Қысқы демалысқа шақыратын қалалар

Оқырман, өздеріңізге қысқы демалысқа арналған ең жайлы, ең арзан елдер туралы айтып өткен болатынбыз. Бүгін де сол тізімді жалғастырамыз. Төменде аталатын қалалар сізге естен кетпес қысқы демалысқа кепілдік бере алады.

1. Зальцбург


Сонау 1818 жылдары Зальцбург қаласында Рождество мерекесінің музыкалық нышанына айналған "Тынық түн" ("Тихая ночь") әуені дүниеге келген болатын. Онан бері қаншама уақыт өтті, австриялық қаланың түндері баяғыдай тыныш емес. Себебі, оның ақ қалпақ киген үйлері мен ақ көрпеге оранған Альпі шыңдарын, дәстүрлі жәрмеңкелерін сүйіп қалған саяхатшылар өте көп. Жаңа жылдың ғаламшарымыздағы ең басты жәрмеңкесі осы қаладағы Хоэнзальцбург сарайында өтеді.

2. Таллин


Балтық жағалауының климаты өте салқын әрі қарлы. Бұл дегенің, аппақ үлпек қардың астында жатқан Ескі қаланың кереметтей көрінісін көруге мүмкіндік бар деген сөз. Ертегі әлеміне енесіз. Әлгі, Жаңа жылға арналған ашық хаттарда бейнеленетін ортаны тамашалай аласыз. Қашап жасалған маңдайшадағы жазулар, назды көрмелер, жарқын түстер... Оған Ратуша алаңындағы жәрмеңке мен мұзда сырғанаушыларды және қуырылған бадам мен глинтвейннің (сусын) хош иісін қосыңыз. Міне, жаңажылдық ертегі дайын!

3. Берлин


Жоғарыда жаңажылдық жәрмеңкелер туралы сөз қозғап қалдық қой, ендеше Берлинді де аттап өте алмаймыз. Білесіз бе, бұл шаһарда қыстың алғашқы айында 60-тан астам жәрмеңке ашылады. Қолдан жасалған бұйымдар қойылатын Gendarmenmarkt  жәрмеңкесі, Käthe Wohlfahrt атты екіқабатты жаңажылдық дүкен, ондаған ойыншық ғимараттары, тәттілер дүкені – бәрі де балаларға арналған таңғажайып әлемді жасап тұр. Түнгі өмір тіптен қайнап жатыр...

4. Рейкьявик


Қорықпаңыз, сіз тоңбайсыз! Бәрімізде Исландияның климаты туралы стереотип қалыптасқан. Ол жақта -10 градустан төмен аяз болып тұрады. Бірақ, Рейкьявик қаласы сізді жауратпайды. Қатқан мұздың үстіндегі романтика, Көгілдір мүйістің ыстық суы, поляр шұғыласын тамашалау, киттердің өмірінің куәгері болу және Исландия табиғатының кереметтілігі... Арман емес пе?

5. Эдинбург


Шотландиялық астана қыс мезгілінде сұлулықтың шырқау шегіне жетеді. Қала саябақтары мен ғимараттары оның сәнін келтіре түседі. Мұнда келушілер ең алдымен әрбір қыс сайын ғажайып атмосфераға иелік ететін, мұз айдыны, алып шыршалар, түрлі аттракциондарымен адамды баурайтын Принцес-стрит саябағына қарай ағылады екен. Дәл осы жерде Жаңа жылды қарсы аламын десеңіз, қала көшелерін жаулаған мыңдаған факелдер мен отты шоуларды көретін боласыз.

6. Прага


Шым-шытырық жолдар, қызыл түсті шатырлар және сәулеті ынтықтыратын алаңдар саяхатшылар қауымын кез келген маусымда риза етеді. Дегенмен, чехиялық астананың қонақүйлері қыс мезгілінде лық толы болады екен. Бәрі де аппақ қардың арқасы. Қар қалаға сұлулық береді. Праганың қысқы түндерін көру қуанышын бәріңізге тілер едік...

7. Алматы


Алматының түні қашан да сұлу болған, ал, қысқы түндері тіптен керемет! Алатаудан соққан ызғарлы лепке наз айтар адамды көрмейсіз. Қала көшелеріндегі қысы-жазы жасыл көйлегін шешпейтін шыршаларға әртүрлі кейіптегі жасанды шыршалар қосылып, алуан түсті жылтырақтар мен шам тізбектері (гирлянды) ілінгенде тұрғындардың көңілдері жай тауып, қуанышқа бөленеді. Ақ қанатты қарлар жауған күні үйге кіргіңіз келмесе, таңғалмаңыз... Қаланың орталық алаңдарындағы алып шыршалар алыстан-ақ көз тартады.

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева

Сурет: vk.com,charliewilliam.com,transphoto2007.livejournal.com