- Негізгі бет
- Саяхатты сүйемін
- Қыс. Қайда барып...
Қыс. Қайда барып демаламын?
Жайдарлы жаздың аптапты ыстық күндеріне шыдай алмай, шыжып жүргеніміз кеше ғана секілді еді. Бүгін міне қытымыр қыстың қаһарлы аязына тоңып, жылы үйден шыққымыз келмей әзер жүрміз. Әсіресе, соңғы күндердегі аяз бәріміздің ұнжырғамызды түсіріп бітті. Мұндайда отыра қалып, қысқа қарғыс айтып, жазды аңсайтынымыз бар. Дегенмен, бұл табиғаттың заңы. Сіз қанша тілесеңіз де, қысты қуып, жазды шақыра алмайсыз...
Білесіз бе, ызғарлы күндерден құтылудың бір жолы бар. Кезекті демалысқа шыққан болсаңыз немесе алдағы мереке күндеріне берілген демалыс күндерді пайдаланыңыз да, дәл қазір жаз маусымы патшалық құрып тұрған алыс-жақын шетелдерге жол тартыңыз. Көңіл-күйіңіз көтеріліп, бір марқайып қалатыныңыз анық. Ал қайда барамын деген сұрағыңызға жауапты біз береміз. Таңдау өз еркіңізде!
Қазақстандық туркомпаниялар сіздерге қысқы демалыстың екі түрлі категориясын ұсынады: біріншісі – ыстық мекендердегі жағажайлық демалыс, екіншісі - таушаңғылық демалыс. Екінші нұсқа туралы келесі жолы әңгімелеуге уәде береміз, ал бүгін біз аңсап жүрген жылы жақтарға аз ғана сапар шегіп қайтайық.
Египет
Египетке жазғы демалыста ғана емес, еліңізді отыз-қырық градустық аяз жалмап тұрғанда да оп-оңай барып-келуге болады. Мұнда жыл он екі ай бойы ыстық болып тұратындықтан, кез келген уақытта сапар шегіп, күн көзіне қыздырынып келуге еш кедергі жоқ. Ең бастысы, билеттің қолжетімділігі өте жоғары. Египет басқа елдерге қарғанда билет бағасының төмендігінен көш бастап тұр. Және мұнымен демалыстың сапасы еш төмендемейді. Египетке ат басын тірер болсаңыз, жағалау кереметтерінен ләззат алып қана қоймай, әлем тарихының бастауы саналатын дүниелерге қол тигізіп, мыңға жуық жасы бар көне қалалардың куәгері атана аласыз. Ұлы пирамидалар мен Сфинкстерді көзбен көрудің өзі не тұрады?
Гоа
Гоа жерінде жағалаулық маусым қазан айында басталады және мамыр айында мәресіне жетеді. Дәл қазір маусымның нағыз белортасы болғандықтан, сапарыңызға еш өкінбейтіндігіңізге кепілдік береміз. Зеңгір мұхит жағалауындағы күлімдеген күн мен ашық аспан астындағы демалысты армандамайтын адам жоқ болар. Сондай-ақ, спортпен айналысуға, көрікті жерлер мен құнды ескерткіштерді тамашалауға мүмкіндігіңіз бар. Бағасы Египетке қарағанда қымбатырақ болғандығымен, демалысты ақтайды.
Тайланд
Тайланд жеріне бесіктегі баладан, есіктегі қартқа дейін аттануына болады. Жалқаулықтың патшалығы, жұмыссыздық, ертеден қара кешке дейін жалғасатын жағалаудағы өмір, аяқты аспанға көтеріп жату, шат-шадыман думан және асқазаныңыз үшін қайталанбас мереке... Тайланд жеріндегі демалыс сіздерге осындай рахат өмірді тарту ете алады. Алыста қалған ашулы аязды ұмытып, тап бір жаз айларында жүргендей сезімде боласыз. Айтпақшы, аты аңызға айналған тайлық массажды жасатуды есіңізден шығармаңыз.
БАӘ
Ыстық сүйгіш ағайындарымызға қайда барамын деп қам жеудің еш қажеті жоқ. Біріккен Араб Әмірлігі сіздердің тілектеріңізді толықтай қанағаттандыра алады. Мұнда әрқашан ыстық (дәл қазір +24 градус) және күн шуақты күндер жиі ұшырасады. Мұсылман қауымының ежелгі дәстүрі мен сәулет өнері үлгілерінің куәгері атанғыңыз келсе, Дубай жеріне аяқ басқаныңыз жөн.
Мальдив аралдары
Тізіміңізге Мальдив шипажайларын қосып қойыңыз. Бұл шипажайларда емдік қасиеті бар теңіз ауасы тыныс алу жолдары мен жүйке ауруларына таптырмас дауа болады. Аралдың бар әсемдікті бойына жинаған көлдерінде қалағаныңызша шомылып, армансыз қыздырынумен қатар, қайықпен және катамаранмен серуендеп, бильярд ойнап, кешқұрым киноға, мейрамханаға, би кештеріне баруға болады. Дәл қазір мұнда ешқандай жауын-шашын жоқ, ауа температурасы +30 градусты көрсетіп тұр.
Қытымыр қыстың қаһарлы күндерінен бір сәт болсын алыстап, естен кетпес демалыс өтуіңізге тілектеспіз!
Суреттер:bestshtukina.ru,tourismplanet.ru,indigo-voyage.ru,unextour.ru,jazztour.ru,moymir2.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева