- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- "Қытайда жасалған" ...
"Қытайда жасалған"
"Қытайда жасалған" – бұл сөзді күллі әлем біледі. Қалыптасқан стереотип бойынша, елдің бәрі де қытайлар танымал брендтердің киімдері мен техникасын көшіруді ғана біледі деп ойлайды... Солай ма? Келісесіз ғой? Бүгінгі жазбадан кейін осы көзқарасты өзгертесіз бе, әлде қалдырасыз ба, оны өзіңіз шешесіз...
Осыдан он жыл бұрын Шанхайда "Бір үлкен қаланың ішіндегі тоғыз кішкентай" атты жоба жүргізіледі. Сол кезеңде еуропалық сәулет қытайлықтар үшін салтанат пен байлықтың нышанына айналғандықтан, осы стильде арнайы орамдар, аудандар, қалашықтар тұрғызыла бастайды. Нәтижесінде ең танымал деген қалалардың көшірмесі пайда болды. Батыс журналистері бұл үрдіске "копитектура" деген ат тағып қойған көрінеді. Ал төменде осы жобаның "құрбандары" туралы айтпақпыз:
1. Кішкентай Париж
Қытайдың Гуаньчжоу аймағына бара қалсаңыз, Париж көшелерінде жүргендей әсерде боласыз. Айналаның бәрі де ар-нуво стилінде безендірілген, гүлзарлармен қоршалған ұзын даңғылдар, таңғажайып мүсіндермен сұлуланып тұрған субұрқақтар және Эйфель мұнарасы. Әрине, атышулы мұнара түпнұсқадан үш есе кіші, бар болғаны 108 метр екен.
2. Кішкентай Аустрия
Ал Хойчжоу қаласына аустриялық Гальштатты орнатыпты. Қытайлық мамандар барлық ұсақ-түйекті ескере отырып, Альпі құшағындағы қаланы айнытпай тұрғызған. Дәл сол пастельмен салынған қабырғалары бар кішкентай үйшіктер, сүйір шіркеулер... Және бәрі де су қоймасының жанына орналастырылған. Тек Альпі таулары жоқ. Айтпақшы, Гальштат қаласының тұрғындары мұны естігенде, қатты ашуланған. Аз уақыт өткеннен кейін, ақылға келіп, қаланың басқа елдің құрметіне ие болғанына қуанады. Олар да Гальштаттың көшірмесін жасауға болмайтындығына сенеді.
3. Шағын Лондон
"Парижден" ары бір сағат жол жүрсеңіз, қытайлық Лондонға тап боласыз. Тюдор дәуірінен қалған кірпіш үйлер, әртүрлі пішіндегі шамдар, төселген көшелер, дәстүрлі телефон үйшіктері – бәрі де Шанхайдың сыртқы аймағына көшірілген. Темза-таун да Еуропадағыдай ауқатты адамдарға арнап ұйымдастырылған, алайда, олар мұнда қоныс аударуға асықпайтын секілді... Есесіне, Тұманды Альбион жас жұбайлар үшін қызмет аянбай қызмет ету үстінде.
4. Кішкентай Флоренция
Міне, Қытайдағы Италия филиалына да келіп жеттік. Туристер мұнда өзіндік қолтаңбасы бар сәулет үлгілері үшін ғана емес, миландық шопинг үшін ағылып келеді. Флоренция бірнеше он жылдық бұрын бос алқап болып жатқан Тянцзиня аймағынан бой көтерген.
5. Кішкентай Швеция
Шанхайдың орталығынан есептегенде 25 шақырымнан кейін швед қалашығы Луодяньға аяқ басасыз. Аты басқа демесеңіз, заты Швеция көшірмесі. Қытай бұл жоба үшін скандинавиялық сәулетшілерді арнайы шақырады. Олар Швецияның жүрегі Стокгольмді емес, солтүстіктегі бауыры Сигтунаның көшірмесін жасайды.
6. Кішкентай Голландия
Шанхайдан кейін екі сағаттық жолды бағындырсаңыз, Голландия патшалығына тәнті боласыз. Бір қарағанда Нидерландының өзі сияқты, бірақ, естелік сыйлықтардың барлығында қытай тіліндегі жазулар көрініс табады.
7. Кішкентай Нью-Йорк
Жо-жоқ, қытайлықтар тек қана шағын қалашықтың құрылысымен айналысады деп ойламаңыз. Олардың иелігінде Манхэттен де бар. Тяньцзиняға жақын маңдағы ескі балықшылар ауылын кесіп өткенде саңырауқұлақ секілді өсіп тұрған зеңгір үйлерді тамашалауға болады.
Қалай? Қытай сізді таңғалдырды ма?
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: vk.com