Бұл – әлемдегі ең жұмбақ жер. Тілектер орындалатын, сиқырлар мен таңғажайыптар орын алатын бұрыш. Әлем халқы бұл мекенді Санта-Клаус пен Қар ханшайымының Отаны деп атап жатады. Бұл аймақта бұғылар адамдардан үш есе көп.
Финляндияның солтүстік бөлігі "Лапландия" деп аталады. Лапландия деген қысы қаһарлы аймақ. Ондағы ауа температурасы -40°C-ты көрсетіп тұрады. Қараша-қаңтар айларында біздің ұғымымыздағы күндіз бар болғаны 2-4 сағатқа созылады. Қалған уақытта ылғи да қара түнекті көресіз. Солтүстік аймақтарда адам тұратын үйді кездестіру тіптен қиын. Қысқасы, адамға қарағанда бұғы көп мекен етеді.
Шегі мен шеті жоқ орман ақ қардың астында қалғып жатыр...
Қарда жүретін құралдар – көршілер қызғанышпен қарайтын, екінің бірінде болатын салтанатты ойыншық емес, жүруге ең керекті бұйым.
Лапландияның нышаны ретінде солтүстік бұғыларын, солтүстік шұғыласын, поляр түнін, варакушканы (көк көкіректі құс), арқан балықты, лапландиялық алтынды және Санта-Клаусты санау қалыптасқан. Мұнда бәрі де ерекше және қыстың қақаған аязы мен түнекті күндерге қармастан әрдайым мереке болып тұрады.
Әлем туристері үшін қыстың ең басты ойын-сауығы – Санта-Клаусты көру және оның ауылында демалу. Санта – заманауи және іскер ақсақал, керек десеңіз, оның өз штаб-пәтері бар. Ол жерде барлық маңызды іс шешіледі. Және әлемнің бұрыш-бұрышында жазылатын хаттар осы мекемеге келеді екен. Ниет білдірушілер мына мекенжай бойынша хат жолдай алады: Joulupukin kammari, 96930 Napapiiri, Rovaniemi, Finland.
Лапландияға демалысқа келгендер туыстарына, достарына құттықтау хаттары мен сыйлық жібере алады. Санта-Клаус өзінің жеке мөрін басса, сенімді көмекшілері эльфтар көзделген жерге жеткізеді. Мұндай қызметтің бағасы – 844 теңге.
Штаб-пәтерге жақын жерде Санта саябағында алаңсыз серуендеп, Эльфтерм мектебіне, Миссис Клаустың пірәндік жасайтын асханасына, Санта-Клаустың кабинетіне, мұз галереясына, алып қар шарына бас сұғып, "Жыл маусымдары" пойызына отыра аласыздар.
Лапландия – Финляндияның үштен бір бөлігін алып жатыр. Елдегі ең экзотикалық аймақ саналады. Болған адамдар атмосферасының өзі құпияға толы екендігін айтып жатады. Қыс, көктем, жаз, күз секілді жыл маусымдарынан басқа "камо уақыты" деп аталатын мезгіл бар.
Күн көкжиек сызығынан көтерілмей, айналаның бәрі көгілдір бола түсіп, аспанды солтүстік шұғыласы билей жөнеледі. Мұндай құбылысты Лапландияның солтүстігінен жылына 200 рет тамашалауға болады. Әсіресе, көктем, күз айларында жиі байқалады екен.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com