысқалы өзендер мен теңіздердің, әдемі жағалаулардың арасында, Бразилияның жүрегінен орын тепкен «ғажайыптар қаласы». Төрт ғасыр бойы қала Оңтүстік Американың туризм орталығы мен сұлулықтың астанасы саналып келеді. Ертегі әлеміндегідей таңғажайып қаланың тұрғындары: «Құдай әлемді алты күнде жаратса, жетінші күні Рио-де-Жанейроны жаратты» деп аңыз айтатын көрінеді. Халық айтса, қалт айтпайды! Қала әлемдегі ең сұлу мекендердің бірі әрі бірегейі.

Куба

Сауда жүйелері мен жолдағы кептелістер, жарнамалар мен метролар Кубада жоқ. Есесіне мұнда пальмалар мен қара нәсілді сұлу әйелдер, қайықтар, гуава шырыны, папайя тиелген арбалар бар. Сонымен қатар әлемдегі ең позитивті әуендерді Кубадан ести аласыз.

Мексика

Сіз Мексика дегеннің не екенін білесіз бе?  Бұл – жаз бен қыс маусымдарында голливудтық танымал жұлдыздар демалатын Канкунаның аппақ жағалаулары. Бұл – жиырма миллион популяциясы мен кептелістері бар Мехико. Бұл – қараусыз қалған Теотиуакан қаласы. Бұл – ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мәдени мұрасының қатарына енген бурито, фахито, энчиладас, гуакамоле сынды тағамдардың Отаны.

Кипр

Кипрдің шипалы суында, бар әсемдікті бойына жинаған көлдерінде қалағаныңызша шомылып, армансыз қыздырынумен қатар, қайықпен және катамаранмен серуендеп, бильярд ойнап, кешқұрым киноға, мейрамханаға, би кештеріне баруға болады. Әлемдегі ең көрікті аралдардың бірінде Пафос атты ЮНЕСКО-ның қорғауына алынған ерекше қала бар. Және Неа-Пафос археологиялық аймағы мен Афродита бухтасын да ұмытпаңыз. 

Гонконг

Гонконг қаласының орталығын көшеге шықпастан-ақ шыр айналып шығуға болады. Ондағы қонақ үйлер мен сауда орталықтары, кеңсе ғимараттары бір-біріне өтетін жүйелермен байланыстырылған. Ал Hollywood Road аталатын антиквар дүкеніне қарай әлемдегі ең ұзын эскалатор қатынайды. Коулунада орналасқан мұражайларға 20 миунт сайын паром жүреді. Шоппинг үшін бір күннің өзі аздық етеді.

Израиль

Израиль аталатын бетон қапталған жердің бұрышына әртүрлі себептермен барып жатады. Біреулер Тель-Авивадағы ең думанды би кештеріне көңіл көтеру үшін барса, көпшілігі Крест жорықтары кезіндегі қамалдарды тамашалауды армандайды. Дайвингсүйер саяхатшыларымыз елдің оңтүстігіндегі Эйлатқа барсын. Қызыл теңіздің су асты байлығын жыл бойы бақылауға болады.

Марокко

Марокко патшалығы Атлант мұхитының батысы мен Жерорта теңізінің солтүстігінде жатыр. Сізге мұнда "Мың бір түннің" беттеріне саяхат жасау мүмкіндігі беріледі. Сондай-ақ Мароккода жыл он екі ай бойы көкөністер мен жемістердің барлық түрі пісіп тұрады.

Египет

Египетке жазғы демалыста ғана емес, еліңізді отыз-қырық градустық аяз жалмап тұрғанда да оп-оңай барып-келуге болады. Мұнда жыл он екі ай бойы ыстық болып тұратындықтан, кез келген уақытта сапар шегіп, күн көзіне қыздырынып келуге еш кедергі жоқ. Ең бастысы, билеттің қолжетімділігі өте жоғары. Египет басқа елдерге қарғанда, билет бағасының төмендігінен көш бастап тұр. Және мұнымен демалыстың сапасы еш төмендемейді. Египетке ат басын тірер болсаңыз, жағалау кереметтерінен ләззат алып қана қоймай, әлем тарихының бастауы саналатын дүниелерге қол тигізіп, мыңға жуық жасы бар көне қалалардың куәгері атана аласыз. Ұлы пирамидалар мен Сфинкстерді, Клеопатра сарайын көзбен көрудің өзі не тұрады?

Доминикан Республикасы


Доминикан Республикасында ең нәзік кариб күні мен мөлдір таза ауа ғана емес, акулалармен бірге жүзіп, киттермен саяхат жасауға мүмкіндік берілетін мұхиттық қорықтар бар. Ал теңдесі жоқ дәмханалардан карамельдерді, мамахуан атты "құмарлық сусынын" тата аласыз. Жергілікті сұлулардың қатысумен өтетін би кештерінің алатын орны да ерекше.

Иордания

Жоспарыңыз былай болсын: ең алдымен денсаулығыңызды жақсарту үшін Өлі теңізге ат басын тіреңіз, онан кейін інжілдік және римдік орындарға саяхат жасаңыз да, маска киіп, Қызыл теңізбен жүзіңіз. Ал ең көне қалалардың бірі Петруға толықтай бір күніңізді арнауға тура келеді. Қаланың ең ғажайып сәті күн ұясына батып, барлық тас сәулеті алқызыл түске боялғанда орын алады. Бұл көріністерді ең биік нүктеден тамашалаған жөн.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com