Қазақстанның ұшағы Осака қаласының әйгілі "Кансай" әуежайына бауырын төседі. Сол сәтте әдептілік пен ізгілік, мейірбандық пен қонақжайлық қасиет қанына туажақ сіңген жапон жұртының кең құшағына ендік те кеттік. Жол-жөнекей қарсы алып, басын иіп, ілтипат білдіріп тұрғандардың езуінен күлкі төгіледі. Сәл-пәл қиналып қалғаныңды сезсе, құйынперен қасыңа жетіп келеді. Жапондардың әдемі жымиысы мен ашық күлкісі алғашқы күннен-ақ жүрегімізді жылы ағыстай баурап алды.
Көшелерінен қабағы қырыстанып, шекесі тырысып келе жатқан адамды көрмейсің. Күн сайын той тойлап жүргендей қағанағы қарқ, сағаны сарқ, арқа-жарқа бір халық. Теледидардың түймесін басып қалсаң, экранда жапон біткен күлкіден өле жаздап отырады. Сондағы қызықтап жатқаны – Ресейдің "Хайуанаттар әлеміндегісіне" ұқсас хабар.
Бір жапон тасбақаның аузына таяқ тістетсе, соған бәрі күледі. Әлгі жәндік таяқты жібере салса, одан сайын шек-сілесі қатады. Күллі жапонның шегі түйіліп жатқан соң, қарап отырып жынды адамдай өзің де езу тартасың. Сөйте тұра бұл не қылған алып бара жатқан мол күлкі деп ойлайсың. Дәулеті мен сәулеті келіскен берекетті елдің адамдары болған соң сөйтетін шығар...
Ертегілер еліндей Жапонияның ғимараттары да ғажап. Біреуі біреуіне ұқсамайды. Жарқ-жұрқ еткен жарнамалардан көз тұнады. Бірінің үстіне бірін міңгестіріп салған аспалы жолдарда көлік атаулының жеті атасы дамылсыз жүйткиді.
Таксиге мінсең, фирманың шағын кеңсесіне кіргендей боласың. Министр сықылды мұнтаздай киінген, машинаның рулін ақ қолғаппен ұстап, маңқиып отырған жапон таксисі көліктен түсер сәтте қолма-қол төлем қағазын жазып береді.
Төңірек түгел жап-жасыл. Көше біткен айнадай жарқырап тұр. Бір ай бойы таптасаң да аяқ киіміңе қылау жұқпайды. Кесе шөп жатпайтын мұнтаздай көшеге темекі түтінін түсіруге қысыласың. Тәуекел деп көк түтінді будақтатып жіберсең, сені көзі шалып қалған қызметшілер лезде жетіп келіп, шағын ғана қағаз күлсалғышты ұсына қояды. Шылым шеккеніңе ұрсып, зекудің орнына қызмет көрсеткеніне қуанған кейпін көріп, жерге кіріп кете жаздайсың.
Біздің елдің бөріктілері дүние жүзіндегі ең сұлу қыздар Жапонияның арулары деп ойлайды. Күншығыс еліне табанымыз тигеннен-ақ бұл ұғымның ұшқарылығын аңғардық. Басы беліне жеткенше иіліп, езуіне күлкі үйіріп, қайта-қайта ізет көрсетіп жүрген жапон бойжеткендері кешірсін, рабайда біреуі болмаса, үріп ауызға салғандай әсем қыздар көзге шалына қоймайды. Сірә, жапон ағайындарымыз кино мен теледидарға жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан аруларды ғана тартатын болса керек.
Жапонияда жаңбыр үзілмейтін көрінеді. Алматының ауа райын еске түсіретін ақ жауын үнемі себелеп жауады да тұрады. Сыртта жүргеніңізде жауын сіркірей бастаса, көшеде самсап тұрған қолшатырдың бірін төбеңізге төңкеріп жөнеле бересіз. Жаңбыр басылғанда сол жердегі қолшатыр қондырғыларының біріне сұға салыңыз. Бітті.
Көше-көшенің бәрінде Азия ойындарының қызылды-жасылды жарнамалары жамырап тұр. Осакадан Хиросимаға жеткенше мерекенің белгісі мен бойтұмары – самғап бара жатқан көгершін мен жұбы жазылмайтын қос балапанның бейнесінен көз жазғанымыз жоқ.
Бауыржан Омарұлы
"Жұмыр жермен жүздесу"
кітабынан алынған үзінді