Әлемде 1998 жылдан бастап ит-мысықтармен бірге ас ішуге болатын мейрамханалар көбейіп келеді. Ал керікпен кешкі ас ішу деген ілуде бір рет. Керікпен бетпе-бет кездесіп, оның сіздің алақаныңыздан қалай дәм татқанын көре аласыз.
Найробида (Кения) Giraffe Manor бутик-қонақ үйі қонақтарын осылай таңғалдырып жүр. Қонақ үйдің ерекшелігі сол – жабайы табиғатқа көз салып, тұрғындарымен тіл табысуға болады.
Ғимаратты 6,1 гектар жерімен қоса 1974 жылы ерлі-зайыпты Джок және Бетти Лесли-Мелвилстер сатып алған. Кейін 24 га жерді тағы сатып алған, артынша 16 га жерді сыйға алған. Осылайша қорықша аумағы үлкейе берген. Кениядағы керіктердің азайып бара жатқанына жаны ашыған жұп осы қорықта керіктер қорғалатын болды. Бір қызығы, қағида бойынша керіктерге қорыққа, қорға еңбегі сіңген адамдардың есімдері берілуі керек.
1983 жылы Бетти Лесли-Мелвилстің алғашқы отбасынан туған Рик Андерсон атты ұлы жұбайымен осы қорыққа көшіп келіп, керіктерді тамақтандыра отырып, ас ішетін қонақ үй ашқан. Зәулім үйде терезесінен керік сығалайтын алты жатын бөлме бар.
Алайда, оларды дастархандағы тамақтармен тойдыруға рұқсат берілмеген. Қонақтарға керіктерге беруге болатын жем салынған кішкентай сөмке беріледі. Олардың адамға үйренгені сонша, алғысын білдіріп, тамақтандырған қонақтың бетінен сүйіп кетеді екен.