- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Махаббат қаласы...
Махаббат қаласы
Грузия – өте әдемі елдердің бірі. Өзінше бай тарихымен, мәдениетімен ерекшеленетін мемлекет туралы көп нәрсе айтуға болады. Алайда, оны кейінге қалдыра тұрып, Грузиядағы Сигнахи қаласы туралы бірер сөз қозғағым келіп отыр.
Сигнахи – Кахетияның шығысындағы шағын ғана қалашық, ол "грузин шарабының бесігі" атанған Алазан алқабының дәл жүрегінде орналасқан. Қалаға бара қалсаңыз, Алазан алқабының тамаша көрінісіне тап боласыз. Евтушенко бір сөзінде "Алазан алқабын көрмеген адам Грузияны да көрген жоқ" деген екен. Ендеше, Сигнахи сіздерге таптырмас мүмкіндік беріп отыр.
Көп адам Сигнахи деген атауды жақсы білмесе де, оның екінші аты – "махаббат қаласы" екендігін жақсы біледі. Неге "махаббат қаласы" дейсіз бе? Оның себебі әлі күнге дейін жұмбақ болып келеді. Екі нұсқа бар: бірі – қалада күндіз-түні қызмет көрсететін және алдын-ала құжат өткізбестен некеге тұруға болатын неке сарайы жұмыс істейді. Сіз көшеде кетіп бара жатқан қызды жетектеп алып, кез келген уақытта, кез келген мезгілде үйлене аласыз. Бір сағат бұрын хабарласып, шетелдік төлқұжатыңызды көрсетесіз де, неке куәлігі үшін 50 лар төлейсіз. Болды, енді сіздер ерлі-зайыптысыздар.
Екіншісі – дәл осы Сагнази қаласында атақты суретші Нико Пиросмани актриса Маргаританың жолына миллион раушан гүлді төсеп тастаған екен. Бұл сюжеттер сіздерге "Миллион раушан гүл" әнінен таныс. Бүгінде қалада Пиросмани атындағы мұражай бар, онда Пиросманидің суреттері мен Пикассо салған Пиросманидің портреті қойылған.
Қала қазіргі таңда толықтай жөндеуден өткізіліп, әрлендіріліп, грузиндік туризмнің көшбасшысына айналып отыр. Сигнахи – өте жас. Оны ХVІІІ ғасырда ІІ Иракли тұрғызған. Қала биік қыраттың үстіне орналасып, айналасы тас қамалдармен қоршалған.
Ешкім де неге сонша биік жерге тұрғызылғанын дөп басып айта алмайды. Кезінде бұл жерге армяндар қоныстандырылған екен, екінші бір зерттеушілер қаланың лезгиндік шапқыншылықтан қорғану үшін тұрғызылғанын айтады.
Ең ерекше құрылыс – Сигнахи қамалы. Жан-жақты бітелген қамалдың ішінде шатқал бар. Оның ішіне не себептен ғимараттар соғылғаны да беймәлім. Технология дамыған заманда да мұндай құрылыс тұрғызу қиынның қиыны екені тағы бар.
Сигнахи Гурзияның басқа қалаларына ұқсамайды, еуропалық қала іспеттес деген дұрыс секілді. Оңтүстік-италиялық классицизм стилінде салынған сәулет үлгілері италиялық қалашықтарды еске салады. Шетелдіктер қаланың өте таза, жайлы екендігін жиі айтады. Көптеген атақты суретшілер мен туристер қаладан арнайы үй сатып алып қойған екен. Қонақ үйлер саны жөнінен Тбилиси мен Батумиден кейін үшінші орында тұр.
Қалай, "махаббат қаласына" барғыңыз келе ме?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com