Махаббат емені

Жер бетіндегі адамзат атаулыны құл еткен ұлы сезім - Махаббаттың атымен байланысты көптеген ескерткіштер мен махаббат иісі аңқитын мөлдір мекендердің бар екендігін жақсы білеміз. Соның бірі - "Махаббат емені".

Германия жерінен орын тепкен еменнің тарихы өте қызық және тереңнен бастау алады. ХІХ ғасырдың аяғында неміс орманшысы өзінің қызының жігітпен кездесуіне қатаң тыйым салады. Алайда сезімдеріне адал ғашықтар әке қаталдығына қарсы айла табады. Олар сырлы сезімге толы хаттарын сол маңға жақын маңдағы үлкен емен ағашының қуысына қойып кетеді екен. Әр таң сайын ғашықтар бір-біріне жазған хаттарын оқып, бақыттан бастары айналып жүреді.

Айланың ғұмыры ұзақ болмады. Бір күні орманшы емен қуысындағы хаттарды оқып қойып, өзінің тыйымының жерге тасталғанын көреді. Шын жүректен жазылған хаттарды оқып, көзіне жас алады, олардың махаббаттарының берік екендігіне көзі жетеді.

Қос аққуға ақ батасын берген әке үйлену тойын дәл осы емен ағашының түбінде жасайды. Одан бері қаншама уақыт өтті. Қанша ұрпақ келіп, қаншама ұрпақ келмеске кетті. Бірақ емен ағашы туралы әдемі хикаят ескірген емес. 

Адамдар өздерінің екінші жартысын табу үшін осы "Махаббат еменіне" келеді екен. Ниет білдірген жандардың еменге хат жолдауларына болады. Пошта қызметкерлері ол хаттарды махаббат мекеніне тасудан шаршаған емес. Айтпақшы, ағаштың ресми пошта адресі де бар: Bräutigamseiche, Dodauer Forst, 23701 Eutin.

Өзінің екінші жартысын іздеп келген жандар мұндағы хаттардың барлығын оқи алады және сіздің хатыңызға жауап береді. Жалпы, "Махаббат емені" осы күнге дейін 100-ден аса жұпты табыстырып, некелерін қиған.

 

Суреттер:muzey-factov.ru,stihi.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева