Қызыл жағалау

Сіз де, біз де Мальдив аралдарындағы қарапайым құмдарды, АҚШ-тың Нью-Мексикасындағы White Sands ұлттық ескерткішіндегі аппақ қардай құмды, Жасыл және Қара жағалауды жақсы білеміз. Ал сіз "теңіз гүрілі" деп аталатын Қызыл жағалау туралы естіп көрдіңіз бе? Біздің бүгінгі саяхатымыз Мауи аралындағы дәл осы жағалауға бағытталады.

Каихалулу сөзін қазақ тіліне аударғанда "теңіз гүрілі" деген мағынаны білдіреді екен.

Расымен де бұл жерде теңіз өте шулы әрі қауіпті келеді. Айлақ пен қызыл жағалаудың пішіні айды еске салады. Айлақ та, қызыл құм да Кауки аталатын жергілікті жанартаудың атқылау нәтижесінде пайда болды.

Ерекше реңді құмның құрамында темір оксиді өте көп кездеседі. Алайда, сіз қорықпаңыз! Былғанып қалу қаупі жоқ.

негізінде, құрғақ құмның түсі сарғылт келеді. Тынық мұхитының толқындарымен араласып кеткеннен соң, оның түсі қызылға айнала шығады. Айлақ әсіресе таң атар шақ пен күн батар кезде өте сұлу көрінеді. Әлсіз күн сәулесінің ерке ойыны Каихалулуды ертегі әлеміне айналдырып жібереді.

Қызыл жағалау алаңсыз демалыс үшін өте жайлы әрі шағын. Суы да мөлдір. Жүзуді жаны сүйетін жандар үшін таптырмас мекен.

Қызыл жағалау жалғыз емес. Мәселен, Грекиядағы Санторини аралдарында, Черногориядағы Стефан мен Петровац жағалауында, Мальтадағы Сан Блас және Надур жерінде осындай көріністі тамашалауға болады. Алайда, бұл аумақтарда қызыл түс жылдың бірнеше күнінде ғана байқалады екен.

 

Суреттер:vk.com

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева