Әккі саяхатшылар мен белсенді демалысты жаны сүйетіндер тауға қысы-жазы шыға береді. Бірақ бұл екі мезгілдің өз артықшылығы мен кемшілігі бар. Рак на Горе диджитал-журналы оқырмандар арасында сауалнама жүргізіп, қыстыгүні тауда серуендеудің артықшылығын анықтады.
1. Көздің жауын алатын пейзаждар
Қыста қоршаған орта ақ көрпеге оранып, аппақ қар тау жоталарына сән бергендей. Таудағы қар қаладағыдай емес, жаңа жауғандай таза.
Таудың қысқы пейзажына қараймын деп көздің қарығып ауыруына душар болып жүрмеңіз. Сол үшін арнайы күннен қорғайтын көзілдірік тағу керек.
2. Жәндіктер жоқ
Қыстыгүні тауда құрт-құмырсқа, шыбын-шіркей, маса мен кенеге алаңдамауға болады. Жәндікке қарсы кремнің қажеті жоқ. Бірақ күннен қорғайтын кремді ұмытпаңыз.
3. Таза ауа және ыстық емес
Ыстықта тауға шығудың өз азабы бар. Ал қыста жаураймын деп алаңдамаса да болады. Себебі дамылсыз тауға шыққанда бойға қан жүріп, жаурап үлгермейсіз.
4. Туристер аз
Қыстыгүні туристердің қарасы азаяды. Тауда жиі серуендейтіндер үшін бұл үлкен артықшылық. Себебі тауда көп адамның жүргенін қаламайтындар көп.