Күрең күздің көңілді мерекесі

Күрең күздің көңілді мерекесі

Күзді көңілсіз, мұң сыйлағыш, жаңбырлы мезгіл деп жатамыз. Алайда, күздің қоңыр күндерінде де көңілді мерекелер ұйымдастыруға болады екен. Мұндайды ойлап тапқан сауықшылдар – қытайлықтар мен вьетнамдықтар. Олар жыл сайын күздің орта тұсында «Ай» фестивалін салтанатты түрде атап өтеді. Фестиваль қытай күнтізбесі бойынша сегізінші айдың он бесінші жұлдызында өткізіледі. Ал григориан күнтізбесі бойынша қыркүйек айының аяғына немесе қазанның басына тура келеді, яғни аспанда айды толық көруге болатын уақыт – фестивальдің басталатын кезі.

Бұл түні барлық тұрғындар көшеге шығып, түнгі шырақты тамашалаап, арнайы дайындалатын «айлы пірәндіктерден» дәм татады.

Қытайлықтар мен вьетнамдықтар ай толып біткенше бүкіл астықтарын жинап бітулері қажет. Өйткені, түнгі дөңгелек шырақ – молшылық пен құнарлылықтың нышанын білдіреді.

Қытайлықтар бұл түні ежелгі наным-сенім бойынша, Айдың мифтік тұрғыны – Чаньэнің көңілін табу үшін әртүрлі жұпар иістер шығарады. Қандай тұрғын дейсіз бе? Бағзы замандарда Чаньэ мен Хоуй атты ғашық өмір сүрген екен. Күндердің күнінде Чаньэ байқаусызда ажалсыздықтың дәрісін ішіп қояды да, айға ұшып кетеді. Ал, сүйіктісінен айырылған Хуой күнге кетеді. Содан бері ғашықтар жылына бір рет, дәл осы сегізінші айдың он бесінші жұлдызында ғана кездесе алатын болыпты-мыс.

Ай фестивалі кезінде тірлік қыз-қыз қайнап, сауық-сайран патшалық құрады. Астықтарын жинап болған шаруалар сабан тойларын жасайды.

Барлық отбасылар түні бойы қыдырады, әсіресе бұл мерекені жас балалар асыға күтумен болады. Олар мерекеге арнайы дайындалған айлы пірәндіктерді армансыз жеумен болады.

Айтпақшы,  аталған пірәндіктер жай ғана тәтті тағам емес, олар Қытай тарихында алтын әріптермен жазылған екен. Сонау XIV ғасырда қоғам қайраткерлері осы пірәндіктердің көмегімен Юань әулетіне қарсы көтеріліс ұйымдастырған. Пірәндіктің қандай көмегі болсын деп таңданып та отырған боларсыз. Ендеше біле жүріңіз! Ел басына күн туған қиын-қыстау кезеңде, белсенді Лю Футун жиналыстар жасауға болмайды деген тыйым қойылса да, осы пірәндіктерге билікті құлату туралы хаттар жазып, бүкіл халыққа таратқан көрінеді.

Суреттер:ru.admissions.cn,hao123.ru,blog.i.ua,dv-reclama.ru

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева