Құм дала, шөлейт десе, баршамыздың көз алдымызға елсіз-жерсіз мекен елестейді. Алайда, сізге бұл пікіріңізді өзгертуге тура келеді. Өйткені шөлейтті мекендерде де таңғажайып ғимараттарды көруге болады екен.
Мұның дәлелі - Юта шөліндегі Амангири қонақ үйі. Амангри сөзі «бейбіт тау» деген мағынаны білдіреді. Қонақ үйге қарап отырып, тап бір сахарада байқаусызда жоғалып қалған жақұт дерсіз. Иә, дәл солай! Жоғалып қалған! Өйткені оның жобасы о баста табиғи ортаға арнап жасалынған.
Ғимарат тұрғызылған орын кезедейсоқ таңдалмаған: қонақ үйді жан-жақтан табиғи жартастар қоршап жатыр, ал туристік кешеннің терезелерінен Ұлы баспалдақ – Эскаланте ұлттық ескерткішінің керемет көрінісін тамашалауға болады.
Амангири қонақ үйі ғимараттың табиғатпен тұтасып кетуі үшін табиғи материалдардан соғылған. Көзге көрнекті көрінетін қызыл қоңыр түстер қонақ үйді таудың табиғи түсімен бірдей етіп көрсетіп тұрады. Құрылысшылар қоспаны дайындау үшін құм мен цементті пайдаланған. Сәулетшілердің ұшқыр ойларын жүзеге асыру үшін арнайы бетон зауытын ұйымдастыруға тура келген екен.
Жаңадан тұрғызылған демалыс орнына жету аса қиын емес, ғимарат Аризонаның Пейджа қаласынан 15 минут жерде орналасқан. Мұнда келген туристің көзіне ең алдымен жартастардың ортасынан орын тепкен бассейн түседі. Қонақ үйде бар болғаны 30 бөлме, сондай-ақ сурет көрмесі, кітапхана бар.
Айтпақшы, Амангири құмда жоғалған жалғыз ғана жақұт емес, сіздерге бұған дейін Гоби шөліндегі осындай таңғажайып құрылыс туралы баяндаған болатынбыз.
Суреттер:lifeglobe.net,kulturologia.ru
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева