Бүгінде Мехиконың оңтүстігінен 18 шақырым жерде Сочимилько атты туристік шырайлы аудан бар. Бүгінгі әңгімеміз дәл осы аудандағы саяхат бағдарына арналмаған «Қуыршақтар аралы» атты оқшау жатқан мекен туралы болмақ.
1950 жылы Хулиан Сантана Баррера атты мексикандық азамат өзінің отбасын тастап, у-шудан ада өңірге барып өмір сүру туралы маңызды шешім қабылдайды да, уақыт өткізбестен Мехиконың шетіндегі аты да, заты да белгісіз аралға аттанып кетеді.
Жігіт мұнда келмес бұрын, ел аузынан аралда суға батып өлген қыздың елесі жүреді деген алып-қашпа әңгімелерді естіген екен. Көп ұзамай сөздің рас екендігіне көзі жетіп, үрейі ұша бастайды. Содан не істерін білмей әбігерге түсіп жүргенде, жол бойынан сынып қалған қуыршақты тауып алады да, ескі наным-сенімдерге амалсыз сеніп, қуыршақ мені елестен қорғайды деген оймен талға іліп қояды.
Осы оқиғадан кейін Хулианға аралды қуыршақтар мұражайына айналдыру туралы ой келеді. Көрші аралдардан тапқан-таянған ескі қуыршақтарды алып келіп, талдарға ілуді әдетке айналдырады.
Мұндай әдеттен тыс әрекеттің куәгері болған көршілері өздерінің ескі қуыршақтарын Хулианның өсіретін жеміс-жидектеріне айырбастай бастайды. Әрекет жемісін бермей қоймады. Нәтижесінде шағын ғана арал кірленіп, сынған «қуыршақтар мұражайына» айналды.
1990 жылдары аралдың аты айдай әлемге танымал болды. Және алыстан арнайы іздеп келетін туристердің де қатары күрт көбейе түсті.
Ал Хулиан Сантананың өзі аралда жарты ғасырдан астам өмір сүріп, 2001 жылдың сәуір айында сексен жасқа қараған шағында суға батып қаза болды. Оның өлімінің себебі әлі күнге дейін белгісіз болып келеді.
Суреттер:fish32.livejournal.com,arrivo.ru,travel.tochka.net,ya-ru.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева